Мәдениет

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы»:

Былтыр өңірде 12 жоба жүзеге асырылған

Өткен жылы өңірде 2021-2024 жылдарға арналған «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жол картасы аясында 12 жоба жүзеге асырылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Бұл туралы «Аймақтың киелі географиясы. Жаңа сәулет құрылыстары. Тарихи-мәдени мұра нысандары» тақырыбында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали айтып берді.

Жалпы, «Киелі Қазақстан» жобасы өңірімізде 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін жоба шеңберінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Мысалы, Темір ауданы Тасқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан Сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлердің, яғни «Алтын адамның» табылуы, археологиялық материалдарға консервациялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізіліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспозициялануы, тағы басқалар бар. Ал былтыр 2021-2024 жылдарға арналған «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жол картасы аясында облысымызда 12 жоба жүзеге асырылды, — деді А.Юнисова.

Аталған жобалардың қатарында Ақтолағай тауларын зерттеу және оның маңында шоғырланған тарихи-мәдени мұраларды түгендеу, Едіге әмірдің және Исатай Тайманұлының жерленген орындарын анықтау мақсатында этнографиялық экспедиция және археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыру, Мұғалжар ауданындағы «Төлеубұлақ» үңгірінің петроглифтері мен оның тарихи-мәдени аймағын зерттеу, сондай-ақ сол маңдағы бұлақтар аумағында неолит дәуірінің ескерткіштерін анықтау, «Жезді» қалашығы, Байғанин ауданындағы Доңызтау аумағындағы ерте көшпенділердің археологиялық ескерткіштерін зерттеу, Қарғалы ауданы Қосестек ауылы маңындағы қола дәуіріне жататын Тараңғұл қонысы мен қорымына қазба жұмыстарын жүргізу, т.б. бар.

— Өткен жылы біз ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі араб графикасымен жазылған ескерткіштерді зерттеу, анықтау, тіркеу жұмыстарын жүргіздік. 2021 жылы бұл бағыттағы жұмыстар Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында жүргізілді. Нәтижесінде 600-ден астам құлыптас табылып, олардағы  жазуды аудару жұмыстары жүзеге асты. Алдағы жылдары басқа да аудандарда мұндай бағыттағы жұмыстарды жүргізетін боламыз, — деді музей директоры.

Өткен жылы «Ақтөбе облысының сакралды географиясы» атты ұжымдық монография жарық көрген. Кітап үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын), атап айтсақ, 500 данасы қазақ тілінде, 300 данасы орыс тілінде, 200 данасы ағылшын тілінде, барлығы 1000 дана таралыммен шыққан. Сондай-ақ былтыр ұлттық тарихи-мәдени мұраны жергілікті, республикалық және халықаралық деңгейде насихаттау аясында «Солтүстік Үстірт (Доңызтау) аймағының аса көрнекті халықтық сәулет өнерінің ескерткіштері» атты деректі фильмнің бірінші бөлімі түсірілген. Деректі фильм екі тілде әзірленген, ұзақтығы — 40 минут. Сондай-ақ былтыр Абат-Байтақ қорымының аумағына абаттандыру жұмыстары, Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымының жанынан заманауи үлгідегі қонақүйдің құрылысы, Досжан хазірет кешеніндегі мешітке консервациялау, қонақүй, музей, барельефтің құрылысы жүргізілген. Биыл бұл нысандарды әрі қарай күтіп ұстау мақсатында орталықтандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ.

Брифинг соңында басқарма басшысы мен музей директоры әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауап берді.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button