Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік  жолында

Биыл еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосқан көптеген саяси қозғалыстар мен ұйымдардың құрылғанына да 30 жыл толып отыр.

Жақында Ақтөбеде «Алдаспан» қоғамдық-саяси бірлестігі мен «Азат» қозғалысының 30 жылдығы аталып өтті. Шараға Алматыдан арнайы келген жерлесіміз, бүгінде С.Асфендияров атындағы Алматы ұлттық медицина университетінің профессоры Амангелді Тыныбеков пен Ақтөбедегі №2 қалалық емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаровты әңгімеге тартқан едік.

Амангелді Тыныбеков «Азаттан» бұрын өңірде белсенді азаматтардың бастамасымен «Алдаспан» қоғамдық-саяси, мәдени бірлестігі құрылғанын, осындай қоғамдық ұйымдардың бел ортасында Қазақ елінің болашағына алаңдайтын, әсіресе, сол кезде жойылып бара жатқан қазақ тілі мен ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуды ойлаған 25-40 жас аралығындағы ақтөбелік патриоттар жүргенін айтты.

Қайырбек Тоқтаров:

— «Азатта» жүрген кезімізде Кеңес Одағына тарайтын «Аргументы и факты» газетіне елге қайтқысы келетін қазақтарды шақырып, хабарландыру беріп жібердік. Содан кейін Кеңес Одағының әр қиырындағы қазақтардан көптеп хат келе бастады. Мақсатымыз — қазақтарды әрі әр саланың мамандарын елге шақыру. Ойлап отырсақ, азаттықтар сол кезде-ақ қазіргі көші-қон басқармасының жұмысын атқарып, шетелдегі қазақтарды елге тарту мәселесін бастап жіберген екен. Кейін бірнеше қазақ отбасы Ақтөбеге көшіп те келді, — дейді.

Ал Амангелді Тыныбеков Ақтөбедегі кооперативтік техникумда өткен бір жиында облыс аралап жүрген «Азат» қозғалысының негізін қалаушы төрағаларының бірі Сәбетқазы Ақатаевтың сөйлеген сөзіне риза болып, «Азат» қозғалысына мүше боп кіргенін айтып берді.

— 1989-1994 жылдары мен осы «Азат» қозғалысы атынан Ақтөбедегі облыстық кеңестің депутаты болдым. Тіл, мектеп, жер, үй  салу мәселелері жиі көтерілетін. Сол уақыттағы күйіп тұрған мәселенің бірі — баспана жағдайы еді. Біз осы мәселені ойлана келе, «Азат» қозғалысының Батыс аймағы бойынша үйлестірушісі Серік Ерғалидың ұсынысымен «Отау» өндірістік құрылыс бірлестігін құрып, оны тіркеп, баспанаға мұқтаж 30 адамның арызын жинап, сол кездегі қала әкімі Сержан Жаманқұловқа кірдік.

Сол кезде қазақтарға жаны ашып, көмектескендердің бірі — марқұм Сержан Боранқұлұлы. Ол сол кезде «Отауға» жер телімдерін бөлуге уәде етіп, уәдесінде тұрып, жер аламын деген қазақтардың бәріне де қаламыздағы Оңтүстік Батыс аумағынан жер телімін бөлді. Жер теліміне ие болғандар үй салуға кірісті. Серік Ерғали «отаулықтарға» арнаулы техника мен көлік, құрылысшылар табуға көмектесті. «Қысқасы, бұл жағдай халық арасында Азат қозғалысының беделін арттыра түсті, — деді Амангелді Тыныбеков. Осындай игі істердің басы-қасында Серік Ерғали, Сейілхан Мұстафин, Көшкінбай Ахметов, Айтқали Италиев, Серік Сапарғалиев секілді біраз азаматтар жүрді.

Одан әрі ол сол кезде күйіп тұрған тіл мәселесінің әлі де өзекті екенін сөз етті. Сондай-ақ тілін менсінбеген адамның жерді іздеп бас ауыртпайтынын, сондықтан да елдің ертеңіне алаңдайтын әр қазақ балаларының қазақ тілінде білім алуын қадағалау керектігін айтты. Амангелді Тыныбеков 1995 жылы Ақтөбеден Алматыға көшіп, медицинамен шұғылданып, докторантура қорғайды.

— Біздер асығамыз, бәрі тез болғанын қалаймыз. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген де сөз бар. Айталық, Түркияның Түркия болуына 100 жыл керек болды. Дамыған елдер қатарында тұруымыз үшін біздің елге әлі де уақыт керек шығар, бәлкім. Мысалы, қазір біз «Эйр Астана» ұшағымен ұшамыз, бұрын біз «Ту» ұшағымен ұшатын едік. Жарты күн құлақ ауыратын еді. Қазақ мектептері көбейді, бұрын саусақпен санарлық еді. Салыстырмалы түрде жағдайымыз жақсы. Еліміздегі игілікті істердің бәрі — Тәуелсіздіктің арқасы, — дейді Амангелді Тыныбеков.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button