Үшінші белес: айтулы оқиғалар, есте қалған сәттер
Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» — деп атап өткен еді.
Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын Қазақстан әлемге танылған, шекара мәселесі біржола шешілген, болашағына сеніммен қарайтын мерейлі мемлекет ретінде өткерді. Сол жылдарға тағы бір көз салсақ:
Ең басты ұйыстырушы құндылығымыз…
2016 жылы еліміз өз тәуелсіздігінінің ширек ғасырлық тойын атап өтті. Осыған орай тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация қабылданды. 23 қарашада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Декларацияда:«Біздің тұтас мақсатымыз — Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз — тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек», — деп атап көрсетілген.
Сондай-ақ осы жылдың наурыз айында Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл еліміздің тарихындағы жетінші парламенттік сайлау еді.
2016 жылғы тағы бір маңызды оқиға — Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы. 6 қазанда Қазақстанға әкелінген бас сүйек Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Тасты ауылы маңына жерленді. Кейкі Көкембайұлы — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген.
Осы жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 3 алтын, 5 күміс, 10 қола, яғни барлығы 18 медаль жеңіп алды. Бұл — Олимпиададағы жүлделер саны жөнінен еліміз үшін әзірге ең жоғары көрсеткіш.
Осы жылы Ақтөбеде медициналық кластер құру аясында «Aktobe medical center»көпсалалы ауруханасы құрылды. Ол — Батыс өңірдегі ең ірі медициналық мекеме. Мұнда бүйрек, бауыр алмастыру секілді өте күрделі операциялар жасалады.
Бұл жыл, өкінішке қарай, ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірімен де есте қалды. Бұл — 5 маусымда Ақтөбеде Ұлттық гвардияның 6655-бөліміне, «Паллада» мен «Пантера» дүкендеріне жасалған террористік шабуыл. Осыған байланысты 9 маусымда елімізде азалы күн жарияланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды
2017 жылғы сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шықты. Сөйтіп, Елбасы тапсырмасы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Соның аясында 26 қазанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлық шықты.
Осы жылы ел астанасында «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Ал көрменi тамашалаушылар саны 4 миллионнан асты. Олардыңарасында 178 елдiң өкiлi болды. «Нұр Әлем» павильоны қазір музейге айналды.
Осы жылы Ақтөбеде «Туған жер» республикалық форумы аясында Шағармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» орталығы, Жекпе-жек сарайы және Өнер орталығы ашылды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі
2018 жылы елордамыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілді. Қазақ елінің жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткен еді. Ел астанасын Алматыдан көшіру туралы бастама ресми деңгейде 1994 жылғы 6 шілдеде Н.Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде айтылды. Депутаттар қолдап, елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берілген қаулы қабылданды. Ал 1997 жылдың 20 қазанында елорданы Ақмола қаласына көшіру туралы Президент Жарлығы шықты. 1998 жылдың 6 маусымында Ақмола қаласының аты — Астана болып, ал 2019 жылдың 20 наурызында Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.
Астана көшірілген тұста бұл қалада 280 мың тұрғын болса, қазір тұрғындарының саны 1,2 миллионға жақындады.
2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда V Каспий саммиті өтті. Оған осы теңізді жағалай орналасқан Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран және Ресей мемлекеттерінің басшылары қатысты. Осы алқалы жиында алғаш рет Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалды.
2018 жылы Ақтөбеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бүгінгі күні музей қорында 115 мыңға жуық жәдігер бар. Бұл — еліміздің музейлері арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі.
Жаңа Президент сайланды
2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтататыны жөнінде мәлімдеді. Ол өз мәлімдемесінде: «Халқым маған Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалғанын білесіздер. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдайлар орын алды. Ішкі жалпы өнім екі есеге қысқарды, азық-түлік тауарлардың тапшылығы сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың барлығы тоқтап қалды. Бұл сынақ болатын. Біз осы сынақтан өтіп, Қазақстанның даму жолына белсене кірісіп кеттік», — деді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды КСРО-ның кезінен, 1989 жылдың 22 маусымынан бастап, яғни 30 жыл уақыт бойы басқарды.
ҚР Конституциясына сәйкес ел Президентінің өкілеттілігі тоқтағаннан кейін ел басқару өкілеттілігі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Ал 9 маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Оның нәтижесінде сайлаушылардың 70,96 пайызының дауысын алған Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Президент болып сайланды.
Осы жылы біздің облыста да іргелі істер атқарылды. Мысалы, өңірімізде жалпы көлемі 1 миллион шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қарғалы ауданында қуаттылығы 48 мегаватт болатын жел электр стансасы іске қосылды.
Ұлы ақынның мерейтойы
2019 жылдың соңында бірқатар елдерде коронавирус індеті таралып, ал 2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жаңа індеттің әлемдік пандемияға айналғанын мәлімдеді. Осыған байланысты 2020 жылдың 15 наурызында елде төтенше жағдай жарияланды. Көптеген мекемелер қашықтан жұмыс істеуге, ал оқу орындары қашықтан білім беруге көшті. Пандемия еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді.
Соған қарамастан, 2020 жыл қазақ елі үшін руханият саласындағы айтулы оқиғалармен есте қалды. Осы жылы түркі әлеміне ортақ көне жәдігерлерінің бірі — Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы UNESCO көлемінде аталып өтілді.
Қазақ тарихының көне парақтарының бірі — Алтын Орда хандығының құрылғанына 750 жыл толуына орай елеулі шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ бүкіл түркі, тіпті мұсылман жұрттарына ортақ ұлы тұлға Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары да елімізде кең көлемде атап өтілді.
Осы жылдың 13 шілдесінде елімізде коронавирус індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды жалпыұлтттық аза тұту күні жарияланды.
2020 жыл елімізде Еріктілер жылы болып жарияланды. Айналасына, жақындарына, еліне, жұртына еш қайтарым күтпеу қызмет қылу — халқымыздың қанында бар қасиет. Еріктілер жылын жариялау арқылы сол ізгі қасиетті жаңғырту көзделді.
Елдегі барлық шараларға, әрине, ақтөбеліктер де өз үлесін қосты. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясындаАқтөбеде ұлы ақынның ескерткіші ашылды.
Тарих беттерін парақтаған А. САРЫБАЙ.