Облыстың отыз жылдағы жетістіктері
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.
Ұлы даланың төсін тұлпардың тұяғымен дүбірлетіп, ұлан-ғайыр аумақты мекен еткен ежелгі Дешті Қыпшақтан тараған ұлттар мен ұлыстар өз алдына дербес ел болып шықса да атамекені болған қазақ жерін ешқашан ұмытқан емес. Қазақ елі өз тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткізді, шарықтап даму да, қамығып құлазу да болды. Ғасырлар бойы аңсаған азаттық үшін арпалыстан бір сәт дамылдамады, дүркін-дүркін бас көтеріп, күрес жолында қаншама арыстарымыз құрбан болды. Осыдан отыз жыл бұрын қызыл империяның құрсауынан босап, өз алдына тәуелсіздігін жариялағанда бір елдер алақайлап, бөркін аспанға лақтырса, енді бірі сыртқа шығармағанымен, іштей тілеулестігін білдіріп отырды. Елдің еркіндігін қош көрмеген енді бірі «көрерміз, ертең күн көре алмай, қайта келерсіңдер» деген есекдәмемен іштері күйсе, енді бірі сол кезеңдегі әлемдік сарапшылардың пікіріне сүйеніп, біздің іргелі елге айналуы екіталай болатындығын болжап, бал ашты. Өйткені біздің елдің теңіз жағалауынан алыстығы мен теміржол, автомобиль жолдарындағы көрші елдерге тәуелділігіміз енді қалыптасып келе жатқан экономикалық дамуға кері әсер береді деп тұжырым жасады. Қуат көздерін өңдейтін өндіріс орындарының аздығы және энергетикалық тәуелділігіміз бен инфраструктуралық құрылымдардың жетіспеушілігін өндіріс қуатының кемдігіне әкелетін басты факторлардың бірі деп санады. Қаржылық институттарының кемшіндігі мен мемлекетке тиесілі ұлттық валютаның жоқтығын, алтын қордың жетіспеушілігін де кемшілік етіп көрсетті. Тағы да осындай Кеңес дәуірінен мұра болып қордаланып қалған біраз мәселелеріміз болған. Оны жоққа шығаруға болмас. Дегенмен ол болжамдардың барлығы да жоққа шықты. Себебі олар бір ғана фактор, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев феноменін ескермеді. Қамқор азамат дәнекер болар дегендей, оның тұлғалық және дипломатиялық деңгейін объективті түрде бағалай алмады.
Өз алдымызға дербес ел болу бақыты біздің буынның маңдайына жазылған бақ болды. Оның соған сәйкес сынағы да, жауапкершіліктің салмағы да аз болған жоқ. Мінеки, ата-бабаларымыздың сол ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздігіне қол жеткізіп, оның нығметін көріп отырғанымызға отыз жыл толды.
Қазақ деген ұлттың жаһандық даму үрдісіне қосатын өзіндік үлесі болатынын дәлелдедік. Оның айғағы — біздің жастарымыз. Олар білім сайыстарында алдыңғы орындағы жүлделерді иемденіп, елдің әлеуетін көрсетті, үмітін ақтады. Алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, әлемдік көшбасшы ұйымдар мен мекемелерде абыройлы еңбек етуде. Қазақ спортшылары әлемдік додаларда талай рет жеңіске жетіп, елдің абыройын асқақтатты. Әнұранымыздың әуезін әлем тыңдап, көкке көтерілген туымызға тамсанып қарады. Енді ғана егемендік алған елдің тізгініне ие болып, оны аяғынан нық тұрған елге айналдыру салмағы өлшеусіз сынақ. Ондай сыннан сүрінбей өту — мыңның біріне ғана бұйырған бақ.
Бұрын да айтып жүрген ойым, тағы да айтқан артық болмас. Енді ғана тәй-тәй басқан елдің қалыптасу кезеңі оңай болған жоқ. Оның бірқатарын жоғарыда айтып өттім. Осындай күрделі кезеңде тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Тәуекелге барды. Елдің келешегі үшін батыл қадамдар жасады. Әлемдік қауымдастықтың сеніміне кірді. Инвестиция тартты. Ол үшін алпауыт компанияларды елге шақырды. Өз мүмкіндіктерімізді екшей отырып, екіжақты тиімді шарттармен келісім жасады. Қазақша айтқанда, «өгізді де өлтірмеді, арбаны да сындырмады».
Мұндай сәтте көрегендік те, асқан ептілік те қажет. Ол да оңайға түскен жоқ. Осы аралықтағы бастан кешкен ауыртпашылықтың салмағы ғасырға жүк болғаны сөзсіз. Нарықтық экономикаға сай ахуал қалыптастыруда тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тума таланты мен саяси шеберлігін көрсетті. Ал оның әлемдік деңгейдегі саяси тұлға екендігін жаһандық қауымдастық мойындады. Мұның бәрі де біздің көз алдымызда болған жайттар. Алдыңғы буын өкілдері — сол тарихтың тірі куәгерлері. Ал жастарымыз мұны есте ұстауы керек. Сабақ алуға тиіс. Елбасының мемлекеттік жүйені жаңадан қалыптастырудағы бірқатар істерінің тек оң нәтижесін көрудеміз.
- Атқарушы құрылымдарды оңтайландырып, заң қабылдаушы қос палаталы Парламентті, дербес сот жүйесін қалыптастырды. Әлемдік талаптарға сай жаңа заңдарымызды бекітіп, заңнамаларды, нормативтік-құқықтық актілерді әлемдік стандарттарға сай реттейтін талап қойды.
- Кедендік бекеттерімізді белгілеп, шекарамызды шегендеді. Ел қорғанына лайықты әскер құрды.
- Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі елдердің басым көпшілігімен дипломатиялық қатынастар орнатты.
- Транспорттық, энергетика-қуат көздеріндегі дербестігімізді қалыптастырды.
- Жердің тұтастығын, түрлі этностар арасындағы татулықты сақтап қалды.
- Сол кездегі қаржы тапшылығына қарамастан, озық елдердің білімі мен тәжірибесін үйренуі үшін жастарымызға «Болашақ» бағдарламасымен жол ашып берді.
- Тарихымызға терең бойлап, тұмшаланып жатқан небір жасырын сырлардың жұмбағын шешіп, мәдени мұра-рухани құндылықтарымызбен қауыштырды. Көне дәуірден қалған көмескі іздерді тауып, кім болғанымызды, қандай болғанымызды анықтап берді. Барымыз бен нарымызды тарих парақшасына өшпестей, таспен ойып тұрып жазуға мүмкіндік жасады.
- Мемлекеттік қызметтің барлығын әлемдік стандартқа сай оңтайландырды, цифрлық жүйеге енгізді.
- Елордамызды жаңалап, Ұлы дала төрінен ойып тұрып жаңа қала салды. Өңірлердің де өңі кірді. Түркістанды түлетті.
- Егемен елдің талабына сай атрибуттарымызды толықтай жетілдірді. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды қалықтатты. Ана тіліміздің әуезді үнін Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бүкіл әлемге естіртті.
- Бір сөзбен айтқанда, ел болып қалыптастырды, мемлекет ретінде нығайтты. Осындай нығметтің барлығын Алланың қалауымен тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іске асырды.
Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде ел еңсесін тіктеді. Тұрмыс түзелді. Әлеуметтік жағдайымыз едәуір оңалды. Көрер көзге жасалған игілікті істер жетерлік. Сонымен қатар әлемге үлгі болатын абыройлы істерді атқарды.
Бәріміз куә болдық, Елбасы 2019 жылы 19 наурызда ҚР Президенті лауазымынан өз ықтиярымен бас тартқан еді. 2021 жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы лауазымын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырды. Транзиттік тәсілдің осындай батыл қадамына әлем саясаткерлері оң бағасын берген.
Күні кеше, 23 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіліп, партия төрағалығын да Мемлекет басшысына тапсыратыны жөнінде шешім қабылдады. Яғни дәл және әділ сөйлейтін шешендігі өз алдына, көнеден келе жатқан дана бабаларымыздың жолын бүгінгі заманауи талаптармен астастырып, «майдан қыл суырғандай» жымдастырған кісілік келбетімен өмірден көргені көп, елден ерек білікті тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді
Осы отырыста сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқтала келе: «Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары жөнінде оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етуде», — деді.
Елбасы сонымен қатар адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келгенін еске сала келіп, бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын екендігін атап өтті. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы екендігін атап өтті. Осы орайда жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
«Бұл отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» деп ағынан жарылды. Енді сол дуалы ауыздан шыққан нақыл сөздерге тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Бірінші. Тәуелсіздікті нығайту — экономиканы нығайту.
Бұл — барша халықтың еңбегімен келген нығмет. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажеттігін атап өтті.
Екінші. Бірлік пен келісім — елдігіміздің мызғымас тұғыры. Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болатынын еске салды.
Үшінші. Жер — ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер — тұтас ұғым.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр — қоғамның алтын діңгегі. Отанға деген сүйіспеншілік өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады. Отбасы — ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт.
Бесінші. Ұлттық мәдениет — халықтың рухани тірегі. Біз — тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз. Болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз. Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек.
Алтыншы. Білім мен еңбек — бақуатты өмірдің кілті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек деп атап өтті.
Жетінші. Прагматизм — бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек. Осылайша біз тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз. Елдіктің жеті тұғыры дегеніміз — осы!» — деп қорытындылаған еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Енді отыз жыл егемендік өңір тұрғындарына не берді? Тұрмысына қандай өзгерістер әкелді дегенге келсек, өңіріміз Ұлт көшбасшысы — Елбасының көрегендігі мен қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында өз дамуында үлкен табыстарға жетті. Яғни осы уақыт өлшемінде халықтың өмір сүру сапасы едәуір артты. Өңір экономикасында жыл сайынғы өсу үрдісі бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кеңестік дәуірде қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, бірқатар қиындықтар туындады. Көрші елдің электр қуаты күшіне зәру болғандықтан жарық қайта-қайта өшірілетін. Талай күндеріміз бен түндеріміз жарықсыз өткенін еліміз ұмытпаған болар. Сол қиындықтардан Елбасымыздың өзі алып шықты. Өңіраралық «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» 500 кВ электр беру желісін іске қостырып, батыс аймағының энергетикалық қажеттілігін толықтай қамтамасыз етті. Ұзындығы 400 шақырымнан астам Хромтау-Алтынсарин теміржол желісін салдырып, нәтижесінде көрші елдің шекарасындағы кіріптарлықтан құтқарды. Орталық және Батыс өңірлер арасын теміржол қатынасымен қамтамасыз етіп, Елордамен арадағы жолды қысқартты.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының құрылысына көңіл бөліп, нәтижесінде, халықаралық транзиттік дәлізді қамтамасыз етті. Осы жолдардың шарапатымен өңіріміздің кезінде дағдарысқа ұшыраған аудандарының шырайы кіріп, қайтадан жандана бастады. Жол бойында қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бой көтерді. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Жергілікті тұрғындар мал өнімдерін тиімді бағамен өткізетін болды. Сәйкесінше, ауыл халқының ырзық-несібесі молайды. Тұрмысы түзелді. Жалпы, өңірлік өнім (ЖӨӨ) 30 жыл ішінде едәуір ұлғайды. Ақтөбе облысы өнеркәсіптік аймақ ретінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.
Тәуелсіздік кезеңінде пайдалануға берілген біздің бірқатар ірі және маңызды инвестициялық жобаларымыз «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазхром» сияқты өндіріс орындары өнімдерін ұлғайтып, экспорт ауқымын кеңітті. ТМД-мен қатар Еуропа, Қытай Халық Республикасы, Жапониядай алпауыт елдерін қамтып, трансұлттық компанияларға айналды.
Тәуелсіздік кезеңінде ашылған «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» — әлемдегі Аустрия және ҚХР сияқты елдерден кейін үшінші, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы жоғары сапалы, жаңа, заманауи рельстер шығаратын жалғыз зауыт 2018 жылы «Қожасай» кен орнында «Gas Processing Company» заманауи газ өңдеу кешені салынып, пайдалануға берілді.
2020 жылы Қарғалы ауданында «Arm Wind» жел электр станциясының бірінші кезеңі іске асырылды. Бұл трансұлттық — Италия еліндегі ENI компаниясының жаңартылатын энергия көзінің әлемдегі алғашқы жобасы. Жалпы, қуат көздерінің әлеуетінің қолжетімді болуы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететіні анық. Көгілдір отын кеңес дәуірінде де шешімін толық таппаған мәселе болған. Мұнай өндірісіндегі ілеспе газ өңделмей, далада бекерге ысырап болып, факельдерде жанып тұратын. Сонда кейбір ауылдың газкомпрессор стансасының қызметкерлері тұратын жартысында газ бар болса, ал қарапайым шаруалар тұратын жақта газ жоқ болып, олар көмір жағып, күл шығарып қиналған еді. Экономикамыз әлденіп, жағдайымыз жақсарғаннан соң бұл проблеманы да біртіндеп шеше бастадық.
Егер 1991 жылы газ отынымен облыс тұрғындарының тек жартысы ғана қамтылса, бүгінде ол көрсеткіш екі есеге өсті. Көгілдір отынның игілігін өңір тұрғындарымен 92,5%-ы көріп отыр. Сол кезеңде халықтың тек 68%-ы таза ауызсуға қол жеткізген болса, ал бүгінгі күні халықты орталықтандырылған сумен толық қамтып, 97%-ға жеткіздік.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан күш алды. Инвестиция құйылып, жаңа техникалар сатып алынып, озық технологиялар енгізілді. Өңірімізде мал басы да артты. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу дұрыс жолға қойылды. Бұл салада өңірдің 100-ден астам кәсіпорны қызмет жасайды. Осы мекемелердің жиырмаға жуығы — ірі экспорттаушы кәсіпорындар.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 40 мың гектардан асты. Бұдан басқа бұрын-соңды болмаған, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана пайда болған жылыжайлардың ауданы 48 мың гектарға жетті. Өнімдері ішкі нарықты да қамтамасыз етіп, экспортқа да шығарылуда.
Тәуелсіздік кезеңінде түгелге дерлік медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жақсартылды. 150-ден астам жаңадан медициналық нысан салынды. Балабақшалар саны сегіз есеге ұлғайды. Соның нәтижесінде балабақшамен қамту он есеге жуық өсті. Яғни 9%-дан бүгінгі күні 87,3%-ға дейін өсім көрсетті. Сондай-ақ орта білім беру инфрақұрылымы жақсарып, 160 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Яғни соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектебін, төрт бірдей облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын, жеті гимназия, он бес мектеп-гимназиясын, инновациялық режимде жұмыс істейтін үш мектеп-лицейін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар тәуелсіздіктің жылдарында мәдениет және өнер мекемелері де екі жарым есеге ұлғайып, 480-ге дейін жетті. Сондай-ақ осы жылдарда облыста 600-ге жуық спорт нысаны іске қосылды. Осындай өмір сапасының жақсаруы нәтижесінде тұрғындарымыздың өңірдегі орташа жас көрсеткіші 67 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды. Облыс халқының саны жыл санап өсуде. Тек Ақтөбе қаласының тұрғындарының өзі екі есеге дейін көбейіп, жарты миллионнан асты. Ауылдарымыздың өңі кіріп, замануи көп қабатты жаңа үйлер бой көтерді. Көшелерге асфальт төселді, жаяу жүргіншілер жолағы салынды. Көшелер жарықтандырылып, жаңадан саябақтар мен скверлер пайда болды. Мұның барлығы да Елбасының көрегендігі мен сарабдал саясатына сенім артқан, сабырлық пен шыдамдылық көрсетіп, елдің береке-бірлігін сақтаған халқымыздың жеткен жетістігі. Осы жетістіктерімізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрмен қарай жалғастырып, ұдайы еселеп арттыруда. Өз кезегінде әлемдегі ең ықпалды деген мемлекеттердің өзімен тереземізді тең ұстап, өзара ынтымақтастыққа бағытталған салмақты саясат жүргізуде. Еліміздегі саяси тұрақтылық, барлық салада даму үрдісі, өзара татулық пен тыныштық бар. Мұндай нығметтерге біреу жетті, біреу жетпеді. Осындай мамыражай ел болуды аңсап, жете алмай жүрген қаншама ұлттар бар. Қай уақытта да біздің жағдайымызды ойлап, бізге болсын деп жүрген бірде-бір мемлекет, бірде-бір сырттың адамы болған жоқ. Сол кездегі қиындықтардың бәрін де жеңген — өзіміз. Заман ағысынан қалмай, тынбай еңбек еткен — өз азаматтарымыз. Не жасасақ та өзіміз жасадық. Енді соның нәтижесін де, пайдасын да көретін өзіміз боламыз. Алдымызға қойған биік-биік мақсаттарымыз бар. Біз оған сөзсіз жетеміз. Елдің ертеңіне деген сеніміміз берік болып, жарқын күндерімізді жақын болуы үшін «әсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», «Өшер елдің баласын өнбес дауға өш болады» дегендей, барымызды бағалай біліп, бос сөзге даурықпай еліміз үшін, өзіміз үшін, отбасымыз үшін әлі де аянбай еңбек етуіміз қажет. Өйткені шындап кіріссек, біз алмайтын қамал, біз алмайтын асу, біз жеңбейтін қиыншылық болмайтынын осы отыз жылда жүріп өткен жолымыз, оңды істеріміз дәлелдеп шықты. Тәуелсіздікті тек тәңір берген сый деп қабылдап, бейжай қамсыз отыру азаматтығымызға сын болар. Оны нығайту — болашақ ұрпақ алдындағы аманатымыз. Аманатқа адал болу — адамдықтың белгісі!
Қазақ елінің шежіресін тек қана осындай толағай табыстармен толықтырайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!