Саржансайда спорт кешені ашылды
Мәртөк ауданындағы Саржансай ауылында тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді.
Шараның ашылуында аудан әкімі Алмас Салықбаев елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, спорт сүйер жастарға зор жетістіктер тіледі.
Спорт кешенінің құрылысына аудандық бюджеттен 205,8 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Жаңа нысанда ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына қажетті барлық жағдай жасалған. Енді ауыл азаматтарына еркін күрес, тоғызқұмалақ, үстел теннисі үйірмелеріне қатысу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Жаңа залда бір мезетте 150 адам жаттығады.
Қазіргі таңда Мәртөк ауданында спорттық объектілер желісін кеңейту мақсатында Қаратоғай ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Дәл осындай спорттық кешенді келер жылы Родников ауылынан да ашу жоспарланып отыр.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.