Тәуелсіздік — 30

Баға жетпес байлығымыз

Ата-бабаларымыздың тәуелсіздікті сан ғасырлар бойы армандағаны тарих беттерінен белгілі. Тәуелсіздік — еркіндіктің бастауы, баға жетпес байлық. Бұл— ащы термен келген тәтті жеңіс.

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сол уақытта көптеген әлем мемлекеттері еліміздің тәуелсіздігін мойындады және қолдау білдірді. Осы 30 жыл аралығында Қазақстан тәуелсіздіктің арқасында  экономикалық, саяси, мәдени тұрғыдан бүкіл әлемге танылды. Дүниежүзіндегі дамыған үлкен мемлекеттермен терезесі тең ел ретінде жоғары деңгейдегі халықаралық  байланыстар орнатты,  әлемдік  аренада  өз орнын ойып тұрып алды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан бейбіт жолмен, жан-жақты, қарқынды дамуға бет бұрды, алыс-жақын шетелдермен тығыз экономикалық, саяси, мәдени байланыстар орнап, әлемде өзінің қандай мемлекет екенін көрсетті.

Осы жылдары халқымыздың саны көбейіп, тәуелсіз қазақ жерінде тұратын жас ұрпақ саны 2 миллионға артты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 40 пайызға жуық болса, бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті. Көршілес мемлекеттермен еліміздің шекарасы айқындалды және белгіленді.

Қазақстанның жаңа астанасы Астана бой көтерді. Еліміздің бас қаласы әлемдегі алдыңғы, озық технологиямен салынды, бұған белгілі әлем мойындаған сәулетшілер өз үлестерін қосты.  Қазіргі таңда  бұл қарқынды дамып келе жатқан еліміздің бас шаһары — Нұр-Сұлтан қаласы.

Әрбір тәуелсіз елдің өз рәміздері мен ұлттық валютасының болуы қажет және бұл тәуелсіздіктің басты нышаны болып саналады. Еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бізді басқалардан ерекше етіп тұратыны сөзсіз, сондықтан бұлар тәуелсіз ел үшін ең қасиетті болып саналады.

Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықтың ішіндегі өз орны бар елге айналды. Жас мемлекет бола тұра, әлемге танымал Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық Еуропалық даму және қайта құру банктері, Халықаралық валюта қоры, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО сияқты ірі-ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуы ел тәуелсіздігінің  маңыздылығының  бір көрінісі болды.

Міне, содан бері 30 жыл өтті деп қуанышымызды мерекелеп жатырмыз. 30 жасты дана халқымыз орда бұзаржігерлі жасқа теңегені баршамызға аян. Олай болса 30 жылда еліміздің қаржылық жағынан өркендеуі, тұрмысы түзу көрікті қала, көркем ауылдың сәулетті де дәулетті мекеніне айналуы мен рухани өсуіміз мәңгілік елге қадам басуымыз, алыс-жақын елдермен достық, экономикалық қарым-қатынаста болуымыз, шекарамызды шегендеуіміз, әлемге танылған зайырлы елге айналуымыз — осы 30 жылдың жемісі.

Мен тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңын басшылыққа алып, қызмет ететін заңгермін. Еркіндік алған еліммен бірге еңбек етіп, өсіп-жетілгенімді мақтан етемін. Әділеттің ақ туын берік ұстап, ұлы халықты төрелігімен тәнті еткен, көрегендігімен көсем болған, зерделілігімен шешен болған, жазықтыны жазалаған, жазықсызды арашалаған, «дала заңгерлері» Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жолын қуып,егеменді еліміздің төрелік айтар судьясы, заңгері болу бақыты мен үшін үлкен жауапкершілік, биік мәртебе. Елдің ең басты байлығы — адам десек, адам тағдыры үшін еткен еңбегім менің де еліме, ел тәуелсіздігіне қосқан үлесім деп білемін.

Зульфия КАБДУЛИНА,

Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button