Мерейлі белестер жылы
2015 жыл — тәуелсіз еліміздің бүгінге дейінгі тарихындағы ең мерейлі жылдардың бірі. Бұл жөнінде Елбасы: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы», — деді. Осы жылы ең бірінші рет ата-бабаларымыз құрған, тарих қойнауындағы көне мемлекет — Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық.
2014 жылы Ұлытаудың төріндегі сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз», — деген еді. Сөйтіп, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын елімізде кең көлемде атап өту жөнінде шешім қабылданды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде өткен мәдени-спорттық, тарихи-танымдық іс-шараларға барша халық жұмыла атсалысты. Бұл мерейтойға байланысты әр өңірде ғылыми конференциялар, айтыс-мүшәйралар, т.б. ұйымдастырылды. Ал қыркүйектің 11-інен бастап елордада үш күнге ұласқан той өтті. Ең басты той қазан айының басында Тараз қаласында дүрілдеп өтіп, мерекелік шаралар аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды.
26 сәуірде елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлауға үш үміткер түсіп, қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайызының дауысына ие болып, жеңіске жетті.
2 қыркүйекте халықаралық экипаждың құрамында үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Экипаж құрамында ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа агенттігінің астронавы, дат Андреас Могенсен болды. 10 қыркүйекте Айдын Айымбетов пен Андреас Могенсен Жерге оралды. Айдынды күтіп алуға Елбасының өзі барды.
Сондай-ақ осы жылы Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілді.
Әбілқайыр ханға кесене тұрғызылды
Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай Ақтөбе жерінде де көптеген маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл бойғы түрлі мәдени-көпшілік шаралардан бөлек, облыс орталығында Тілеу батыр Айтұлының (1630-1684 жж.) ескерткіші ашылды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры Тахауи Ахтановтың «Ант» драмасын сахналады. «Бабадан қалған байтағым» атты ақындар айтысы, алты облыстың өнер ұжымдарының қатысуымен «Дала сазы» фольклорлық ансамбльдер фестивалі өтті. Батыс аймақтың көне ескерткіштерін 1979 жылдан бастап зерттеген ғалым, профессор С.Әжіғалидың зерттеулері бойынша «Ақтөбе облысының көрнекті халықтық сәулет ескерткіштері» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Ал негізгі шаралар 1-2 қазан күндері Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан қорымы» мен осы жерге ең жақын Толыбай ауылында өтті. «Хан қорымында» Әбілқайыр хан мемориалды кешені салтанатты түрде ашылды.
Кешеннің ашылуы — көп жылдар бойғы еңбектің жемісі. Әбілқайыр ханның жерленген орнын анықтау үшін 2000-жылдардың басынан жан-жақты зерттеу жұмыстары қолға алынған еді. Хан сүйегін нақты анықтау үшін оның балалары — Нұралы, Ералы, Айшуақ хандардан тараған ұрпақтарының қатысуымен генетикалық-цитологиялық зерттеулер жүргізілді. Венгр антропологтары Әбілқайыр ханның кескін-бейнесін жасап шығарды. Одан соң хан сүйегі бұрын өзі арулап қойылған бейітіне жерленіп, үстіне кесене тұрғызылды. Кесенемен бірге оның жанына үш алып бөліктен тұратын ескерткіш орнатылды. Әр бөлікке қазақ руларының таңбалары салынды. Дөңгеленте салынған кесененің диаметрі — 8,5 метр, биіктігі 15 метрге жуық. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Бұл кешен — белгілі сәулетші Бек Ибраевтың жобасы. Оның құрылысын «Әлиханойл» ЖШС жүргізді.
Кесененің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Әбілқайыр ханның Нұралыдан тараған тікелей ұрпағы Есенғали Ерғалиев: «Кеңес заманында Әбілқайыр бабамыз туралы ештеңе айта алмадық, үлкендер де бұл тақырыпта сөз қозғамауға тырысып, білгендерін өз іштерінде сақтады. Тек сол кісінің ұрпағы екенімізді ғана ұмытпауға тырыстық. Үлкейген шағымда осындай қуанышқа куә болғанымды зор бақыт санаймын», — деді.
Кесенемен қатар, Толыбай ауылында Әбілқайыр хан музейі ашылды және «Ұлы дала жауһарлары» халықаралық этнофестивалі, ұлттық ойындар, ат спортынан жарыстар өтті.
«Шайыр» — оқитын өлкенің таңдауы
2015 жылы дарабоз дарын, қазақтың классик ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына 90 жыл толды. Осымен тұспа-тұс «Оқитын өлке» облыстық акциясына ақынның «Шайыр» атты жинағы таңдалды.
«Оқитын өлке» облыстық акциясы өңірімізде 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы акция үшін Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» романы, ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабы, жазушы Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы, т.б. шығармалар таңдап алынған.
«Шайыр» — көп томдық жинақ. Мысалы, 1-томында Қуандық Шаңғытбаевтың 1925-1958 жылдар аралығындағы өмірі мен шығармашылығы қамтылған. Сондай-ақ ақынның мақалалары, күнделігіндегі жазбалары, суреттері, хаттары да енгізіліп, замандастарының естеліктері қоса берілген.
«Шайыр» жинағы арқылы оқырман ақынның жырлары ғана емес, оның қиын да қилы тағдырынан, өмір жолынан хабардар бола алады.
І республикалық ата-аналар съезі
Осы жылы Ақтөбеде «Өскелең ұрпақтың азаматшылық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-ана рөлінің өзектілігі» деген атпен І республикалық ата-аналар съезі өтті.
Жиынға сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, облыс басшылары, еліміздің әр өңірінен ата-аналар және қамқоршылық кеңесінің төрағалары, білім беру органдарының басшылары, сынып жетекшілері, мектеп психологтары қатысты. Олар отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға, жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты өз ойларын ортаға салып, съездің қарарын қабылдады.
Делегаттар Ақтөбедегі тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында съезден естелік ретінде «Ата-аналар аллеясына» көшеттер отырғызды.
Кәсіпкерлерді қолдау орталығы
Қобда ауданында облыс аумағында алғаш рет толық форматты Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы ашылды. Жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Даму» қоры бірлесіп жүзеге асырған. Бұл іс орталықтан жырақта, аймақтарда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету жүйесін одан әрі дамыту үшін қолға алыныпты.
Бұл жерде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бизнес үшін жасалынатын қолдау көрсету тетіктерінің барлық түрі «бір терезе қағидаты» бойынша ұсынылады. Сол жылдың соңына дейін осындай орталықты еліміздегі барлық 188 ауданда түгел ашу көзделген.
Ал, жалпы, Қобда ауданында осы тұста 830 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген, оның 304-і шаруа қожалығы екен.
Тарих беттерін парақтаған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.