Тарихқа — тағзым, болашаққа — бағдар
Тәуелсіздік шежіресі: 1997 жыл
1997 жыл тәуелсіз Қазақстан шежіресінің ұмытылмас сәттері болып қалуға лайық ерекше оқиғаларға толы жыл болды. Елбасы Жарлығымен бұл жыл Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Мұның өзі қоғамға үлкен серпіліс әкелді. Өйткені аға ұрпақтың арасында сол қуғын-сүргіннен жапа шеккен жандар көп болса, ал кейінгі буынның басым бөлігі саяси қуғын-сүргін құрбандарының тікелей ұрпақтары еді.
Осы жылы 10 қазанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тұңғыш Жолдауын жолдады. Және осы күні Нұрлан Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалды.
10 желтоқсанда еліміздің астанасы Алматы қаласынан Арқа төсіндегі Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көшірілді. Сол күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді.
60 жылдан соң ақтарылған шер…
1997 жылдың Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жариялануына орай белгілі жазушы Шерхан Мұртаза: «Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі менің әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы екен. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған 43 жасында қыршынынан қию — айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болған жалғыз менің әкем бе екен: мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы 37-жылды ғана қамтымайды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды», — деп жазды.
Тарихшылардың айтуы бойынша, «контрреволюциялық іс-әрекеті үшін» айыпталуды білдіретін 58-бап, яғни бір ғана бап бойынша КСРО-да 3 миллион 775 мыңнан астам адам сотталып, солардың 643 мыңы атылған, ал 2 миллион 369 мың адам 25 жылға бас бостандығынан айырылған екен.
1997 жылдың 31 мамырында елімізде ең бірінші рет Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілді. Осыған байланысты Ақтөбе жеріндегі басты жиын облыс орталығының іргесіндегі 37-нің зұлматында атылған құрбандар жерленген Түйетөбеде өтті. Төбенің басы, айналасы қарақұрым адамға толды. Азалы жиында сол кездегі облыс әкімі Аслан Мусин және Смағұл Мұқашев бастап, қуғын-сүргін құрбандары, олардың ұрпақтары сөз сөйледі. Ақтөбедегі мешіттің бас имамы Зия Юсуп құрбандар рухына дұға бағыштады. Жиналғандар ауыр зұлмат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Осы күні 60 жыл бойы көкіректе ғана сақталып келген естеліктер айтылды. Біздің газеттің тілшісі де сол естеліктердің бірқатарын жазып алыпты: Жәния Есенғұлова 1937 жылы әкесі Амандәулет ұсталған кезде небәрі 5 жастағы бала екен. Сонда да болса, жендеттердің үйге келіп, әкесін ұстап кеткен, яғни оны ең соңғы көрген сәтін ешқашан ұмытпай, есте сақтап қалған. Еті тірі әкесі мұнай орындарының бірінде есепші болып істеген екен. Оны «жапон тыңшысы» деген жаламен 37-нің қараша айында атып тастаған. Бірақ отбасына «Магаданға айдалды» деп хабарлаған. Осыған сенген балалары әкесін 1956 жылға дейін күтіпті…
Ал Ольга Забелло 1942 жылы Алматының түбінде ұсталып, алыс ауылға жер аударылған. 19 жастағы орыс қызының бар айыбы — асырап алған әкесінің ұлты неміс боп шыққаны. Сол үшін бүкіл жастық шағын жазда жалаңаяқ, қыста шұрық тесік пимамен жүріп, ауыр жұмыспен өткізген. Ауылдан аттап шығуға рұқсат жоқ. Тек 11 жылдан кейін ғана, отызға ілінген кезінде, орыс екені анықталып, ақталыпты…
Міне, осындай қилы-қилы тағдырлар тоғысып, ондаған жылдар бойы іште сақтаулы жатқан шер ақтарылған Түйетөбенің басы күңіреніске толды. Жұрт: «Енді ондай қасіретті жылдар қайталанбасын», — деп тілеумен тарасқан болатын.
Тарихты таразылаушы тұлға
Бүгінде түркі жұрттарының тарихқа ерекше қызығушылығы, түркі халықтарының тарихы төңірегінде дау-дамайлардың көптігі жөнінде жиі айтылады. Бұған себеп — КСРО кезінде, одан бөлек Еуропа жұрттарының, Қытайдың жымысқы саясатының әсерімен түркі халықтары тарихының бұрмаланып жазылған тұстарының өте көп болуы. Сол бұрмаланған тарихтың шындығын іздеген әр еңбек бізге құнды. Солардың қатарында құмық жазушысы, публицист Мурад Аджидің «Дешті Қыпшақ даласының жусаны», т.б. еңбектері жұртшылық назарын бірден аударған еді.
1997 жылғы шілдеде Мурад Аджи Ақтөбе облысына сапарлап келді. Оны сол кездегі облыс, қала басшылары сыйлы мейман ретінде арнайы қабылдады. Мурад Аджи Алғадағы Есет батырдың, Қобда жеріндегі Абат-Байтақ кесенелеріне зиярат жасады, облыс орталығындағы музейлерді аралады.
Сапарының қорытындысында жазушы «Дешті Қыпшақ — беймәлім жұрт» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиында түркі жұрттарының өткен тарихындағы қасіретті тұстар, болашақтағы бірлігін нығайта түсу жолындағы қадамдар туралы кеңінен сөз болды. Бұл жиын да Тәуелсіздіктің сәулелі бір сәті ретінде тарихқа енді. Кеңестік заманда Одақтың о шеті мен бұл шетіндегі түркілердің бас қосып, өздерінің ортақ тарихын талқылауына жол берілмес еді…
Алғашқы әлем чемпионаты
1997 жылдың 28-31 тамызы аралығында Ақтөбеде үлкен оқиға — жастар мен жасөспірімдер арасында самбодан ХХІ әлем чемпионаты өтті.
Чемпионат қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлері Есет батыр кесенесіне зиярат жасады. Осы жерде оларды облыс әкімі Аслан Мусин, бас имам Зия Юсуп қарсы алыпты. Ата-бабалар рухына Құран бағышталды. Ал облыс басшысы жас самбошыларға сәттілік тілей отырып, сөйлеген сөзінде: «Бұл, расын айтқанда, күллі қазақ жерінде өткелі отырған алғашқы әлем чемпионаты», — деп атап өткен екен.
Әлем чемпионатына 16 елден 400-ден астам жас спортшы қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде — 1979-1980 жылдары туған жасөспірімдер, ал екінші күні 1977-1978 жылдары туған жастар арасындағы сайыстар өтті.
Сондай-ақ жарыс аясында қазақша күрестен Есет батырдың туғанына 330 жыл толуына арналған абсолютті біріншілік те ұйымдастырылды.
Келуші — біреу, кетуші — төртеу
Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын артта қалдырып, алтыншы жылына аяқ басқан 1997 жылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлі де күрделі еді. Әсіресе демографиялық көрсеткіштер құлдырау үстінде болды. 1996 жылы еліміздің тұрғындары 180,6 мың адамға кеміп, 1997 жылдың 1 қаңтарында халықтың саны 15,8 миллион адам болды. Өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына лек-легімен кетіп жатты. Сол жылдары әр келген 1000 адамға шаққанда кетушілердің саны 4 мыңнан астам болған екен. Демек, келушіден кетуші 4 есе көп болды.
Алайда Аллаға шүкір, елімізде қазақтың саны азайған жоқ. 1997 жылы 1989 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, өз жерінде қазақтардың саны 1,5 миллион адамға көбейді. 1932-1933 жылдардағы аштықтан кейін елімізде алғаш рет қазақтардың үлесі жалпы халықтың жартысынан асып, 51 пайыз болды.
Бюджеттегі қаржы тапшылығы салдарынан әлеуметтік саладағы қиындықтар шаш-етектен еді. 1997 жылдың басынан 1 қазанға дейінгі аралықта Ақтөбе облысында 163 оқу-тәрбие беру мекемесі жабылған. Бұл мекемелерде еңбек ететін 2896 адам қысқартуға ұшырады.
Осы жылы облыста бірнеше аудан таратылды. Мысалы, Ембі ауданы мен Октябрь ауданы біріктіріліп, жаңа Мұғалжар ауданы пайда болды.
1997 жылдың 15 қаңтарында облыстық «Ақтөбе» газетінде аймақтағы кәсіпорындардың жағдайы туралы: «Біздегі… мәселе — кәсіпорындар мен ұйымдардың нарық жағдайында өз орнын таба алмай отырғандығы. Былай қарағанда, оларда кадр да, құрал-жабдықтар да, берік шаруашылық байланыстар да бар. Алайда олардың көбісі сұранымы жоқ өнімдер шығарады, олары тіпті қытайдың өндірістік кооперативтерінің өнімдерімен де бәсекелесе алмайды», — деп жазылған.
Осы жылдары елімізде алдағы 30-40 жыл ішінде өндірілетін мұнай қорының көлемі анықталып, бұл салаға шетелдік инвесторлар келе бастады. 1997 жылы «Ақтөбемұнай» акцияларын қытайлық CNPC өнеркәсіптік корпорациясы сатып алды. Инвестор бұл жобаны дамытуға 20 жыл ішінде 4 миллиард доллар көлемінде қаржы жұмсауға міндеттелді.
Бұл жылдың тағы бір жаңалығы — Ақтөбеде Жоғары Қарғалы су қоймасының үшінші тармағының іске қосылуы болды. Ақтөбе жұртын сумен толық қамтамасыз ету үшін, қажетті су көлемі тәулігіне 110 мың текше метр болса, іс жүзінде берілетіні 100 мың текше метр ғана еді. Ал жаңа қосылған тармақтың қуаты — күніне 20 мың текше метр. Яғни осы арқылы қалада су жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты. Бұл жобаға 215 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.