Қазақтың демографиясы: өкініш пен үміт
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биылғы 1 наурызда Қазақстан халқының саны 18 миллион 917,2 мың адам болды. Алдағы 3-4 айда халық саны 19 миллиондық белеске жетеді деген үміт бар.
Осы халықтың 70 пайызға жуығы — қазақтар. Ал тәуелсіздік алған тұста, яғни 1989 жылы КСРО-да жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша Қазақтанда жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 40,1 пайыз болған еді. Қазақтың өз жерінде көпшілікке айналуы — тәуелсіздіктің 30 жылындағы басты жетістіктеріміздің бірі.
Еліміз бойынша үш өңірде — Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облысында қазақтың саны халықтың 90 пайызынан астамын құрайды. Осы өңірлерден кейінгі 4-орында Ақтөбе тұр, қазақтың үлес салмағы жөнінен біздің облыстың көрсеткіші — 83,3 пайыз. Егер 1989 жылғы санақ қорытындысында бұл көрсеткіштің 55, 6 пайыз болғанын еске алсақ, тәуелсіздік жылдарында біздің облысымызда да қазақтың үлесі едәуір артқанын көреміз.
Бодандық дәуір қасіреті
Тарихқа шегініс жасар болсақ, ұзаққа созылған соғыстардың, ұлт-азаттық көтерілістердің, аштықтың салдарынан халықтың қырылуы, өз жерінде қазақтың үлесінің, санының азаюы — соңғы ғасырлардағы ең үлкен қасіретіміз. Осының салдарынан біз ондаған жылдар бойы өз атажұртымызда азшылыққа айналып, төменшіктеп күн кештік, тіліміздің қолданыс аясы тарылды, қазақтың жерінде өмір сүрген басқа ұлттар тілімізді үйренуді, білуді қажет етпек түгіл, тіпті қазақтың өзінің бір бөлігі өз тілінде сөйлей алмайтын халге жеттік.
Бодандық дәуірдің екі кезеңнен тұратынын білеміз: патша заманы және кеңестік дәуір. Біздің зерттеушілер тірнектеп жиған патша заманының ресми мәліметтері бойынша, 1897 және 1911 жылдардағы деректер қазақтың Орталық Азиядағы саны жағынан ең үлкен халық екенін көрсеткен. Дегенмен бұл аймақтағы басқа халықтардың саны кейіннен санақтан-санаққа еселеп өсіп отырса, қазақтардың өсімі мардымсыз, кей тұста тіпті кері құлдырап, өз жеріндегі және Орталық Азиядағы үлес салмағы үнемі кеміп келген. Егер 1897 жылы қазақтардың саны Орталық Азиядағы барлық халықтың 47,9 пайызын (көріп отырғаныңыздай, жартысына жуығы) құраса, ал 1989 жылы, яғни арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде бұл көрсеткіш 15,2 пайызға (кей деректер бойынша — 23,3 пайыз) дейін құлдыраған…
Өз жеріміздегі жағдайға келсек, 1897 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Қазақстанда қазақтардың саны 3,7 миллионнан астам (кей деректерде — 3,4 миллион) деп көрсетілген, бұл барлық тұрғындардың 81,8 пайызы екен. Кейінірек бұл санақтың мәліметтері қайта қаралып, түзетіліп, қазақтар үлесінің көрсеткіші 74-78 пайызға дейін төмендетілген. Ал арада 14 жыл өткенде, 1911 жылғы деректерде қазақтар өз жерінде барлық тұрғындардың 60 пайызын ғана құраған. Осы 1911 жылдан бастап 1939 жылға дейінгі аралықта қазақтардың саны қатты құлдырап, бірнеше есе кеміген. Өз заманындағы ресми деректер осы аралықта қазақтың саны 1,6 миллион адамға кемігенін көрсетіп, оның себебі ретінде 1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы аштықты атаған. Дегенмен кейінгі зерттеушілер 1932-1933 жылдардағы аштықтың құрбаны болған қазақтың саны ресми деректен әлдеқайда көп, тіпті үштен екісі қырылды деп есептейді. Ал сол жылдар куәгерлерінің естелігі одан да сұмдық, одан да ауыр: Ырғыз топырағынан шыққан белгілі жазушы Өтебай Қанахин бір үйдегі 11 адамнан бір ғана өзінің; аштықтан әлсіреп ауруханаға түскен 50 баладан екі ғана баланың тірі қалғанын жазды.
Ұлт зиялыларының (М.Тынышбаев, А.Байтұрсынов) есебі бойынша, 1916 жылы қазақтың саны 6 миллионға жеткен болса, 1940 жылы Ұлы далада 1,9 миллион ғана қазақ қалған…
Қазақтың өз жеріндегі үлес салмағының көрсеткіштеріне келсек, 1926 жылы — 58,5 пайыз; 1939 жылы — 38 пайыз; 1959 жылы — 30 пайыз, КСРО ыдырар тұста, 1989 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, 40,1 пайыз болды.
Бодандық дәуірдегі қазақтың демографиясы туралы айтқанда, назар аударатын бір мәселе — аштықтың салдарынан, өкіметтің құрығынан құтылу (көтеріліс, толқуға қатысқаны үшін жазадан, ұжымдастырудан, кәмпескеден, т.б.) үшін жан-жаққа босқан, сондай-ақ күшпен жер аударылған халықтың бір бөлігінің үшінші-төртінші буында басқа ұлттарға біржола сіңіп кетуі. Беріден айтсақ, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргіндер кезінде Башқұртстан, Өзбекстан, Тәжікстан, т.б. кеңестік республикаларды паналаған, бір бөлігі шекара асып кеткен қазақтың ұрпағының бәрі бірдей бүгінгі күнге қазақ болып жете алған жоқ, әсіресе екі-үш буын қатарынан басқа ұлттан қыз алғандар өзге жұртқа біржола сіңіп тынды. Мұның мысалын алыстан іздеудің керегі жоқ, Сталин өліп, заманның беті бері қарағаннан бастап бүгінге дейінгі аралықта, яғни соңғы 60 жылда атажұртқа оралған әулеттердің тағдыры баяндалатын естеліктерден-ақ табылады.
Тіпті ешқайда көшпей, Қазақстанда өмір сүріп жүріп-ақ басқа жұртқа сіңіп кеткендер де бар. 1995 жылы кәсіптік-техникалық училищеде орыс бөліміне қазақ тілінен сабақ бердім. Орысша оқыған балалардың мінез-құлқы, өмірлік көзқарасы, ойлау жүйесі қазақы әлемнен бөлек болатынын сонда көрдім. Бірінші сабақтан-ақ: «Бізге қазақ тілін оқытудың түкке керегі жоқ. Қазақстанда өмір сүру үшін орыс тілін білу де жеткілікті. Сондықтан оқымаймыз», — деп шуылдасты. Алдыңғы партадағы қыздың дауысы қаттырақ шығады. Оның қасында отырған ұл баланың түрі қазаққа мүлде келмейді, бірақ тегі — қазақша. Қазақша болғанда да, атасының аты Әли, Оспан дегендей, мұсылман жұрттарында кездесе беретін аттың бірі емес, тек қазаққа ғана тән есім… Мен ол баланың отбасын жақсы білетін адамдардан атасының қазақ, ал әжесі мен шешесінің славян жұртынан екенін, түрлері де, тілдері де біржола нағашыларына ауып кеткенін естіген едім. Бірақ бетпе-бет алғаш көруім. Көп шуылдақтың арасынан алдымен сол балаға «тап бердім». Орысшалап: «Жарайды, басқаларды қоя тұралық. Ал сен қазақсың ғой, қазақ басыңмен өзіңнің туған тіліңді «керек емес» дегеніңді қабылдау қиын» — деп жатырмын. Оның сондағы: «Вы ошибаетесь. Я не казах, даже отец у меня не казах. Только дед был казахом», — деген жауабы ұмытылмастай есімде қалды. Кеңес Одағы тұра берген жағдайда, бәлкім, келесі буында тегін де «түзетіп» алар ма? Содан соң олардың атасының қазақ болғаны мәңгілікке ұмытылар еді..
Газет-журналдардағы естеліктерден, интернеттен, өмірден көріп-біліп жүргеніміздей, «атасы ғана қазақ болған», ал өздері тағдырдың түрлі жолымен басқа ұлттың өкілі болып ғұмыр кешіп жатқан осындай жандар бар және олардың арасында есімі көшелерге беріліп, ескерткіші үлкен қалаларда тұрған халқымыздың асыл перзенттерінің ұрпақтары да кездеседі.
Тағы бір есте ұсталуы тиіс жайт, Қазақстан — КСРО құрамындағы 15 республиканың ішінде жергілікті ұлттың үлесі басқа ұлтқа жататын тұрғындар санынан аз болған бірден-бір республика еді. Салыстыру үшін Орталық Азиядағы басқа республикалардың көрсеткіштерін ұсынсақ: 1989 жылы өзбектер өз жерінде халықтың — 82,9 пайызын, тәжіктер — 62,3 пайызын, қырғыздар — 64,8 пайызын құраған.
Осының бәрі тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің: «Жалпы тарихты алып қарап отырсақ, Кеңес өкіметінің тіршілік еткен бүкіл ғұмырында біздің ұлтқа ерекше мән беріп, қауіптеніп отырғанын аңғару қиын емес» деген сөзінің астарында шындық барына меңзейді. Және кеңес билігінің «қаупі» сол кездегі қазақ халқының санының көптігінен туындамады ма екен деген сұрақ та көлденеңдейді. Өйткені Орталық Азияда саны жағынан алдыңғы орында тұрған қазақтар сол қарқынмен көбейе берер болса, саны жағынан үлкен халыққа айналар еді. Ал Мәскеу билігіне өздері «ұлылық шыңына» көтерген ұлтқа бәсекелес болатын екінші халықтың мүлде керегі жоқ болатын. «Ұлы» халық — біреу де, басқалар тек ұсақ халықтар болуы тиіс еді. Большевиктер қанша жерден «Ұлттар достығы жасасын!» деп ұрандатқанымен, шын мәнінде «коммунизмге» бір ғана ұлтпен баруды көздегені белгілі. ХХ ғасырда сол сұрқия саясаттың құрдымы миллиондаған қазақты жазықсыз жұтып, жоқ етті…
Қазақстаннан кімдер көшті?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демографиямыз бірден оңалып кеткен жоқ. Керісінше, еліміздің демографиялық көрсеткіштері — Орталық Азия аймағындағы ең төмен көрсеткіштер еді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, көршілес республикалардан гөрі бізде өзге ұлттардың саны басым болды да, КСРО ыдырағаннан кейін-ақ олар өз тарихи отандарын бетке алып, үдере көше бастады.
Қазақтың ұлан-ғайыр жеріне көшіп келген келімсектерге ең жайлы мекеннен орын беру — патша өкіметінің де, Кеңес өкіметінің де жазылмаған заңдарының бірі болды. Өзге ұлт өкілдері, негізінен, қалалар мен табиғаты әсем, шұрайлы жерлерге шоғырландырылды. Соның бір дәлелі — 1993 жылы Ақтөбе облысынан көшкендердің 74,5 пайызының қалалықтар болуы. Облыстан көшкендердің 21,8 пайызы — алыс шетелге, ал 57,7 пайызы бұрынғы КСРО елдеріне кетіпті. Сол тұстары, әсіресе, КСРО кезінде ірі өндіріс ошағы болған Қандыағаш, Алға, т.б. шағын қалалар жартылай бос қалды. Бұл қалалардағы 60-120 пәтерлік үйлерде тұтас подъездердің, қабаттардың босап, қаңырап қалған үрейлі көрінісін жұрт әлі де ұмыта қойған жоқ.
Ресми деректер бойынша, 1991-2001 жылдар аралығында ғана Қазақстаннан 2 миллион адам кетіп, халықтың саны 16,8 миллионнан 14,8 миллионға дейін кеміді.
Бұл көш 2001 жылдан кейін де жалғасты. Қазақтың бас демографы Мақаш Тәтімовтің 2016 жылы өмірден озғаны белгілі. Оның көзі тірісінде жария еткен есебіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында Қазақстаннан өзінің ата-бабасының отанына көшіп кеткендер саны — 3 миллион адам.
Көшіп кеткендердің бір бөлігінің орны сырттан келген қандастардың есебінен толды. Екінші жағынан, қазақ халқын жекелей алар болсақ, тәуелсіздік жылдарында оның табиғи өсім көрсеткіші кері кеткен жоқ. Соның арқасында 2003 жылы елімізде демографиялық құлдырау тоқтап, көрсеткіштер баяулап болса да жоғары көтеріле бастады.
Түпкі жеңіс — демографияда…
Елімізде халық саны тәуелсіздік алған кездегі көрсеткішке 2012 жылы ғана қайта «оралды». 2014 жылы халық саны алғаш рет 17 миллиондық межеден асты. 2017 жылы Талдықорған қаласында Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Мүслима деген әдемі есім берілген бұл сәбидің анасы 1991 жылы дүниеге келген, яғни Тәуелсіздіктің құрдасы болып шықты.
Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға дейін халық санын 20 миллионға жеткізу жоспарланғанын және, қазіргі болжамға сай, оған ертерек қол жеткізілгелі отырғанын айтты.
Тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық жетістіктеріміз қандай? Ең алдымен бұл, жоғарыда айтқанымыздай, ел тұрғындары арасында қазақтардың үлес салмағының көбеюі. Ел тұрғындары арасында қазақтың үлес салмағы 70 пайызға жақындады. Өз кезегінде бұл тіл үстемдігіне жол ашады деп үміттене аламыз.
Алайда елімізде осы айтылған демографиялық жетістіктен тыс қалып отырған өңірлер де бар. Бұлар — солтүстік облыстар. Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі күні қазақтардың үлесі — 35,5 пайыз ғана болса, Қостанай облысында — 41,1 пайыз. Ал Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарында қазақтардың үлес салмағы 50 пайыздық межеден енді ғана асты. Бүгінгі күні Үкімет халық көп шоғырланған өңірлер тұрғындарын солтүстік облыстарға көшіру үшін бірқатар қолдау, яғни баспанамен қамту, жәрдемақы беру мәселелерін қарастырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қазанда солтүстікке көшіп барған отбасыларға берілетін жәрдемақыны екі есе көбейтіп, 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көтеруді тапсырды.
Екіншіден, тәуелсіздік алған тұста елімізде тұрғындарының саны миллионнан асатын жалғыз қала — Алматы бар еді, бүгінде оның қатарына еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары қосылды. Тұрғындарының саны миллионнан асуына байланысты Шымкент өз алдына бөлек әкімшілік-аумақтық бірлікке, республикалық маңызы бар қалаға айналып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Бір кезде Қазақ хандығының астанасы болған көне қала қайта жаңғырып, өркендеу жолына түсті.
Үшіншіден, елімізде жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің саны да өсіп отыр. 1991 жылы Қазақстанда 353,2 мың бала дүниеге келсе, өткен жылы туған сәбилер саны — 425,6 мың. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 20,4 пайызға артық. Елімізде 2006-2016 жылдар аралығында көпбалалы отбасылардың саны екі есе көбейген. Дегенмен мемлекет, қоғам (еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер, қайырымдылық ұйымдары, ағайын-туыс) тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау әлі де күшейтіле беруі керек. Өйткені біз үшін мәңгілік ел болу жолындағы түпкі жеңістің кілті — демография.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.