Денсаулық

Жылжымалы кешендердің көмегі

Облыста вакцинациялау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ақтөбе қаласы мен аудандарда жылжымалы вакцинациялау бекеттері жұмыс істеуде.

Мәселен, мереке күндері Ақтөбе қаласында төрт жылжымалы кешен жұмыс жасады. Мамандар сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін тұрғындарға екпе салды. Жылжымалы кешендер ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ, Орталық стадион алдындағы алаң және «Анвар», «Дина» гипермаркеттерінің алдында болды.  Қаланың Мәскеу, «Нұр Ақтөбе» секілді шағын аудандарында да жылжымалы кешен тұрғындарға қызмет көрсетті.

Бұл жұмыстар аудандарда да жалғасты. Мәселен, Алға ауданының Бестамақ, Бесқопа, Тамды дәрігерлік амбулаторияларында вакцинациялау жұмыстары жүрді. Ырғыз ауданындағы Нұра, Белшер, Мамыр  ауылдарында тұрғындарға екпенің бірінші компоненті салынды. Аудандық аурухананың мәліметінше, вакцина алған тұрғындарда ешқандай кері әсер байқалмаған.

Мереке күндері Байғанин аудандық ауруханасының мамандары шалғайдағы Миялы, Оймауыт ауылдарын араласа, Ойыл аудандық ауруханасының дәрігерлері Көптоғай, Амангелді, Қарасу ауылдарына барды. Екпе алғандардың ішінде әкімшілік қызметкерлері, мұғалімдер мен жастар бар.

Қазір облыс «сары аймақта» тұр. Алайда босаңсуға болмайды. Төртінші мамыр күні облыста коронавирусқа шалдыққан 46 адам тіркелген. Оның он бесінің өкпесі қабынған. Ал жедел жәрдемге 805 қоңырау түссе, соның 19-ы коронавирус бойынша хабарласқан. Өкпесі қабынған он жеті науқас ауруханаға жатқызылған. Екі адам көз жұмған. Қазір инфекциялық ауруханаларда 675 адам емделіп жатыр. Ақпан айынан бастап облысқа 107200 доза «Спутник V» вакцинасы әкелінген. Барлығы 65513 адам егілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button