Денсаулық

Жастарға тегін қызмет көрсететін орталық

Ақтөбе қаласында 10-18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдерге және 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған «Жасдәурен» жастар орталықтары бар. Олар №2,6,7 қалалық емханасы мен «Отбасы» медициналық орталығы жанынан ашылды. Мұнда жастарға жалпы тәжірибелі дәрігер, жасөспірімдер гинекологі, уролог, дерматовенеролог және психолог мамандар жастарға тегін медициналық қызмет көрсетеді.

Құжат сұрамайды…

Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған орталықта 8 медицина қызметкері жұмыс істейді. №6 қалалық емхананың «Жасдәурен» жастар денсаулық орталығының алдын алу әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің үйлестірушісі, аға медбикесі Бағдагүл Ділманованың айтуынша, орталық ашылғалы 430-ға жуық жас мамандардың көмегіне жүгінген. Мұнда Ашық есік күндері, семинар-тренингтер, экскурсиялық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.

Жастар орталығы туралы көпшілік әлі біле қойған жоқ. Жалпы бұл орталық жастар үшін өте қажет. Бұл жерде кешенді түрде көмек көрсетіледі. Орталықта мамандар жастар мен жасөспірімдерге кеңес береді. Мұнда тіркелу үшін ешқандай құжат немесе аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Себебі қазір қоғамда әртүрлі жағдайға ұшыраған жасөспірімдер мен жастар көп. Олардың көпшілігі қандай да бір нәрсеге тап болғанда өзінің ата-анасына, оқытушысына, туысына айта алмайды. Айтуға қысылады, ұялады немесе олар ұрысады деп ойлайды. Осындай кезде орталыққа аты-жөнін айтпай, анонимді түрде хабарласуларына болады. Әрбір жас орталықтың653 жедел желісіне хабарласып, гинекологтен, урологтан, дерматовенерологтен, психологтен көмек ала алады. Тіпті үйде отырып-ақ сөйлесуге болады. Әсіресе жасөспірім қыздар мен жігіттер гинекологиялық, урологиялық ауруларға шалдықса, күйзеліске түссе, жасырын түрде, аты-жөнін айтпай-ақ келіп дәрігерге қарала алады. Сонымен қатар орталықта психологиялық тренингтер де өткізіледі. Ашық есік күндерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, — дейді ол.

Психологтердің айтуынша, 14-25 жас аралығындағы жастар жаңашылдықты тез қабылдауға бейім болады екен. Осы кезеңде жасөпірімдердің мінез-құлқы да өзгереді. Психолог Гүлдана Абдешеваның айтуынша, тұрмыста орын алған дау-жанжал бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Үйінде психологиялық қысым көрген бала, мектепте жиі тәртіп бұзатын болады. Оның себебін тек оқушыдан ғана іздемей, ата-аналарымен жеке әңгіме жүргізілуге тиіс дейді психолог маман:

XXI ғасырдың ата-аналары смартфонға телміріп, балаларға жіті көңіл бөлмейді. Отбасындағы кикілжіңнің болуының бір себебі — осы. Қабылдауыма келген жастардың ата-анасымен тығыз қарым-қатынас жасаймын. Олардың ата-аналарымен жеке дидарласып, баласының тәртіп бұзған әрекетке не үшін барғанын анықтауға тырысамын. Отбасында орын алған кикілжіңдер баланың үлгеріміне, тәртібіне әсерін тигізбей қоймайды. Осы ретте ата-ана мен баланың тығыз байланыста жұмыс жасауын қадағалаймын. Тәртіп болған жерде отбасындағы қылмыс та, кикілжің де азаяды.

Қазіргі жастар ойын бүкпесіз ашық айтады. Олардың бойында еркіндік бар. Орталыққа күніне 10-ға жуық жас келеді. Олардың барлығына психологиялық көмек беріледі. Жастар махаббат, отбасы, достары туралы ойларымен бөліседі, кейбіреулері жаңа ортаға бейімделе алмай жүргенін, біреулермен ренжісіп қалғанын айтады. Осындай кезде жасөспірімдер қиындықтарға тап болмас үшін қолдау көрсетеміз,дейді психолог.

Мамандар кеңесі

Орталықтың жалпы тәжірибелі дәрігері Ақбота Аймурзиеваның айтуынша, жастар арасында қаназдық, салмақ жетіспеушілік сынды аурулар көбейген. Сондай-ақ көктем мезігілінде сәл суыққа төтеп бере алмай, жіті респираторлық вирусты аурулармен науқастанып қалатындар да жиі кездеседі екен.

Бүгінде медицина саласында вирусқа қарсы тиісті емдеу іс-шаралары қолға алынған. Оның алдын алудағы ең тиімді әдіс — вакцинация екенін айта кетейін. Вакцина эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді. Вакцинациядан бөлек, иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтанып, дәрігердің тағайындауы бойынша дәрумен қабылдаған жөн. Ағзада темірдің жетіспеушілігінен жасушалардың оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады. Балалардың өсуі мен ақыл-ой дамуы тоқтап, тез шаршағыш болып, үлгерімі нашарлайды, ересектеу балалар үнемі шаршайтындығына шағымданады. Ағзада жағымсыз өзгерістер болады. Темір жетіспеушілігі кезінде тіндердің эпителий жасушалары, тері, ауыз қуысының, асқазан-ішек жолдары және тыныс жолдарының кілегей қабықтары ерекше сезімтал келеді. Әртүрлі экземалар, дерматиттер және басқа да тері аурулары себептерінің бірі осы темір жетіспеушілігі болуы мүмкін, — дейді жалпы тәжірибелі дәрігер.

Оның айтуынша, қазір жасөспірімдер арасында қарқынды белең алып келе жатқан тағы бір дерт — анорексия. Тәбет жоғалып, салмақ азаятын ауру түрі осылай деп аталады.

Менің қабылдауыма салмағы төмен, яғни дене салмағының жетіспеушілігі бар жасөспірімдер де келеді. Негізі, жасөспірім қыздың салмағы 45 килограмм болу керек. Бірде менің қабылдауыма салмағы 25 килограмм болатын шынашақтай жеткіншек келді. Психологиялық анорексияға шалдыққан. Біз мұндайды психолог, психиатрлармен бірлесе жұмыс істеп, себебін анықтап, сосын емдейміз, — дейді жалпы тәжірибелі дәрігер.

Акушер-гинеколог Аяжан Ұлықпанованың айтуынша, орталықта жастарға репродуктивті және психологиялық көмек көрсету бойынша ана мен бала денсаулығы, соның ішінде бала туатын жастағы әйел адамдардың жүктілікті жасанды тоқтату, яғни түсік тастау, оны болдырмаудың жолдары, түсіктің әйел денсаулығына әсері, жыныстық сақтану, бедеулік мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі екен.

Орталықтың дәрігерлері орта және арнаулы оқу орындарында медициналық тексеріс кезінде жасөспірім қыздарға ерте жүктіліктің зияны туралы түсіндіріп, психологиялық кеңес береді. Қазір жасөсіпірім қыздардың көпшілігі аурушаң.

Жұқпалы, созылмалы, қабыну аурулары көп. Мәселен, созылмалы тонзилит, баспа, отит ауруы гинекологиялық ауруларды тудырады. Мектеп жасындағы қыздарда несеп жолдарының инфекциялық аурулары жиі кездеседі. Етеккір бұзылулары, гормоналды өзгерістердің әсерінен туындайтын гинекологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі мен эндокринді жүйенің бұзылуы секілді сырқат түрлері де жиі белең алып отыр. Сондай-ақ арнайы дәріс сабақтарында немесе орталыққа жүгінген жасөспірім қыздарға ерте жүктіліктің жас ананың да, сәбидің де денсаулығына кері әсерін тигізетінін түсіндіреміз. Түсік жасату әйел денсаулығына зиян, түсіктен кейін түрлі қабынулар болуы мүмкін. Бірінші рет жүкті болып, түсік жасатқандар кейін сәби сүю бақытынан айырылып қалуы да мүмкін. Оған қоса әйел психологиялық күйзеліске де түсіп кетуі әбден ықтимал. Сәбидің өмірге сау келуі ата-анасына тікелей байланысты. Сәби сүю үшін оны 3-4 ай бұрын жоспарлау керек. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, гинеколог дәрігерге уақтылы қаралу керек, — дейді акушер-гинеколог.

Орталықтың дерматолог дәрігері Майра Қанаева тері ауруларының басты себебі — дұрыс тамақтанбау екендігін айтады. Одан бөлек жел,күн сәулесі, аяз, құрғақ немесе дымқыл ауа теріге теріс әсер етеді. Соның салдарынан теріде пигментті дақтар пайда болып,  көптеген созылмалы тері аурулары пайда болуы мүмкін.

Тері ауруларының түрлері өте көп. Майлы және ащы тағамдарды көп пайдалану бет терісінің қабыршақтануына әкеледі. Сонымен қатар күннің суықтығы да теріге кері әсер етеді. Қыс мезгілінде көп ретте майлы бет терісі құрғақ теріге, ал кұрғақ тері өте сезімтал теріге айналады. Сол үшін бет терісін үнемі ылғалдандырып отыру қажет.  Бетті суықтан қорғау үшін құрамында ақуызы бар иісмай жаққан пайдалы. Қыста теріге иісмай жақпай далаға шықпау керек. Сондай-ақ беттегі түкті алдырмаған дұрыс. Өйткені түк бет терісінің қорғаныс қабілетін сақтайтын перде рөлін атқарады. Түгін алып тастаған тері суыққа да, ыстыққа да, әртүрлі сыртқы факторларға да төзімсіз келеді, — дейді дерматолог.

Дерматологтың айтуынша, сезімтал бет терісі түрлі тері ауруларына бейім болып келеді. Мұндай адамдарда аллергиялық дерматиттер жиі кездеседі. Бетке безеу шығып, бет терісі зақымданғанда дерматолог пен косметологтің  қызметіне жүгінген жөн. Кей жағдайда дұрыс косметика таңдамаудың өзі бет терісінің аллергиясын тудырады.

Тері ауруларының пайда болуына ішкі ағзалардың ауыруы да себеп болып жатады. Мәселен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, иммунитеттің төмендеуі тері ауруларына әкеп соқтырады. Көп жағдайда адамдар ішкі ауруларын анықтамай жатып, косметологке жүгінеді. Ал ішкі ағзаларды емдеп алмай косметологке бару — ақшаны желге шашқанмен бірдей.  Сондықтан ем нәтижелі болу үшін алдымен медициналық тексерістен өткен жөн.

Бет күтіміне немқұрайды қарамау керек. Әсіресе жасөспірімдердің бетіне безеу жиі шығады. Олар көбіне безеуді қолмен сығып жатады. Бұл дұрыс емес, ол жараның тітіркенуіне, одан әрі асқынуына әкелуі мүмкін. Мәселен, бір пациент бетіне шыққан кішкентай безеуді өздігінен кетіремін деп жылдар бойы гормоналды жақпамайларды жаққан, соның салдарынан ол асқынып, қызғылт безеу пайда болып, тері қабыршақтанып, терісі қабынған, — дейді Майра Қанаева.

 P.S. Орталық­тың жастар үшін жыл бойы есігі ашық. Мұнда келушілер жылдың әр мезгілінде медициналық тексерістен өтіп қана қоймай, дойбы, шахмат ойнап бой сергіте алады. Одан бөлек караокеде ән айтып, түрлі семинар-тренингтерге қатысуына барлық жағдай жасалған. Жасөспірімдердің тәрбиесі мен денсаулығын нығайту бағытында қызмет атқаратын осындай орталықтарды көбейту керек дейді мамандар.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button