Басты жаңалықтарДенсаулық

Көктемгі әлсіздік: балаға қандай дәрумен керек?

Халқымыз көктем мезгілін «қараөзек шақ» немесе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп атайды. Жылдың осы мезгілінде көп адам көңіл күйінің нашарлағанын, жұмысқа деген қабілеті төмендеп, енжарлық пайда болғанын байқайды. Ұйқысы келіп, тез шаршайды. Ал дәрігерлер «бұндай белгі ағзадағы дәрумендер қорының азайғанын білдіреді» дейді. Себебі дәрумен жетіспесе,әлсіздік пайда болады. Дәрігерлер бұл уақытта  балалар да жиі сырқаттанатынын айтады. Себебі көктемде үлкендерге қарағанда балаға дәрумендер екі есе қажет екен. Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Бұхарбаева баланы көктемгі әлсіздіктен сақтаудың жолын айтып берді.

БАЛАЛАРДАҒЫ ДӘРУМЕН ТАПШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?

Дәрігердің айтуынша, дәрумен жетіспеген кезде бала тез ашуланады, терісі құрғап, шашы түседі. Аурушаң болады. Тәбеті нашарлап, ұйқысы қашады. Іші өтуі немесе іші қатуы мүмкін.

— Дәрумен тапшылығының белгілері байқалса, баланы дәрігерге апару қажет.  Ағзада қандай дәруменнің жетіспей тұрғанын анықтау керек. Қазір балалардың көпшілігінде дәрумен жетіспеушілігі байқалады. Балалар тамақ ішкісі келмейді. Себебі ата-аналар тәттіні көп береді. Дүкендерде неше түрлі тәтті сусындар, құрамы белгісіз кәмпит тәрізді тәттілер толып тұр. Оның денсаулыққа қалай әсер етіп жатқанына ата-ана көп бас қатырмайды. Ал тәтті балаға уақытша тоқшылық әкеліп, тәбетінің бұзылуына әсер етеді.Бала қарнының ашқанын білмейді. Бұдан бөлек ұялы телефонға ұзақ уақыт үңіліп отыру да баланы әлсіретеді. Телефонға қараған бала қарнының ашқанын ұмытып кетеді. Бұның соңы гиподинамияға, яғни қимыл-қозғалыстың шектелуіне әкеледі. Қимылдамаған, жүгіріп ойнамаған баланың тамаққа тәбеті болмайды. Осылайша дұрыс ас ішпеген бала дәрумен тапшылығына тап болады, — дейді дәрігер.

Мәселен, денеде Адәрумені жетіспесе, баланың көру қабілеті төмендейді. Темір жетіспеушілігі анемия, есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне әкеледі. Ал йод тапшылығы кезінде  ақыл-ой кеш дамиды, бойы өспейді. Егер С дәрумені тапшы болса, бала аурушаң болады. Цинк төмендегенде иммунитет әлсірейді.

ТАСҚЫН: ЖҰҚПАЛЫ АУРУДАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Жанар Бұхарбаеваның айтуынша, қараөзек шақта балалар арасында қаназдық, вирусты диарея секілді аурулар жиілей түседі екен. Оның үстіне биыл облыста су тасқыны болды. Ал тасқын болған аймақтарда А гепатиті өршуі мүмкін. Бұл — жұқпалы ауру. А гепатитінің вирусы жеміс-жидекті жумай жегенде, қайнамаған су ішкен кезде, ластанған су айдындарына шомылғанда және тұрмыстық бұйымдар арқылы жұғады. Вирус жұқтырған баланың қызуы көтеріледі, әлсірейді, тәбеті қашып, басы айналады. Лоқсып, құсуы мүмкін. Ештеңеге зауқы соқпайды. Дәрігер аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан-ақ емханаға апаруға кеңес береді.

Биылғы су тасқыны өте қатты болды. Қала емес, аудандардағы ахуалды да көріп, біліп отырмыз. Осындай қарбалас сәтте үлкендер балаға мән бермей, ауруды асқындырып алуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар баладан қандайда бір ауру белгілері байқалса, уақыт өткізбей  дәрігерге апарғаны жөн. Себебі көктемде бала ағзасы дәруменді екі есе қажет етеді. Дәрумен тапшы болса, бала жұқпалы ауруға жиі шалдығады. Бұл ағзаның одан сайын әлсіреуіне әкеледі, — деді Жанар Бұхарбаева.

Вирусты гепатит асқазан ішек-жолдарының шырышты қабаты арқылы сіңіп, бауырды зақымдайды, қан айналым жүйесін бұзады. Аурудың  орташа және ауыр түрлерімен ауырған балаларды міндетті түрде ауруханаға жатқызу қажет. Бауыр қызметі толық қалпына келуі үшін баланың тамақтануына  мән беру керек. Тұздалған, сүрленген тағамдарды беруге болмайды.

ДӘРУМЕНДІ ҚАЙДАН АЛУ КЕРЕК?

Адам бойындағы әлсіздікті жеңу үшін қолданылатын дәрілік дәрумендерге қарағанда табиғи көздерден алынатын дәрумендерді көбірек тұтынған абзал. Сондықтан дәрігерлер көктемде ас мәзіріне көкөністерді мейлінше көп пайдалану керектігін айтады. Әсіресе сары май, жұмыртқа, балық, ет, сүт, теңіз өнімдері, ірімшік күнделікті ас мәзірінде болуы. Себебі аталған тағамдарда дәрумендердің қоры көп. Бұлар дәрілік дәрумендерге қарағанда ағзаға жақсы сіңеді.

Мәселен, баланың сүйегі берік болуы үшін кальций, фтор керек. Егер бұл витаминдер жеткілікті болса, баланың бойы ұзын, сүйектері берік болып өседі. Тері құрғап, көздің көру қабілеті төмендесе, А дәурменіне бай тағамдарды көбірек тұтынған жөн. Жалпы көктемде дәрумен тапшылығын жою үшін дәрігер кеңесімен дәрумендік жиынтықтарды қабылдаған дұрыс. Бұндай жиынтықтарды дәріханадан алған жөн. Экодүкендерден де алуға болады, — деді Жанар Бұхарбаева.

Жалпы, көктемде барлық адамдарда әлсіздік пайда болады. Егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмаса, адам жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді. Сондықтан дәрігерлер көктемде үлкендер өздерін де балаларды да әлсіздіктен құтқарып, дәруменге бай тағамдарды тұтынып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

ЕЛІМІЗДЕ 16  САНАТОРИЙ СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІ ТЕГІН ҚАБЫЛДАЙДЫ

Денсаулық сақтау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ұйымдастыру жұмысын жалғастырып жатыр. Министрлік еліміздегі 16 санаторийлік-курорттық ұйым тасқыннан зардап шеккендерді тегін қабылдайтынын мәлімдеді.  Оның 12-сі Түркістан облысында орналасқан. Сондай-ақ Бурабай, Семей, Алматы қалаларындағы және біздің облыстағы Алға ауданындағы санаторийлер зардап шеккендерді қабылдауға дайын.

Жалпы,бұл орталықтар  бір мезгілде 190 адамды қабылдай алады. Оңалту курсы 10-нан 14 күнге дейін болады. Бұл зардап шеккендерді мүмкіндігінше санаторийлік емдеумен қамтуға мүмкіндік береді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ жергілікті атқарушы органдарға санаторийлерде дереу орналастыру қажет адамдардың тізімін ұсыну қажеттігі туралы хабарлады.
Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына, соның ішінде балаларға қажетті медициналық көмек және психологиялық оңалту көрсетіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button