Үздік тәжірибелер орталығы ашылды
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің отбасылық медицина клиникасы базасында үздік тәжірибелер орталығы ашылды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов және медицина қызметкерлері, оқытушылар, «Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығының сарапшы-жаттықтырушылары қатысты.
Жиында университет ректоры Әсет Қалиев орталықты ашудағы мақсат — әлемдік деңгейдегі озық инновациялық әдістерді практикалық қызметке енгізе отырып, халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа тиімді моделін құру екенін айтты.
—Бұл — халықаралық стандарттарға сәйкес халыққа әлеуметтік сала мен интеграцияланған, біріккен орталық. Бұл жерде ұйымдастыру жұмысының өз ерекшеліктері бар. Яғни медицина қызметкерлері мультидисциплинарлық команда ретінде жұмыс жасайды. Отбасылық дәрігермен бірге орта буын қызметкерлері, акушер, әлеуметтік қызметкер, психологтер бір команда болып қызмет көрсетеді. Мұндай үздік орталық дайындау бойынша бір жыл бойы жұмыс жүргізілді.Қазір есігін ашып жатыр. Бұл жерде тек дәрі беріп, емдеу емес, аурудың пайда болу мәселесі қаралады, — деді университет ректоры.
2022 жылдың күзінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен «Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бірлескен ынтымақтастық шеңберінде интерьер дизайн, материалдық-техникалық базаны жақсарту, ерлер мен әйелдер денсаулығы, салауатты өмір салты кабинеттері, саll-орталығы, тренинг орталығы, «Самғау» жастар денсаулық орталығы секілді жаңа құрылымдарды ашу бағытында жұмыстар жүргізілді.
«Primare Health Care» Ұлттық қауымдастығы үздік тәжірибелер орталығының жұмысын ұйымдастыру бағытында психологтерді, әлеуметтік қызметкерлердіжаңа технологияларға оқыту бойынша көмек көрсетті.
Үздік тәжірибелер орталықтарын ашу жобасы — бұлмедициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартудың жаңа деңгейі.
Жиын соңында үздік тәжірибелер орталығын ашуға үлес қосқан медицина қызметкерлері марапатталды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.