Әлеумет

Жеке мәселелер қаралды

Онлайн жиын

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтардың одағы» қоғамдық ұйымы мүшелері облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Б.Елеусінованың қатысуымен Zoom платформасы арқылы онлайн жиын өткізді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ақпараттық-кеңестік қызметтерді көрсету және түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Инва-кеңес» жобасын жүзеге асыру аясындағы бұл шараға мүгедек азаматтар қатысып, басқарма басшысына сұрақтарын қойды.

Шараны жүргізген «Қоғамдық қабылдау» модераторы Гүлмирам Сражова онлайн жиын барысында кейбір азаматтардың «BizBirgemiz» қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж азаматтарға, оның ішінде көмек қажет ететін мүгедектерге берілген 50 мың теңге көлеміндегі қаражатты алмағаны, төтенше жағдай кезінде коммуналдық төлемдер үшін мұқтаж азаматтарға 15 мың теңге көлеміндегі қаражаттың толық берілмегені, санаторлы-курорттық ем, көші-қон сұрақтары, жерлеу рәсіміне қатысты берілетін қаражат, отбасындағы әлімжеттік пен адам құқығының аяққа тапталуы, протез жасау мәселелері туралы сұрақтар қойды.

Бала жастан 3-топ мүгедегі Н.Байсеуіповтің санаторлық-курорттық емделуге қатысты сұрағына: «Сіз санаторлық-курорттық емделуге Алға қаласындағы «Шипагер» санаториясына тамыз айына тіркелгенсіз, тамыз айында жолдама беріледі», — деді басқарма басшысы.

Ресейлік азамат, 2-топтағы мүгедек Асия Вафина қазір Ақтөбе қаласында сіңлісінің үйінде тұрып жатқанын, анасы төсек тартып жатқасын, кете алмай, сіңлісімен бірге бағып-күтуі қажеттігін айтты. Алайда ол елде болу мерзімі біткен кезде амалсыз Ресейге кетуге мәжбүр болатындығын айтады. Оның жағдайында уақытша тіркелу де мүмкін емес екен.

— Ақтөбе қалалық миграция қызметінің мәліметі бойынша екі ел арасында  «Отбасы мүшелерінің қосылуы» бағдарламасы жұмыс жасайды, оны Халықтық кеңсеге қажетті құжаттар тапсыру арқылы рәсімдеуге болады. Оған қосымша қазіргі таңда Ресей Федерациясымен келісе отырып, карантинге байланысты виза мерзімі 30 күнге созылды, — деді Б.Елеусінова.

Басқарма басшысы әрбір сұраққа жеке-жеке жауап беріп, барлық мәселенің орындалуын қадағалайтындығын айтты.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button