Әлеумет

Жылу берілді. Үйіңіз жылы ма?..

…Қазір қала түгелдей жылумен қамтылып болды. Бұл туралы газеттерден оқып, телеарналардан естіп, біліп жатырмыз. Біздің үйімізге әлі жылу берілген жоқ. Бірнеше рет «Трансэнерго» мекемесіне хабарластық, олар: «Біз қаланың әрбір көпқабатты  үйіне  дейін жылуды жеткізіп отырмыз. Ал пәтерлерге жылу беру ісі біздің міндетімізге жатпайды», — дейді. Кешегі ызғарлы түндерде үйімізді газ плиталармен жылытуға тура келді. Жыл сайын біз жылуды сезінбейміз, — деп редакциямызға қаладағы Чекалин көшесі бойындағы 30 «б» жатақхана тұрғындары атынан Айгүл хабарласты. Мән-жайды ести сала, жылусыз отырған үйге біз де жеттік.

Тұрғындар жауапсыздығынан жылу жоқ…

Іргетасы 1978 жылы жатақхана ретінде қаланған қаладағы Чекалин көшесі 30 «б» үйді бүгінде 100-ге тарта адам мекендейді. Мұнда тұрғындардың көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Иесіз қалған жатақхана тұрғындары осыдан алты жыл бұрын өз іштерінен кондоминиум тағайындайды.

Бұл қызметті атқарып жатқаныма алты жылдай уақыт болды. Бұл істе маған жолдасым Батырғали көмек береді. Қазір жатақхана жылусыз тұр. Мен бұл үшін «Трансэнерго» мекемесінің мамандарын кінәлай алмаймын. Өйткені жылу мекемесі жатақхана ғимаратына дейін жылуды уақытында жеткізіп берді. Енді жылуды пәтерлерге жеткізу ісі өз міндетімізге жатады. Әйтсе де жатақханадағы үш-төрт пәтер тұрғындарының жауапсыздығынан барлық үй жылусыз отыр. Олар уақытында пәтер ішіндегі жылу құбырларын реттемеген. Үйдің ең төменгі қабатынан жылуды жіберсек, мұндағы барлық пәтер суға кетеді. Сондықтан да жылу өз тұрғындарымыздың жауапсыздығынан уақытында берілмей отыр, — деді жатақхана кондоминиумының төрайымы Ақкүміс Шәгірова.

Пәтерлерді ыстық судан ажыратамын…

Біз Ақкүміс апайды жатақхана ғимараты алдынан кезіктірдік.

Мен жауапсыз тұрғындар үшін басқаларынан сөз естігім келмейді. Жатақхананы жыл сайын түрлі пәтер жалдаушылар мекендейді. Уақытша паналайтын олар тұтынған коммуналдық қызметтері үшін ақша төлеуден қашады. Өзім бұл жатақханада отыз жылдан бері тұрамын. Көршілерімнің барлығын танимын. Жатақхананы тұрақты мекендейтін тұрғындар ғана коммуналдық қызметке ақшаны уақтылы береді. Ал пәтер жалдаушылар ақша бермек түгілі, үйдің ішкі жылу құбырларын жөндеуді ниет етпейді. Қазір бірқатар пәтерлердің жылу батареялары дәлізде жатыр, — дейді Ақкүміс апай.

Біз жатақхананың бірінші қабатында тұратын Сергейдің пәтеріне кірдік. Суық пәтердің іші де жайсыз. Пәтер иесі жылу батареясынан аққан суды шлангы арқылы далаға ағызып отыр.

Жылу құбырларын екі күннің ішінде реттеуге тырысамын. Жазда бұл жұмыстарды атқару үшін қаражат жетіспеді. Арнайы мамандарды да шақыртып қойдым, — деп Сергей біз барғанда ағынан жарылды.

Ақкүміс апай тұрғындардан жиналған қаражатқа ыстық су жүретін құбырды бекітуге жапқыш (задвижка) алыпты.

Жауапсыз тұрғындардың пәтерін ыстық судан ажыратудың жолы осы ғана. Мен олардың пәтерлеріне тартылған ыстық су құбыры қадаушасын арнайы мамандардың көмегімен ажыратып, жапқышпен бекіттіртемін. Бұл қызметтері үшін оларға 2000 теңге төлейтін болып келістім. Пәтерлері ыстық судан ажыратылатын тұрғындарға бұл жағдай алдын ала ескертілді, — дейді ол.

Қазір бұл жатақхана тұрғындарының 10 пайызы ғана коммуналдық төлемді уақытылы төлейді.

Қарттардан қынжыламыз…

Ақбазар Жәмішева бұл жатақханада 25 жылдан бері тұрады. Екі бала тәрбиелеп өсірген Ақбазар жатақхананың ішкі жұмыстарын реттеп отыратын комиссия мүшелерінің бірі.

Менің екі балам да естияр. Жатақханада жаңа туған сәбилер, қарт кісілер бар. Онсыз да денсаулығы сыр беріп жүрген қарттарымыздың жылусыз пәтерде отырғаны бізді қынжылтады. Дегенмен де, арамызда пәтерлерінің ішкі жұмысына жауапсыз қарайтын тұрғындар бар. Қазір жатақхананың ең төменгі бөлігі шіріп жатыр. Жыл сайын ғимараттың төменгі бөлігіне екі рет дезинфекция жасалады. Тышқандар мен шыбын-шіркейден арылту үшін дезинфекция жұмысына жиырма мыңның айналасында тұрғындардан қаражат жиналады. Дегенмен де, тұрғындар арасында тазалыққа аса мән беріп жатқандары аз, — деді Ақбазар.

Қысқа сақадай саймыз…

Қазан айы басталысымен қаладағы балабақшалар мен мектептерге, медициналық мекемелерге бірінші болып жылу беріле бастады. Қазір «Трансэнерго» мекемесінің қызметін қалалықтар түгел тұтынып отыр. Биылғы жылыту маусымына дайындықтың қаншалықты деңгейде екенін білмек болып біз  «Трансэнерго» мекемесінің бас инженері Олжас Мектепбаевты сөзге тартқан едік.

Біздің алдымызға қойған негізгі мақсатымыздың өзі негізгі және қосалқы жылу-энергетикалық жабдықтардың жылыту маусымына толық көлемде қызмет етуін қамтамасыз ету болып табылады. Біз бұрынғы жылыту маусымдарындағы атқарылған жұмыстарды талдаудан өткізе отырып, алдағы жүзеге асырылатын шаралардың жоспарын кең көлемде жасақтадық. Өткен жылу маусымы аяқталғаннан бері қаладағы 197 шақырымдық жылу желісіне, жиырма үш қазандыққа, су айдау станцияларына, 79 элеваторлық және сегіз мыңнан астам тіректі желілерге  ағымдағы жөндеу жүргізу қарастырылған болатын. Осы жұмыстардың барлығы толығымен жүзеге асырылды, — деді ол.

«Жол картасы» негізіндегі сапалы жұмыс

Биыл мердігерлік ұйымдардың күшімен қаладағы алты мың шақырымдық жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу қолға алыныпты. Мұның ішінде 3 мың шақырымға жуық жылу желілеріне жасалған жөндеу жұмыстары «Жол картасы» бағдарламасы негізінде атқарылған.

Шынында да, «Жол картасы» бағдарламасы көптеген күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр. Осы желімен ғана біраз шаруалар тындырылды.

Мәселен, Абай даңғылындағы 1350 метрлік желі бойынша қаладағы «Саят жолы» мекемесі 397 миллионнан астам теңгенің жұмысын атқарды. Сондай-ақ Ломоносов, ағайынды Жұбановтар, Тургенев, Гришин көшелері, Бейбітшілік даңғылы мен Севастополь көшесі аралығы жылу құбырлары да осы бағдарлама аясында жөндеуден өтті. Бұл жерлерде «Казтеплоэнергомонтаж», «СанстройМонтаж» мекемелері жұмыс істеді. Көзделген жұмыстардың барлығы да дер кезінде және сапалы түрде орындалды. Бұл бізге жылуды үздіксіз және нормаға сәйкес беріп тұруымызға мүмкіндік беріп отыр. Қорыта айтқанда, «Жол картасы» бойынша  барлығы 528 миллионнан астам теңгенің жұмыстары жүзеге асырылды, — дейді Олжас Амангелдіұлы.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button