Жаңалықтар

Қанат БОЗЫМБАЕВ, Премьер-Министрдің орынбасары: Зардап шеккен әр отбасының өз баспанасы болады

Кеше облысымызға арнайы іссапармен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Облыс әкімдігінде құзырлы орган басшыларының басын қосқан жиын өтті. 

Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров аймақта су тасқынының салдарын жоюға қатысты атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста өзендердегі су деңгейі төмендеді, жағдай тұрақты. Тек Ырғыз ауданында су — бір деңгейде.

—  Қазіргі кезде барлық күшіміз толығымен су тасқыны салдарын жоюға бағытталып отыр. Облыста барлығы 4600-ден астам үйді су басты, 136 шақырым автомобиль жолы және 15 көпір зақымдалды. Сондай-ақ 23 әлеуметтік нысан және 84 шағын және орта бизнес субъектісі  зардап шекті. Бүгінде су тасқынынан болған шығынды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 миллиард теңге бөлінді, — деді облыс әкімі.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облысқа жасаған сапары аясында құлаған біраз үйді көргенін, бұл орайдадемеуші компаниялар — «Верный капитал» компаниялар тобы, BI Group холдингі және «Қазхром» трансұлттық компаниясының басшылары бірге келгенін айтты. Олар зардап шеккендер үшін дайын үйлерді сатып алуға немесе баспана тұрғызуға, болмаса тасқыннан зақымдалған үйлерді жөндеуге тиісті қаражат бөлуді бастаған.

Ақтөбе облысында 1400-ден астам тұрғын үй су астында қалғаны белгілі. Сонымен қатар 3180-нен аса саяжай үйлерін су басты. Жалпы айтқанда тасқыннан зардап шеккендер үшін шамамен 4600-ден аса үйді жөндеп немесе жаңа баспана салуымыз қажет.Тәжірибе көрсеткендей, салынатын үйлерді  қауіпсіз жерде тұрғызу мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр. Сондықтан бұл жұмысты қолға алу үшін арнайы келіп отырмын. Бағалау жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Дегенмен алдын ала бағалау бойынша шығын көлемі шамамен 27-29 миллиард теңге болып отыр.

Тасқын салдарынан бұзылған жолдар, көпірлер, электр торабын қалпына келтіру шығындары бюджет есебінен төленетін болады. Қазіргі таңда тиісті қаражат қарастырылып, техникалық негіздемелері жасалып жатыр. Бұл орайда пәтерлерді сатып алу жұмыстары неғұрлым жылдам жүргізіледі. Сондай-ақ екі-үш айдың көлемінде бүлінген үйлерді жөндейміз. Ал жөндеуге келмейтіндері болса, оның орнына жаңа пәтерлер сатып алынады, болмаса жаңадан үй тұрғызылады. Бұл орайда айта кететін мәселе, еліміз бойынша барлық аймаққа бір типте үй салынады. Әр үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр болады.Ең бастысы, салқын түскенге дейін бұл облыста тасқыннан зардап шеккен әр тұрғынның басында өз көңілінен шығатындай заманауи әрі жылы баспанасы болады,— деді Қ.Бозымбаев.

Ол  әлеуметтік төлемге қатысты Ақтөбеде атқарылып жатқан жұмыстың қарқыны әлдеқайда жоғары екенін айтты.

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге «Болат Өтемұратов қоры» 10 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Бұл қаражат Ақтөбе қаласы мен аудандарда су тасқыны кезінде зардап шеккендерге жаңа баспаналы болуға бағытталмақ. «Верный капитал» компаниялар тобы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Өтемұратовтың айтуынша, өткен аптада Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылында жаңа баспаналарды сатып алу жұмыстары басталды. Алғашқы сатып алынған 5 үй тасқыннан зардап шеккендерге берілген.  Осы аптада қосымша 15 үйді беру жоспарланып отыр.

Қобда ауылында құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Біздегі жоспар — аталған ауданда су тасқынынан зардап шеккендер үшін 150 үйдің құрылысын қаржыландыру. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендер үшін Ақтөбе қаласында дайын үй сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр, — деді ол.

Ал BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, су тасқынан зардап шеккендерге компания атынан 5 миллиард теңге бөлінген. Оның 2 миллиард теңгесі Ақтөбе облысына бағытталыпты. «Қазір бұл облыста жұмыс атқарып жатқанымызға үш аптайдай уақыт болды. Ақтөбеге бөлінген қаражат тасқыннан зардап шеккендерге үй алу, баспана салуға ғана көзделді», — деді.

«Қазхром» трансұлттық компаниясының бас директорыСергей ПрокопьевERG компаниялар тобына қарасты барлық кәсіпорын тасқыннан зардап шеккендерге және су тасқынының салдарын жоюға қолдау танытып жатқанын, топ тарапынан шамамен 40 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтты. Бұл компания облыста су тасқынының алғашқы күндерінен бастап-ақ қалалық және облыстық әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button