Мереке

Болашақ сарбаздарды шығарып салды

Азаматтық борыш

Отан қорғаушылар күніне орай Қорғаныс министрлігінің №30238 әскери бөлімінде әскерге шақырылған ақтөбелік азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, еңбек ардагерлері, әскерге шақырушылардың аналары мен туыстары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Асхат Шахаров жастарды өмірлеріндегі жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, сәт-сапар тіледі.

Бүгін, міне, сіздер Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау үшін әскерге аттанып барасыздар. Әскерде жүріп, жігерлі, батыл әрі шыдамды болуға үйренесіздер. Отанға адал қызмет ету деген ұғымды өзгелерге үлгі етесіздер. Отан алдындағы қасиетті борыштарыңызды абыроймен атқарып, әскери анттарыңызға адал болыңыздар, —  деді облыс әкімі.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әділет Отарбаевтың айтуынша, осы жолы 40 сарбаз Абай гарнизонына қарасты №30217 әскери бөліміне азаматтық борышын өтеуге, халықтың тыныштығын қорғауға аттанды.

 Сарбаздарға ақ жол тілеп, үлкен үміт пен міндет жүктеп шығарып салдық. Барлығы кешенді тексеруден өтіп, жан-жақты дайындықпен бара жатыр. Әскерге 18-27 жас аралығындағы жігіттер алынды. Жас сарбаздар алдағы уақытта да Қарулы Күштерге, шекара қызметіне, Ұлттық гвардияға және мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі. Әскери борышын өтеп келген соң, офицерлік жолды таңдап, көптеген  салаларда қызметке орналасып жатқандары да бар. Көктемгі әскерге шақырту науқаны 30 маусымға дейін жалғасады, — деді полковник Әділет Отарбаев.

Отан алдындағы парызын адал атқаруға аттанған сарбаздардың бірі — Ернұр Ұлықпанов. Ол су тасқыны кезінде еріктілермен бірге жұмыс жасап, табандылығымен көзге түскен.

— Мен Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің жоғары колледжінде оқимын. Әскерге Отан алдындағы борышымды өтеуге бара жатырмын. Ел тыныштығын қорғау әрбір азаматтың абыройлы міндеті деп білемін, — дейді жас сарбаз.

Салтанатты іс-шарадан соң Ашық есік күні өткізіліп, заманауи әскери техника мен қару-жарақ көрмесі мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілеріне таныстырылды.

Бұл менің әскери бөлімге алғаш келуім. Салтанатты іс-шараға Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің білім алушылары арнайы қатысты. Колледж базасында алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Ербол Құлтанұлы оқушыларға қару-жарақты дұрыс құрастыруды үйретеді. Әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсімін тамашалай отырып, сарбаз болуға деген құлшынысым арта түсті, — дейді Әмір Беспаев.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button