Жаңалықтар

Әуежайдағы жанармай құю кешені

Жаңа жоба

Кеше Ақтөбе халықаралық әуежайында жаңа жанармай құю кешенінің іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Ақтөбе әуежайының Басқарма төрағасы Дастан Малиев және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры Ильдар Шамсутдинов қатысты.

Алдымен басқосуда үш тарап жаңа жобаның мақсат-міндеті мен маңызыжайында сөз қозғады.

Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, жаңа кешеннің құрылысы пилоттық жоба аясында жүзеге асырылмақ. Жаңа кешенде РТ, ТС-1 авиациялық отынымен қатар, Jet A-1 маркалы авиаотынды да пайдалануға болады. Бұл жоба өңірдің дамуына серпін беріп қана қоймай, еліміздің транзиттік әлеуетін көтеруге зор үлес қосады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту керектігін айтып, өңірлерге арнайы тапсырма берген-ді. Міне, аталған жоба Президентіміздің осы тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды өңіріміздегі белгілі компания — «ҚазМұнайГаз-Аэро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алып отыр. Облыс әкімдігі жаңа кешеннің салынуына барынша қолдау көрсететін болады. Біз үшін ең бастысы — жолаушылардың қауіпсіздігі мен заман талабына сай экологиялық технологиялардың қолданылуы, — деді Ғ.Елеуов.

Жиында облыс әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұдан кейін аталған топ жаңа кешен салынатын аумаққа барып, құрылыс жүргізілетін алаңға капсула салды. Мұнда құрылыстың бірінші кезеңінде көлемі 600 текше метр болатын жылжымалы отын құю кешені салынады, сондай-ақ жанармай құятын екі көлік сатып алынады. Ал екінші кезеңде 20 мың текше метрлік стационарлық резервуар паркі, төгу-құю эстакадасы, диспетчерлік орталық, т.б. нысандар салынады.

— Бұл жобаның облыс үшін маңызы зор. Әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, мұндай кешендер Еуропа елдерінде, Үндістанда, Ресейде бар. Сондықтан жаңа жоба халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл жерде алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары ашылып, әуе тасымалдаушылары үшін отын сервисінің сапасы жоғарылайды. Аталған жобаның құны — 5-6 миллиард теңге. Жаңа кешен 2026 жылы пайдалануға беріледі, — дейді «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры И.Шамсутдинов.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button