Әлеумет

Ас көп. Алаңсыз тамақтанасың ба?

Ілгеріге қарағанда қазір қаладағы қоғамдық тамақтандыру орындарының саны артты. Әсіресе, қала сыртына  шығатын жолдардың бойы мен халық жиі жүретін аудандарда шағын асханалар мен кафелер көп. Оған қоса жыл сайын ірі мейрамханалардың да саны көбейіп келеді.

Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орындарының бақылауында облыс бойынша 630, ал қалада 393 қоғамдық тамақтандыру орны бар. Мамандардың айтуынша, санитарлық талапты шағын мекемелер жиі бұзады екен. Жыл басынан бері облыс бойынша 33 нысан жабылса, оның 26-сы қалада орналасқан. Сондай-ақ 1606 нысанға айыппұл салыныпты.

Талап және тексеріс

Қоғамдық тамақтандыру орындары эпидемиологиялық маңызы бар нысандардың қатарында болғандықтан жиі тексерілуі қажет. Егер санитарлық талаптар орындалмаған жағдайда түрлі ішек аурулары өршіп, жаппай улану оқиғаларының орын алуы мүмкін.  Алайда өткен жылдан бастап тексеру жұмыстары басқаша бағыт алыпты. «Жеке кәсіпкерлікті қолдау» заңына өзгерістердің енуіне байланысты, санитарлық қадағалау мекемесінің мамандары тексеретін нысанға бір ай бұрын ескерту хабарын жібереді екен. Сөйтіп олар мамандардың қай уақытта келетінін алдын ала біліп отырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің тамақ нысандарына санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы Нәзима Сербаева бұрынғыдай тосыннан келіп тексеруге жол берілмейтінін айтты.

— Бұндай өзгеріс, бір жағынан, онсыз да тексеруі көп шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашса, екіншіден, тексеру мерзімін білетін кәсіпкер тазалықтарын қайта пысықтап, нысанды тәртіпке келтіруді басты орынға қояды. Дегенмен, бұның көңілге қонбайтын да тұсы бар. Мәселен, біз тексерген уақытта тез бұзылатын, сатуға болмайтын үй тағамдарын сөреден алып тастап, тексеру аяқталған соң қайта қоюы мүмкін. Ал аяқ астынан тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Дегенмен, өзгерістерге байланысты болар, өткен жылға қарағанда заңбұзушылықтар әлдеқайда азайды.

Сондай-ақ  тазалық сақталмаса санитарлық ұйғарым беріліп, айыппұл салынады. Облыс бойынша жыл басынан бері салынған айыппұл көлемі — 12 95 161 теңге, — деді.

Жиі кездесетін санитарлық заңбұзушылықтардың бірі — тамақтандыру орындары қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтпеуі.  Бұлар арнайы декреттелген топ болып саналады. Яғни олар өздері ауырмаса да  ауру тудыратын аса қауіпті вирустарды тасымалдауы мүмкін. Сондықтан қызметкерлер алты ай сайын медициналық тексеруден өтіп тұруы керек. Осы орайда облыс бойынша 231 адам уақытында тексерілмегені үшін жұмыстан шеттетілген. Сонымен бірге, тамақ өнімдерін сақтау ережелерінің бұзылуы, олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы секілді тәртіпті бұзған тамақтану орындары жиі кездескен.

Оның ішінде «ЖК Назарова» дәмханасы мен «Ұлдана» асханасы, «Севан» кәуапханасы және «Қанағат», «Бестау», «Пивной рай» кафелері  бар. Қызметін уақытша тоқтатқан нысандардың бірқатары кемшіліктерді жойып, қазір жұмысын жүргізіп жатыр.  Ал аудандардағы санитарлық талапқа сай келмеген жеті қоғамдық тамақтандыру орнының бүгінде бесеуі олқылықтың орнын толтырып, ісін әрі қарай жалғастыруда. Ал мұндай кемшіліктер  Алға, Хромтау, Мәртөк аудандарында да кездескен екен.

Шағын нысанға неге шағым үйір?

Нәзима Қалыққызының айтуынша, жол бойында орналасқан, әсіресе, қызмет көрсету ауқымы елу адамға жетпейтін  шағын тамақтану орындарына қатысты сын көп.  Ал жаңа заман және  нарық талабына сай жұмыс істейтін үлкен мейрамханаларда  санитарлық тазалық мәселесіне қатысты кемшіліктер жоқтың қасы. Өйткені олар келушілерді тарту мақсатында барлық жағдайды жасайды.

Жалпы, санитарлық тазалықтан бөлек, тексеру жұмыстары микробиологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша жүреді. Оның ішінде кремді кондитерлік өнімдер мен тез бұзылатын тағамдар микробиологиялық тексеруден жиі өтеді. Мәселен, 001 грамм кондитерлік өнімде  1000 микроб болса, ол адам ағзасына қауіп төндірмейді. Егер өнім пайдалану мерзімінен өтіп кетсе немесе тоңазытқышта сақталмаса, әлгі микробтардың саны артып, тағамның бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан дүкеннен немесе сауда орындарынан осындай өнімдерді сатып аларда аса сақтықпен қараған жөн. Өйткені сальмонеллез, дизентерия секілді ішек аурулары бұзылған тағамдарды ішіп-жегеннен пайда болатынын естен шығармаған абзал.

Ал санитарлық химиялық тексеру кезінде негізінен тағамның сапалы өңделуіне, дұрыс пісірілуіне  мән беріледі. Бұл тұрғыда талапты жиі бұзатын — кәуапханалар. Аталған департаменттің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша «Атамекен» кондитерлік цехы өндірген кремді бисквиттен және  «Қуаныш» ЖШС-ның котлет қосылған макаронынан алынған сынамалардан  тағам дайындау технологиясының бұзылғаны анықталған. Яғни ішек бактериясы табылған. Сондай-ақ тексеру кезінде «Алания» кафесіндегі фритюрді майдың (сұйық май) санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сай келмегені белгілі болды.  Аспаздар майды үнемдеу мақсатында оны жеті қайтара қуыруға пайдаланған екен. Нәтижесінде тотығу заттары көбейіп, канцерогенді заттар пайда болған.

Көше тамағына тамсанба!

Апта сайын жүргізілетін ішек ауруларына қатысты мониторинг кезінде,  көшеден сатып алған бәліш, самса, сүт тағамдарынан ауру жұқтырғандар тіркелген.

Тағам сапасына байланысты  былтыр департамент бақылауындағы 4 және заңсыз жұмыс істеп келген 11 самса  дүңгіршегін қалалық әкімдікке хабарласып жаптырдық. Өйткені самса арқылы ішек ауруын жұқтырғандар болды. Сондықтан қала тұрғындарының көшеден тамақ алмағандары жөн. Әсіресе, көпшілік, оның ішінде жастар кез келген тамақтану орнынан картоп қосылған бәлішті жиі сатып алып жатады.  Ал картоп өте тез бұзылатын тағам, — дейді Нәзима Сербаева.

Сондай-ақ бөлім бастығы Орталық базар сыртында сатылып тұрған тағамдарға да аса сақтықпен қарау қажет екенін ескертті. Бұрын «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекс бойынша, бұл жердегі бейберекетсіздікке  ішкі істер саласының қызметкерлері жауап берсе, бұл шаруа биыл қаңтардан бастап кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының құзырына көшіпті. Санитарлық-қадағалау мекемесінің мамандары бақылаудағы нысанға жауап беретін болғандықтан тұрғындарға тек қана ескерту жасаумен шектелетінін айтады.

Ыдысыңыз таза ма?

Аурудың бұзылған ас арқылы жұғатыны өз алдына, дұрыс жуылмаған ыдыс арқылы да таралатыны белгілі. Кейде қоғамдық тамақтану орындарына бара қалсаң, қызметкерлер ыдысты шала жуып, көз алдыңда оған ас құйып береді. Түрлі қоздырғыштардың ең алдымен ыдыс арқылы жұғатынын кейбіреулер ескермейді.

Санитарлық талап бойынша асхана ыдысын жуудың өз заңдылығы бар. Әуелі тамақ қалдықтарын механикалық жолмен тазалағаннан кейін, суға жуғыш заттар қосып, ваннаның бірінші секциясында әбден тазалап жуады. Одан соң екінші секциясында (судың температурасы 40°С-тен төмен болмауы тиіс) жуғыш заттарды екі есе аз қосып қайта жуады. Үшінші секциясында ыдыстарды ағынды ыстық сумен шаяды. Бұнда судың температурасы 65°С-тен төмен болмауы керек. Содан кейін тор көзді сөрелер мен стеллаждарға қойып кептіреді.

Өкінішке орай, бұндай тәртіппен ыдыс жууға көптеген қоғамдық тамақтандыру орындары салғырттықпен қарайды.  Мәселен, қыркүйекте өткен тексеру кезінде санитарлық қадағалау орындарының мамандары осыған тағы бір рет көз жеткізіпті. Емдеу-профилактикалық мекемелердің асханаларынан алынған 411 жұғынның 9-ы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмеген.  «Қуаныш» ЖШС-ның асхана қасығынан, облыстық перинаталдық орталықтың бірінші тағамды таратуға арналған ыдысынан және «Ақбөбек» реабилитациялық орталығында бірінші тағамға бөлінген ыдыс пен қайнатылған көкөністерді кесетін тақтайшалардан шартты-патогенді флора табылыпты.

P.S.

Сонымен, кез келген сауда нүктелерінен тағам алғанда сақтық таныту қажет. Әсіресе, жол бойында сатылатын  тағамдарға әуес болмаған жөн. Мәселен, биыл көшеден сатып алынған сүттен сарып (бруцеллез) ауруын жұқтырған дерек тіркелген. Сондықтан мамандар  сақтықта қорлық жоқ екенін айтады.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button