Әлеумет

Бұқара

  • Жастар

Біз жасаған жұмыс

Биылғы жаз жастар үшін қарбалас тірлікке толы болды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафета аясында студенттер жұмыла жұмыс жасады.

Туған елімнің көркеюіне үлес қосу әрі ата-анама қолғабыс ету мақсатында мен де емтихандарымды мезгілінен бұрын тапсырып, шілде айында студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасадым. Біздің университет бойынша жазғы еңбек маусымында 100-ге жуық  студент еңбек етті.

Біз қаладағы «Евроремонт» ЖШС құрылыс компаниясымен бірлесіп, «Казхром» Трансұлттық компаниясының кеңсесін салуға көмектестік. Жұмыстың алғашқы күнінде қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы киімдер үлестірілді. Бізге айналаны қоқыстан, арам шөптерден тазарту, әр қабаттарды сыпырып, жарамсыз құрылыс материалдарын жинау, жұмысшы ағайлар мен апайларға қолғабыс жасау жұмыстары тапсырылды. Өзімізге жүктелген жұмыстарды мезгілінде ұқыпты орындап, аға-апаларымызға қамқорлық жасай білдік. Біздің әр жұмыс күніміз есте қалатындай қызықты өтті.

Сөз соңында айтарым, осы марафон-эстафета әр жыл сайын өз жалғасын тапса, жастар үшін қолайлы болар еді.

Нұршат МИРОВА,

жалпы медицина факультетінің

2 курс студенті.

  • Алғыс

«Ұлық болсаң — кішік бол»

Дана халқымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді бекер айтпаса керек. Түсінген адамға бұл нақылда терең мағына жатыр.

Тамыз айында бір шаруалармен қалаға келген едім. Аяқ асты қатты сырқаттанып, облыстық ауруханаға түстім. Зайыбым маған тамақ әкеле жатқанда аурухананың төменгі қабатынан аудан әкімі Есімхан Есенбаевты кездестіріпті. Әр кез елдегі қарттардың көңілін сұрап, жағдайларын жасайтын басшы бұл жолы да бізге қамқорлық танытты. Зайыбымнан мән-жайды білген басшы, көңілімді сұрауға ере келіпті. Өзі де сол емханада емделіп жатыр екен. Есімхан емханадан шыққанша күн сайын дәрігерлерден менің жағдайымды сұрап, тынығу сағатынан соң қасыма келіп, көңілімді көтеріп жүрді.

Мен — жетпіс жастағы қарт адаммын. Осы жасқа жеткенше, өмірден көп нәрсені көріп, түйдім. Аудан әкімінің қарапайымдылығы мен ақылдылығы біздің отбасымызды разы етті. Мен сияқты қарапайым зейнеткерге ықылас бөлген басшыға айтар алғысым шексіз. Өзге салада басшылық танытып жүрген жастар осындай жаны жайсаң азаматтардан үлгі алса екен деймін.

Қуаныш АЛТЫНБАЕВ,

Жабасақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

  • О, бәрекелді!

Жанаттың жақсылығы

Биылғы жаңа оқу жылында кабинетімнің есігін көтеріңкі көңілмен, шат күлкімен, күн нұрындай сәулесін шашқан шапағатты қуанышпен, жаңа серпіліспен мақтана аштым. Себебі мен басшылық ететін ағылшын тілі кабинетіне күрделі жөндеу жүргізілген еді.

Мектебіміздің түлегі Жанат Бөгенқызы өзі оқыған химия, ағылшын кабинеттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде еткен еді. Бұл істің орайы биыл келді. Жанат екі кабинетке еурожөндеу жасатып, еденге жаңа линолеум төседі. Оқушыларға парталармен бірге қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді. Кабинетіміз қала мектептерінен кем емес. Бұл іс қырық жылдық тарихы бар мектебіміз үшін үлкен жаңалық болды.

Жанат ауылымыздың асыл азаматтарының бірі — Бөген Жақыпұлының қызы. Асылдың сынығының мектебіне көрсеткен қамқорлығына тұрғындар да, ұстаздар мен бүлдіршіндер де дән риза. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осы емес пе? Бұл Жанаттың ауылдастары мен ұстаздарына, ауыл бүлдіршіндеріне арнаған жақсылығының ұшқыны ғана.

Мектебімізге көрсетілген зор құрметті қалың оқырманмен бөлісіп, Жанаттың қазақтың даласындай кең пейіліне, адамгершілігіне және азаматтығына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Рая НИЕТҚАЛИЕВА,

Мұғалжар ауданы.

  • Ұстаз

Жаңалыққа жаны жақын

Үнемі ізденіс үстінде жүреді. «Он саусағынан бал тамған» деп айтылар еді бұл кісі туралы. Ол ауданда қызмет атқарған жылдар ішінде өз ісінің үздік шебері екенін танытты. Қиялын ерттеп мініп,  табиғат жансыз етіп жаратқан бұйымға тіл бітірді. Оның қолы тигеннен кейін жаңа өң алған моншақтың да мөлдіреген көзі бар екенін байқайсың. Ал кәдуілгі шыны шөлмектер «сөйлей» жөнелгенде… сенің «тілің байланып» қалады.

Бұл ел ішінде өнердің қадірін арттырып, талай мұғалжарлық жас өркеннің осы жолда қанат қатайтуына еңбек сіңіріп жүрген ұстаз Злиха Жанбауова туралы.

Злиха Жанбауова №2 орта мектепте технология сабағынан дәріс береді. Осыған дейін тәжірибе жинаған ол 1994 жылы білгені мен түйгенін мектеп оқушыларымен бөлісуге бел буды. Ұзақ уақыт тігін өндірісінде жұмыс жасады. «Мен өз кәсібімді мақтан етемін. Өнер адамы болғандықтан, әдемілікті жаным сүйеді. Сондықтан болар, аяқ астындағы тастан да табиғат сұлулығын табуға тырысамын», — дейді ол өзі туралы.

Мектепте шәкірт тәрбиелегеніне 17 жыл болды. Тәжірибесінің тағылымы мықты болды: оқушылары бірнеше мәрте облыстық, республикалық додаларда топ жарды. Мәселен, 2007 жылы республикалық көрмеде 10-сынып оқушысы М.Тлеушинаның қолынан шыққан дүниенің эстетикалық әсемдігі назарға ілікті. 2009 жылы облыстық көрмеде 9-сынып оқушысы Н. Дәулетованың туындысы үздіктердің қатарына енді.

З.Жанбауова әрдайым қоғамның тамырын басып, жаңалығын жанына жинап отырады. Бүгінде өз ісінде жаңа технология элементтерін де қолдануда.  Жаһанданудың өкшесін басқан өркениеттің ұрпақ тәрбиесіне қояр талабы мықты.  «Оқушылар берілген тапсырманы жақсы орындап қана қоймай, қосымша жобалай білуді, өз бетінше шешім қабылдауды меңгеруі керек.

Білімнің тез дамуы, технологияның енуіне байланысты балаларға ерте жастан екі-үш мамандықты тең игеру қажеттілігі туындап отыр», — дейді З. Жанбауова қызметі туралы.

Үлгілі ұстаз аудандағы мәдени іс-шаралардан қалыс қалған емес. Қолынан кестесі түспейтін бұл кісі ылғи қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүруді «абыройым» деп біледі.

Злиха Жанбауова — өз ісінің «патриоты». Ол — басында дүниеге келген идеяны жарыққа шығарғанға дейін тыным таппайтын адам. «Менің қымбат қазынам —өнерім», —  дейді өнерлі ұстаз.

Н. Маратқызы,

мұғалжар ауданы.

  • Ауыл

Дәрігерлерді демеу керек!

Ауылдық жерлерге жас дәрігерлер жұмыс жасауға барғысы келмейді. Шай- пұлдықтан арылмайтын ақшаны азсынатын жас маман ауылдың тынымсыз  тірлігінен де қашатын болар, бәлкім…

Медициналық университетте ұстаздар қауымының жақсы дәрігерлер дайындап жатқанына сөз жоқ. Алайда сананы тұрмыс билейтін заманда жас мамандар қаржысы мол жерде еңбек еткенді қалайды. Мүмкін, ауылдың тынымсыз тірлігі  жастарды қажытып, қалаға «қашуға» еріксіз итермелейтін шығар.

Ауылдың ауруханаларында еңбек ететіндердің дені отбасылы дәрігерлер. Ауыл болған соң, бұл дәрігерлер де ел қатарлы мал асырап, жазда жемшөптің, отын-судың ретін қарастырып, күнкөріс қамын жасайды. Бұл дұрыс қой. Бірақ күйбең тірлікте «шаруақор» дәрігерлер сырқаттың жағдайын жасағанымен, оларды үйіндегі бала-шағасы мен малдарын қалай асыраймын деген ой мазалайды. Медицинада жіберілген олқылықтар да осындай ойдан туады.

Айтайық, ауылда әр саланың дәрігерлері жоқ. Олар сырқаттарды кабинет алдында кезек күттірмейді. Cырқаттың көзі ауырса окулиске, басы ауырса неврологқа, жүрегі ауырса кардиологқа, өкпесі ауырса пульмонологқа, бүйрегі ауырса урологқа, асқазаны ауырса гастроэнтерологқа, сүйегі сынса травматологқа, құлағы ауырса ЛОР дәрігеріне, жара шықса дерматологке, іші ауырса  наркологқа «жолдама» жазбай, арнайы маман болмағандықтан, амалсыздан барлық саланы бір-екі дәрігер атқарады. Тіпті,  тіс жұлу, жедел операциялар жасау да солардың мойындарында. Жедел жәрдем дәрігері мен түнгі кезекшілік дәрігерінің қызметтері және күндізгі ауруханада аурулардың бабын табу мен әйелдерді босандыру тәрізді басқа да шаруалардың бәрі сол ауылдың отбасылы дәрігерлеріне жүктелген. Демек, бұл ауылда маманның тапшылығын растайды.

Негізі ауыл дәрігерлерінің мал асырауларына шектеу қойған жөн сияқты. Одан дәрігерлердің еңбекақыларын көбейтіп, оларды жылуы мен суы бар үйге орналастыру керек. Сонымен қатар ауылдағы еңбек өтілі жоғары мамандардың еңбекақысын көтеріп, дәреже беруді ойластырған жөн. Ал медицина саласында 15 жыл еңбек еткен мамандарды конкурс негізінде медицина институтының кафедрасына меңгеруші, жоғары лауазымды мұғалім қызметтеріне қабылдау қажет. Тіпті,  25 жыл үздіксіз ауылдық жерде жұмыс жасаған маманға қаладан отбасы санына қарай тегін үй берсек те, артықтық етпейді. Сондай-ақ ауылдағы отбасылы дәрігерлердің жазда еліміздің ең таңдаулы демалыс орнына тегін демалуына жолдама берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Қалай болғанда да, ауылдық  жердегі отбасылы дәрігерінің мәртебесін өсірсек, қаладағы ақ халатты жас мамандар ауылға бет бұрар еді.

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,

дәрігер.

Ақтөбе қаласы.

  • Тағзым

Батырдың бейнесі

Ақтөбеге келген сайын Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші орнатылған аллеяға аялдамай кете алмаймыз. Биік тұғырға орнатылған батыр қыздың бейнесі сұрапыл соғыстың күндерін еріксіз ойға салады.

Біз соғысты тарих беттерінен, фильмдерден, майдангерлердің әңгімелерінен ғана білеміз. Жаумен айқасқан ауыр күндерде, көк түтін көмкерілген отқа, жаңбырша жауған оққа кеудесін тосқан батыр Әлияның ержүректігі еріксіз таң қалдырады. Одан әрі оның дұшпанға қарсылық танытқан ерлігі, қапияда атқан жау оғынан құлап бара жатқаны жүрегіңді шымырлатады.

Батыр апамызға тағзым ету мақсатында мамыр айында Тотия, Бибігүл атты құрбыларыммен Әлия ауылына бет алдық. Ауыл тұрғындары Күләш пен Серікбай бізді Әлия мектебіне, музейіне апарып, таныстырды. Музей директоры Фариза Байдербесова бізге батыр апамыз тұтынған заттарды көрсетті. Бірінші бөлмеде Әлия апамыздың, анасының суреттері ілініпті. Батыр апамыз болған майданда қолданылған күрек пен бірнеше гранаттар да осы бөлмеде тұр. Екінші бөлмеде сол кездегі әскери пилотка мен гимнастерка қойылған. Біз бұл бөлмеде көп кідірдік. Себебі қан қызу майданда киген батыр қыздың киімдері біздің көңілімізді толқытты.

Бұл сапарымызда біз ауыл тұрғындарына ризашылықпен тарқастық. Ел есінде сақталатын батыр қыздың мұражайын таза ұстап, оны қадірлеу де үлкен еңбек. Келешекте бұл мұражайға тағы да бір бөлме қосылып, жаңа экспонаттармен толықтырылса деген ойымыз да бар.

Айтайын дегеніміз, біздің қай ауылда да соғыста ерлік танытқан батырларымыз көп. Сонымен қатар ел игілігін молайту жолында еңбек еткен ардагерлеріміз де баршылық. Міне, олардың ерліктері мен еңбектерін тоғыстырып, әр ауданда мұражай ашсақ нұр үстіне нұр болар еді. Ал кітапханаларда, мектептерде, тіпті Мәдениет үйінде де батырларымыз бен ардагерлерімізді ұлықтайтын арнайы стенділер, альбом-шежірелер, фото-монтаждар жасалса, жұртшылық сүйсінер іс болары сөзсіз. Солай емес пе?

Н.НҰРМҰХАМЕДОВА,

Н.БЕКНИЯЗОВА,

Қарабұтақ ауданының тұрғындары.

  • Шебер

Иванның домбырасы, қылқобызы…

Қаратаусай ауылында ұлттық музыка аспаптарын жасайтын шебер тұрады. Ағаш бұйымдарынан түрлі әсем дүниелерді жасап жүрген шеберлерді көргенімізбен, қазақтың ұлттық аспаптарын сапалы әрі нақышына келтіріп жасайтұғын Иван Карахих тәрізді  ұсталарды кездестіру қиын.

Иван Карахих алғаш Ақтөбеде жертөледе осы сала бойынша жұмыс жасаған. Қаратаусай ауылына көшіп келген төрт жылында ауылдың саф таза ауасы, әсем табиғаты оның тың дүниелер жасауына шабыт беріпті. Ұстаның шеберханасы өз үйінің ауласында орналасқан. Шеберхана іші металл жонуға арналған токарьлық станокпен, ағаш тегістеу, өңдеу, сүргілеу тәрізді арнайы құрылғылармен және басқа құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Ауылда тұрмыстық бұйым жасауға материал мол. Бастысы, іске кірісуге риясыз ықылас пен таудай талап болса болғаны. Иван ұста халыққа қажетті бұйым немесе ұлттық аспап жасаудан жалыққан емес. Ұстаханада тұрған қазақтың қара домбырасы, қылқобызы, қобыз-примасы және ағаштан жасалған тұрмыстық құралдары, қымыз құятын қасығы, өрнектелген сандығы, бәрі де осы сөзімізге дәлел.

Иван ұста бұйым жасайтын ағашты ұзақ уақыт кептіріп, дайындайды екен. Аспапты жасағаннан гөрі, оның дауыс ырғағы мен дыбыстық үйлесімділігін орнату қиынға соғады. Мәселен, қобыздың ішегі жылқы құйрығының қылынан жасалуы керек. Ал жылқы жасы 7 жастан үлкен болмауы тиіс.

Қандай дүние жасағанда да алдымен уақытты талап етеді. Ұста үшін кейде бір аспап жасау үшін бірнеше ай, болмаса жыл қажет.

— Музыкалық аспаптың сырт келбеті әдемі шыққанымен, дыбыс жүйесін келтіру қиын. Ұлттық аспаптың дыбыстық қабілетін үстіңгі қақпақ жабылғаннан кейін ғана білуге болады. Ұрғылағанда әуен сезіледі,— дейді ұста.

Міне, 58 жыл ағаш жону жұмыстарын өзінің өмірінің мәні санайтын ұстаның ең басты арманы — бар өнерін жас өренге үйрету, шәкірт тәрбиелеу. Мектепте үйірме сабағын ашсам деген ниеті де бар. Егер өнерін зая кетірмей, бағалайтын жан болса, ақысыз еңбек етер еді. Ауыл тұрғындары, әсіресе, жастар оның қолынан шыққан әсем заттарға қызыққанымен, небір станоктарды үйрене алмайды. Ауылда арнайы шеберхана ашылса, Иван аға жастарға  ұсталықты үйретуді алдымен станоктарды пайдаланудан бастар еді. Өмірінде түйгені көп ақсақалдың жастарға айтары да мол.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, елдегі ғимараттарды қалпына келтіру мақсатында қазіргі Владикавказ қаласындағы қолөнер училищесі екі топ ағаш ұсталарын дайындайды. Сол мамандардың ішінде біздің кейіпкеріміз де бар болатын. Училищені ағаш ұстасы мамандығы бойынша бітірген Иван әкей тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында Кавказ елінен Ақтөбенің Әйтеке би ауданына жіберіледі. Жыл өте бара Ақтөбенің тұрғынына айналған Иван ұста ғылыми-зерттеу институтында аппаратшы қызметін 18 жыл атқарды. Міне, зейнеткерлік жасқа жетсе де, ол топырағын басып, ауасын жұтқан елдің музыкасын тыңдаудан жалыққан емес.

Әуезді ән мен күй сыйлайтын қазақтың музыкалық аспаптары мен бұйымдарын Мәртөк орталығына сату ниетімен келген Николай Васильевичті жастарымыздың ұлттық аспаптарға селсоқ қарайтындығы таң қалдырады.

Зейнеткерлік жаста айналасына өнерін бағалатып әрі қалтасына қаражат түсірген қарттан жастарымыз үлгі алса екен дейсің, кейде…

Лаура МЫРЗАҒАЛИЕВА,

Мәртөк ауданы.

  • Кездесу

Интернеттің игілігі

Бүкіләлемдік интернет жүйесі бұрын бізге қол жетпес арман көрінетін. Енді, міне, ғаламтор арқылы қала тұрғындары ғана емес, ауыл адамдары да алыс-жақындағы туыстарымен хабарласып, жоғалтып жүрген ағайындарымен қауышуда. Біз әңгімелегелі отырған оқиға да осындай жарқын көріністердің бірі. Сонымен…

Қарабұтақ ауылының тұрғыны Сәлім Уайсбаев интернеттің арқасында осыдан жиырма алты жыл бұрын техникумда бірге оқыған курстастары Ресейдің Санкт-Петербург  қаласында тұратын Светлана Куницынамен және орынборлық Мария Кулькешовамен қауышты.

Интернет арқылы табысқан достардың таныстығы алғаш 1980 жылы басталған еді. Олар Орынбор облысына қарасты Адамовск ауыл шаруашылығы техникумында бірге оқыды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін достар жан-жаққа тарап, жолдары сан тармаққа бөлінді. Жиырма алты жыл үзілістен соң курстастар интернеттің игілігімен Ақтөбеде бас қосты.

Кездесу барысында достар өз жаңалықтарын сөз етті. Светлананың жолдасы Вячеслав ішкі істер бөлімінде қызмет етеді екен. Балалары үйленіп, өз алдарына шаңырақ көтерген. Орынборлық Мария да ұлын ұяға, қызын құтты қияға қондырған бақытты ана. Жолдасы екеуі әскери саладан зейнеткерлік демалысқа шыққан соң, Ақтөбеге қоныс аударыпты.

Сәлім мен Мария сонау Санкт-Петербургтен Ақтөбеге арнайы ат арытып келген Светлананы халқымыздың салт-дәстүрімен таныстырып, қонақжайлығын көрсетті. Қаланы аралатып, мешіт, шіркеу, өлкетану мұражайлары тәрізді көптеген мәдени жерлерге апарып, таныстырды. Қазақ елінің топырағын алғаш басқан Светлана да Ақтөбедей киелі шаһардың көріктілігіне таңдай қақты.

Қ.ӨТЕУЛІ,

Қарабұтақ ауданы.

  • Сұмдық!

Қалалықтардың қанден асырайтыны несі?

Қырда қой бағып, аңға тазы қосқан ауыл адамына ит асырау таңсық емес. Талай тазы, төбет, құмай асыраған қазаққа ит сенімді серік, адал дос. Бүгінде қала тұрғындары да ит асырайтын болыпты. Бұл дұрыс қой. Бірақ тұқымы асыл төбетті, шәуілдеген қанденге алмастырып, баладай өбектеп көше аралайтын қазақтарды көргенде қарның ашады.

Қазақ үшін иттің орны бір төбе. Қысы-жазы мал-жанды қауіптен қорғап, үйге бөгде адамның кіруіне бой бермейтін иттің еңбегін өзге жануарлармен салыстыруға келмейді. Әсіресе, қыстың көзі қырауда аңға шыққан егесінің қанжығасына қасқыр алдырып, түлкі соғатын тазының орны бөлек. Үйде де, түзде де қожайынының қасынан бір елі қалмайтын иттің «жеті қазынаның бірі» саналуының сыры, бәлкім, осында болар.

Қаланың тар үйінде тұратын қазақтардың ит асырауына таң қаламын. Әрі қарғыбауды бантикпен алмастырып, қанденді баладай баптайтынын көргенде ішің күйеді. Тіпті, араларында иттің бет-аузынан сүйіп, қасына алып жататындары да бар. Итті асыл деп танитын ата-бабамыз тазалыққа көп мән береді. Ит аузы тиген ыдысты харам деп санап, тоғыз мәрте жуғызатыны есімде қалыпты. Ал қала қазағы қанден иті үшін тазалықты «құрбан» етеді…

Ауылда сүйек-саяқты талғажау ететін иттердің тамақтануын қаланың шәуілдеген қанденімен салыстыра алмайсыз. Қала иті де «мәдениетті». Талай бөрі соққан тазылар ішегі бұратылып жүрсе де, ауылда босағадан бас сұға алмайды. Ал қаланың «ерке» қандендері қожайынның төрінде тайраңдайды. Дала итінің тісі түгілі, түсіне кірмеген «Педигри» мен «Чаппиді» жейтін «ақсүйек» иттер қу сүйекті қайтсін?! Қанден үшін бөлек қазан асып, тамақ әзірлейтін отбасылар да бар қалада. Бабы жасалып, бағы жанған, семіздіктен жүні жалтыраған қала иті үй күзетпек түгілі, үруге ерінеді.

…Бұрын үлкендер жайлауда итпен қой бағатын. Бүгінгі қала қазағы құлағына «наушник» салып, музыка тыңдап, қанден итін көтеріп, көше аралағанды ұнатады. Әрине, балақ арасында бұраңдаған қала итінің түлкі алмасы анық. Сондықтан итке өбектеп баласындай баптаған қала қазағы мұнан басқа тиімді іспен айналысса екен деген ой ғой біздікі…

Жұмабай ӘБІШЕВ,

Тоғыз стансасы,

Шалқар ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған: Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@maiI.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button