Әлеумет

Жұмыс және жәрмеңке

Өткен жұмада «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізілді.

Жәрмеңкеге қатысқан 15 мекеме 435 жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде құрылыс саласының мамандарына сұраныс жоғары болды. Өйткені қаламызда «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Бұған қоса мұнай және газ өңдеу, инженер, механик мамандықтары мен сауда-саттық, білім салаларына қажет мамандарға да сұраныс көп болды. Жәрмеңкеге 400 адам қатысты. Азаматтар мамандықтары бойынша мекеме өкілдерімен тілдесіп, өз түйіндемелерін тапсырып жатты. Олардың ішінде 8 адам  жұмысқа жолдама алды.

Аталған мекеменің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Нұрия Әбіләкімова бұндай жәрмеңкенің мақсаты жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің арасындағы байланысты нығайту екенін айтты. Яғни осы арқылы жұмысшылар еңбек нарығында қандай мамандықтың сұранысқа ие екендігіне көз жеткізе алады.  Бұндай жәрмеңке жыл аяғына дейін бірнеше рет өткізіледі. Сондай-ақ сектор меңгерушісі «Қазхром» ТҰК секілді бірқатар мекемелерден өзге жұмыс беруші орындардың белсенділігі төмен екенін айтты. Жалпы, қазіргі күні мекемеде 760 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Олардың ішінде әйелдер саны 595 болса, 16-24 жасқа дейінгі жастар саны — 425.  Сондай-ақ азаматтар еліміздегі бос жұмыс орындары жөніндегі мәліметті www.enbek.gov.kz сайты арқылы ала алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Қаржылық қылмысқа жол жоқ!

Әлемдегі қаржы дағдарысы өзімен бірге қаржылық қылмысты, былық-шылықты да ала келді. Осымен байланысты әлемнің көптеген елдері сияқты біздің елімізде де сондай қауіп-қатердің алдын алу шаралары жасалды. Және бұл бағыттағы талап уақыт өткен сайын қатая түсуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі өкілетті органдарға бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруда бірсыпыра міндеттер жүктеліп отыр. Бұл талап бойынша заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдар мақсатында ақша операциясын өткізуге қатысатын ұйымдар қаржы мониторингіне жататын ақшамен немесе өзге мүлікпен күдікті операциялар туралы уақытылы ақпараттандыруға міндетті. Қаржы мониторингі аталған заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Өткен аптада осы талапқа байланысты Ұлттық банктің облыстық филиалында кеңес өтті. Оның мақсаты жөнінде Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жұмабай Жандәулетов журналистерге  былай деп түсінік берді:

— Осы жерге валюта айырбастау пункттерінің басшыларын шақырдық. Мысалы, олар үш күннің ішінде қаржы қозғалысында күмән болса,  хабарлап тұру керек. Бұл енді терроризммен де, заңсыз жолмен ақша алу әрекеттерімен де байланысты. Астанадан, Қаржы Министрлігінен арнайы мамандар келіп, сондай жағдайда мамандарға не істеу керегін үйретіп жатыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Жолдау

Мәнді мәселелер қозғалды

ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің жауапты хатшысы Абай Икранбеков Елбасының биылғы Жолдауын жұртшылыққа түсіндіру мақсатындағы ақпараттық-насихаттық топ құрамында облысымызға келіп, бірнеше кездесулер өткізді.

Облыс әкімшілігі ғимаратында өткізілген шараға жер қатынастарына қатысты қызмет жетекшілері мен мамандары қатысты. Абай Зұбайырұлы Жолдауда айтылған міндеттерден туындайтын ауқымды жұмыстар бағыттарын саралап, жиналғандармен ой бөлісті.

Осындай жүздесу Бестамақ мал шаруашылығы кешенінде, «Аққұс» акционерлік қоғамында да өткізілді. Жиынға қатысушылар құс фабрикасын әрі қарай дамыту үшін үкіметтік несие алу мүмкіндіктерін, Ақтөбе қаласында көлік қозғалысының көбеюіне байланысты айналма жолды «Элеватор» арқылы жүргізуді жоғары басшылық деңгейінде қарастыруға ықпал етуін сұрады.

Н. ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button