Әлеумет

Сәттіліктің сипаты

Қаржы

Қазақстан Республикасы Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА) ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша 2007-2011 жылдарға арналған Бағдарламасы шеңберінде қаржы және қор нарығы негіздері туралы мақалалар топтамасын жариялауды жалғастырады.

Балық аулау болсын не покер болсын, тіпті биржада ойнау болсын, әйтеуір бір іске жаңадан қосылған адам табысты келеді деген сөз бар. Осы қағиданы тіпті «Дуров атайдың бұрышы» театрындағы циркте ойнайтын Луша есімді макаканың өзі өткен жылы дәлелдеп берген болатын. Ол виртуалды брокер атанып, ресейлік компаниялардың аты жазылып, оған ұсынылған отыз текшенің ішінен сегізін таңдапты. Бұл текшелер виртуалды құны миллион рубль тұратын виртуалды инвестициялық қоржынды құрады. Осы қоржын құнының өзгерісін сарапшылар жыл бойында бақылауға алып, нәтижесінде Луша биржада 94% инвестқорларды жеңіп шығыпты. Ал оның қоржыны үш есеге қымбаттаған.

Осыдан екі қорытынды шығады, біріншісі – биржада ең бастысы — сәттілік, ал білім маңызды рөл атқармайды. Журналистер мен қоғам негізінен осыған ұқсас оқиғаларды ұнатады. Алайда олар мұны кездейсоқ оқиға, жай ғана сәттілік, тағдырдың келемежі дегенге келіседі.

Екінші қорытынды: егер макака бұл істі жасай алған болса, адам үшін де ол қиынға соқпайды. Сондай-ақ көптеген басқа да өзін-өзі жасаған тұлғалардың табыскерлік оқиғалары білім мен саналы таңдаудың дәлелі бола алады.

Әуелі баршамызға әйгілі Джордж Сорос немесе Google-дің негізін қалаушылар Сергей Брин мен Ларри Пейдждің, Билл Гейтс және Генри Фордтың өмірлерін мысалға алайық. Өз ісінде талантты тұлғалар биржа қорларын бизнесті дамытудың және капиталды ұлғайтудың мүмкіндігі ретінде қолданған. Басқа да таңғаларлық оқиғалар жеткілікті. Мәселен,  биржада өз миллионына қол жеткізген 83 жастағы неміс зейнеткері, үй шаруасындағы жесір Ингеборга Моотцтың оқиғасы. Немесе ата-анасының үйінің іргесіндегі аулада тауық фермасын құрған, Канаданың Торонто қаласында өз бизнесін 3 жасында ашқан сегіз жасар Райан Росстың мысалын келтірейік. Кейін БАҚ хабарлағандай, Райан өздігінен қаржысын жылжымайтын мүлікке салып, қазіргі күні оның жеке қазына-мүлігі 900 мың долларға бағаланып отыр. Осы және алдыңғы мысалдардағы тұлғалар нарықтың кәсіби қатысушыларымен бірге қажетті рәсімдерден өткен. Олардың әрқайсысы мамандардың кеңесіне жүгініп, алайда шешімді жеке өздері қабылдаған.

Мінеки, нарықтың бастаушы ойыншыларына арналған бірінші кеңесіміз келесі: биржа – казино емес, ол тотализатор не рулетка да емес. Биржада ойнау кейбір қарапайым білімді талап етеді. Сондықтан қандай да бір қағаздарды сатып алардан бұрын мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн. Мақсатыңызды нақты айқындап, өзіңіздің нақты нені күтетініңізді тұжырымдап алуыңыз қажет және осыған сәйкес қағаздың қай түрін — акциялар, облигациялар, ЖИҚ, жеке немесе мемлекеттік құнды қағаздарды қанша мерзімге сатып алатыныңызды анықтап алыңыз.

Ендеше, егер адамда қаржы болса және оны биржа құралдарына инвестициялау ниеті болса, қандай қадамдарды жүзеге асыру қажет?

1. Брокерлік қызмет көрсету бойынша келісім-шарт жасап, келісімнің орындалуы күнін белгілеу қажет. (Брокерлік-дилерлік ұйым – осы қызметті орындауға мемлекеттік лицензияға ие заңды тұлға).

2. Келісім параметрі мен клиент төлеуге дайын бағаны белгілей отырып, клиент тапсырысын беру.

Кәсіби мамандар жеке инвесторларға тағы да бірнеше кеңестер береді. Біріншіден, биржа нарығына шығу кезінде, тіпті өте тартымды қағазды сатып алу кезінде болсын, сенімді кеңесшінің болғаны жөн. Брокер-дилердің ақпараты ұсыныс беру сипатында емес, тек ақпараттық сипатқа ие екендігін есте сақтау маңызды. Белгілі бір құнды қағазды сатып алу не сату жөніндегі шешімді инвестордың өзі қабылдайды. Инвестициялаудың сәттілігі не сәтсіздігіне жеке инвестордың өзі жауапты.

Екіншіден, жекелеген акцияны сатып алу оған ілесе жүретін шығындардың жоғарылығына байланысты тиімсіз болған жағдайда, қажетті қағазды бірлесіп сатып алуға болатын әріптестерді табу қажет.

Үшіншіден, құнды қағаздармен жұмыс жасау кезінде иығыңызға түсер тәуекелдер жөнінде ескертпелерді мұқият біліп алғаныңыз жөн.

Бастапқы әңгімеге оралсақ, Луша есімді маймыл виртуалды миллион инвестициялады. Бұл қаржыдан айырылып қалу онша өкінішті емес. Ал оның жанында өзіңіз тапқан 10 мың теңге — үлкен ақша. Сондықтан биржа спорт секілді: ойынды бастамастан бұрын, құлап үйрену қажет.

А.МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button