Білім

ҰБТ: алғашқы қорытындылар

Еліміз бойынша маусымның 21-і күні ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тестілеудің алғашқы күні облыстағы 6 ауданның — Алға, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарының түлектері сынақ тапсырды. 22 түлек ҰБТ талаптарын бұзғандықтан, тестілеу тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Бүгін 7 ауданның және облыс орталығындағы түлектер сын тапсырып жатыр.

Алға, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарының жалпы 1334 түлегі тестілеу тапсыруға ниет білдірген болатын. Тестілеудің алғашқы күні олардың  400-і сын тапсыру жоспарланған-ды. Дегенмен алғашқы күні 4 түлек сынақ тапсырудан бас тартты. Алға мен Мұғалжар ауданынан бір-бір түлектен, Қарғалы ауданынан екі түлек тестілеуге қатысқан жоқ, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Түлектерді ғимаратқа кіргізу барысында 6 түлектен қолдануға тыйым салынған заттар анықталып, ҰБТ-ға жіберілмепті (Алға ауданында — 2 түлек, Мұғалжар ауданында — 4 түлек). Тестілеу барысында Алға, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарынан барлығы 16 түлек аудиториядан шығарылған. Қорытындысында, тестілеудің алғашқы күні 6 ауданда 374 түлек сын тапсырды.

Тестілеудің екінші күнінде Алға, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарымен бірге Шалқар ауданы және Ақтөбе қаласының түлектері бақ сынады.

Айта кету керек, барлық пункттерде санитарлық талаптар қатаң сақталған.  Тестілеу өткізілетін әрбір пунктте медициналық-санитарлық нормаларға сәйкес түлектер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті. Яғни олар дезинфекциялық туннельден өтіп, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерін зарарсыздандырды, дене қызуын өлшеп, арнайы сұйықтықпен қолдарын зарарсыздандырды, содан кейін қатысушыларға медициналық бетперделер таратылды. Аудиторияларда да санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталыпты. Шалғай елді мекендердегі түлектерді ҰБТ пункттеріне жеткізу үшін тасымал ұйымдастырылған. ҰБТ-ға қатысушылар тегін тамақпен қамтылған.  Ата-аналар үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.

Айта кету керек, еліміз бойынша маусымның 21-і күні басталған ҰБТ 5 шілдеге дейін жалғасады (біздің облыста 21-30 маусымда ұйымдастырылады).  ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пункттің 51-інде тестілеу ұйымдастырылды. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Тестілеудің бірінші күні  республика бойынша 6512 адам тестілеу тапсыруды жоспарлаған. Дегенмен оның 144-і ҰБТ-ға қатысқан жоқ.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін 73 және ережелерді бұзғаны үшін 87 талапкер, яғни 160 адам тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Олардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген.

Биыл еліміз бойынша 131 755 адам тестілеу тапсыруға ниет білдірген. Оның 111 109-ы немесе 82 пайызы — биылғы мектеп түлектері. Өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргендердің саны 12 пайызға артып отыр.

P.S. Тестілеудің екінші күні 8 пунктте өтетін тестілеуге қатысуға ниет білдірген 888 түлектің 877-сі келген.

Сейсенбі күні ҰБТ 9 пунктте өтеді. Оған 1073 түлектің қатысуы жоспарланған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button