Білім

Жаста берген тәрбие…

Мектеп

Бастауыш сыныптарда оқушы тұлғасы мен санасының дамуы, қалыптасуы процестері үздіксіз жүріп жатады. Бұл сырт көзге байқала бермес құбылыс болғанымен, біз, ұстаздар үшін өте маңызды. Сондықтан да әрбір шәкірттің жүрек соғысына үңіліп, оның бойына ізгілік, инабаттылық иірімдерін молынан сіңіруге ұмтыламыз.

Бастауыш — білім берудің алғашқы сатысы. Осы жағдай терең ескеріліп, біздің елімізде бастауыш білімнің міндетті мемлекеттік стандарты жетілдірілді. Аталған мемлекеттік стандартта дамыта оқыту ұстанымына сәйкес білім берудің теориялық деңгейін көтеруге ерекше мән беріледі. Сондай-ақ оқу әрекетін қалыптастыруда білімнің танымдық, шығармашылық рөлін басты назарда ұстау мақсат етіп қойылады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру бойынша жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу — бүгінгі басты міндеттеріміздің бірі. Оқу жылы басталар қарсаңда мектебімізде тәрбие жұмысындағы құндылықтар бойынша жұмыс жасау, әдістемелік көмек беру мақсатында сынып жетекшілерінің арнайы жиыны өткізілді. Онда мақсат пен міндет, күтілетін нәтиже, ұлттық құндылықтар: ұлттық мүдде, ар-ұят, талап, аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалар, тәрбиенің кешенді жоспарын іске асыруда балалардың жас ерекшеліктерін ескеруде берілетін ұсынымдар талқыланды. Мұның өзі бізге тәжірибе алмасу, алдағы бағытымызды айқындау тұрғысынан айтарлықтай көмегін тигізді.

«Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің ұйымдастыруымен математика пәнінен үшінші-төртінші сынып оқушылары арасында өткізілген «Алтын сақа» олимпиадасының мектепішілік кезеңі де шәкірттерді ынталандыруға айтарлықтай ықпалын тигізді. Бұл олимпиаданың мақсаты математика пәні бойынша қабілетті оқушыларды анықтау, математикалық ұғымдарды талдау, сыни тұрғыда ойлау, күрделі есептерді шешу дағдыларын жетілдіру, ғылымға, жаратылыстануға баулу тұрғысынан көмек беру болатын. Нәтижесінде жеңімпаз атанған шәкірттер кезекті турға жолдама алды, сөйтіп, қабілеттерін шыңдай түсті.

Бүгінгі тәрбие жүйесінде бастауыш мектеп кезеңі бала өмірінің жеті жастан он бір-он екі жасқа дейінгі аумағын қамтиды. Осы тұста баланың өз бойында мектеп жасына дейінгі балалық шақтың белгілерін оқушының ерекшеліктерімен ұштастыратынын ұмытпауымыз керек. «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» екені есте тұрғаны жөн.

Сонымен бірге бала тәрбиесінде мұғалім мен ата-аналардың үйлесімді іс-қимылы жақсы нәтиже беретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің алдымызда тұрған көптеген міндеттердің оңды шешілуі де осы ауқымда өрбіп отыр.

 Әлима ТӨЛЕУОВА,

Ақтөбе қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы

№70 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button