Білім

Заманауи мұғалім болу талабы

Мектеп

Әлем өзгерістердің негізгі бөлігін әлі де бастан кешеді деп жүргенімізде қашықтан оқыту жүйесіне көшу керек болды. Бұл да алдымызға қойылған жаңа сын іспетті еді. Жылдар емес, тіпті айлар емес, бірнеше апталық мерзімде мектептер қашықтыққа қарамай үздіксіз білім беруді қамтамасыз етуге тиіс болды. Жаңа жағдайда қай платформада жұмыс жүргізудің тиімділігі жөнінде көптеген сұрақтар туындады. Осындай сан қырлы әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда мұғалімнің атқарар рөлі орасан. Оған әрі күрделі әрі жауапты міндет жүгі жүктелуде. Бұл ретте қашықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл күй, психологиялық қарым-қатынас алғы орынға шығады.

Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін мұғалім оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу талаптарын орындауға тиіс. Қандай білім беру платформасы мен сервистер қолданылса да, оқыту мен оқу сапасын жақсарту керек.

Дана Сенеканың «Басқаларды үйрете жүріп, өзіміз де үйренеміз» деген сөзін басшылыққа ала отырып, мұғалімдер қашықтан оқытуда компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс жасап, оған іс жүзінде дағдыланып, оқушыларға өз пәнінен ақпараттар беріп және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануда шәкірттердің дағдысын қалыптастырады деген сенімдеміз.

2021 жылдан бастап мектебіміздің мұғалімдерімен өз тәжірибеммен бөлісіп келемін. Барлық өткізілген шараларым бірлестігіміздің @30_ifm_birlestigi инстапарақшасына салынды.

ZOOM платформасында «Бірге үйренеміз: Google Forms онлайн сервисі» тақырыбында пән мұғалімдері арасында воркшоп ұйымдастырдым. Бұл сервисте қашықтан оқыту басталғалы тест жасап; сауалнама жүргізіп; белгілі тапсырмаларды алып; сабақ түсіндіріп; кері байланыс жүргізіп, яғни қалай тиімді қолданып жүргенім туралы бөлістім.

ZOOM платформасында «Бірге үйренеміз: Padlet онлайн тақтасы» тақырыбында сынып жетекшілер арасында воркшоп ұйымдастырдым. Воркшопта «Padlet» қарапайым және сонымен қатар мұғалімнің жұмысында әмбебап құрал болып табылатын виртуалды тақтасының сабақта кері байланыс алу үшін, тәрбие сағатын ұйымдастыру үшін тиімді екендігі жөнінде толық ақпарат бердім.

ZOOM платформасында «Мұғалімнің цифрлық трансформациясы» тақырыбында пән мұғалімдеріне арналған вебинар өткіздім. Қашықтан оқыту кезінде компьютерлік сауаттылық жағынан қалай өзгергендігім жөнінде практика жүзінде тәжірибеммен: инстаграм желісіндегі мұғалімге қажет өте пайдалы парақшалармен бөлістім, жеке ютуб-каналын ашу қаншалықты пайдалы екенін айттым, ватсап мессенджерінде тиімді жұмыс жүргізуді көрсеттім, электронды журнал мен электронды мұғалім портфолиосын дұрыс жүргізу туралы құнды ақпараттармен бөлістім.

2021-2022 оқу жылының басында жас мамандардың жұмысын жақсарту мақсатында ЖҰМ-ның  инстапарақшасын ашып, жүргізе бастадым, мұғалімнің сабақта қолданатын әдіс-тәсілдері мен АКТ, тәжірибе жинақтау мақсатында республика бойынша білікті блогер мұғалімдердің парақшаларын көрсетіп, әдістемелік көмек көрсетемін.

2022-2023 оқу жылында оқушылардың физика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында @physicist_maiya тикток парақшамды аштым.

Физикадан 7-11сыныптарға арнап жыл бойына түрлі тапсырмалар, түсіндірмелер, тәжірибелер, пәнге қатысты фильм-мультфильмдер, мнемоника арқылы формулаларды жаттау әдісін ұсындым.

Заман дамыған сайын тек шәкірттің қабілетіне қарай талап қоймайды, ендігі жерде мұғалімдердің де әдістемелік әлемін өзгертпек.

ХХІ ғасыр ілім мен ғылымның ғасыры деген күннің өзінде, адам баласы бір саланың ғана маманы болып қалмау керек дегенді алға тартуда. Яғни мұғалім әмбебап болуы керек. Саннан сапаға сапар шегу жолындағы мұғалімнің жаңа ғасырға берер жауабы дайын болуға тиіс.

Өйткені талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкіртті дайындау тағы да мұғалімнің еңбегін қажет етеді.

Майя ЗУРБАЕВА,

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button