Спорт

Қысқы азиада — ел имиджі!

2011 жыл Қазақстан үшін спорттық бәсеке жылы болып тарихқа енбек. 30 қаңтар — 5 ақпан аралығында қысқы спорт түрлерінен Азия ойындары өтеді.

Қысқы Азия ойындары кезінде Астана мен Алматыда 11 спорт түрі бойынша жарыстар өтіп, 69 алтын медаль сарапқа салынады. Қазақстандағы қысқы Азия ойындарының символы қар барысы болып анықталды.

Азия ойындары ел имиджін арттырады

Қазақстан 2006 жылы әлемдік деңгейдегі спорттың аламан бәйгесін өткізетін ел құрметіне ие болған еді. Міне, содан бері уақыт сырғып өтіп, қысқы Азия ойындарының басталуына да 100 күннің аз-ақ үстінде мерзім қалды.

Қазақстан үшін Ақ Азиаданы өткізу имидждік жоба болып табылады. Бұл бірегей мүмкіндік Қазақстанды халықаралық қоғамдастыққа жоғары деңгейде, жаңа тұрғыдан таныстырады. Туристерді көптеп тартуға және қазақ халқының өзіндік мәдениетін, салт-дәстүрі мен тарихын насихаттауға мүмкіндік береді. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азия ойындарын өткізу құрлықтағы Қазақстанның имиджін қалыптастыруға үлес қосады, сондай-ақ спорттың қысқы түрлерінің инфрақұрылымдарын дамытуға, елімізге ағылатын туристер санының көбеюіне оң әсерін тигізетін болады», — деген болатын.

Азия ойындары еліміздің екі қаласында — Астана мен Алматыда өтеді.

Азиада кезінде қысқы спорт түрлерінің шеберлері 10 спорттық нысанда бақ сынасады. VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясының президенті Анатолий Құлназаровтың мәлімдеуінше,

оның ішінде 4 нысан бұрыннан бар, оларға жөндеулер жүргізіліп, қосымша құрылыстар салынуда.

Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы жарыс өтуі үшін қайта жарақтандырылды.

Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт сарайы жанынан шайбалы хоккейден ерлер арасындағы сайысқа мұз айдыны әзірленді. Бұл мұз айдыны сарайы жоғары технологиялық жабдықталуы жағынан әлемде екінші стадион болып табылады.

Сонымен қатар, атышулы екі нысан — «Медеу» мен «Шымбұлақ» та жаңарып сала берді. «Медеу» допты хоккейдің, «Шымбұлақ» тау шаңғысы мен фристайлдың жанкүйерлерін күтеді.

Іле Алатауының шатқалында теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан «Шымбұлақ» спорт базасы өткен ғасырдың 50-жылдарында пайда болған еді. Шымбұлақ қазіргі кезде спорттық және курорттық орынға айналды.

Астанада Азия ойындарына арналып конькишілер үшін жабық стадион, Алматыда тұғырдан секірушілердің кешені тұрғызылуда. Сондай-ақ Алматы облысында биатлон, шаңғы жарысы, қысқы спорттық бағдарлау жарыстары үшін шаңғы және биатлон стадиондары салынды. Шорт-трек және мәнерлеп сырғанау жарыстары да осы нысандарда өтетін болады.

Осындай ірі құрылыстардың иесі, яғни тапсырыс беруші Туризм және спорт министрлігі болып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы қазіргі кезде жеке адамның иелігінде. Енді қайта жарақтау жүргізілгеннен кейін оны Министрлік мемлекетке сатып алатын болады. Ал «Қазақстан» спорт сарайы мұз айдынымен қоса қазірдің өзінде Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігі болып табылады.

Азия ойындарын өткізу үшін бөлінген қаржының көлемі өте үлкен. Соншама шығын Азиада кезінде өзін-өзі ақтай ма, ақтамай ма, әзірге мамандар тап басып айта алмай отыр. Бұл елге келетін қонақтардың санына байланысты. Мұндай құрылыстар Азия ойындары өтпесе де салынар еді дейді билік басындағылар. Өйткені әрбір қазақстандықтың спортпен айналысуына жағдай туғызу үшін керемет стадиондар әбден керек. Мәселен, «Шымбұлақты» қайта жөндеу үшін «Казкоммерцбанктен» несиеге алынған 105 миллион АҚШ доллары толық игерілген. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның даму банкінен тағы да 100 миллион доллар алынған. «Шымбұлақтағы» құрылыс жұмыстары қараша айында толық аяқталуы тиіс.

Тіпті, Азия ойындары кезінде шығын өтелмесе де, бұл нысандардың қазақстандықтар үшін болашақта табыс көзіне айналатыны анық. Өйткені спортшылардың осы кешендерге келіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізуі үшін шет елдерден сұраныс түсетіні бек мүмкін. Бұған дейін шет елдерде оқу-жаттығу жиындарын ақылы өткізіп келген өзіміздің спортшыларға енді қиындық туындамайды. Ал Азиададан түскен кіріс елімізде спортты одан әрі дамытуға, оның ішінде өңірлердегі спорттық инфрақұрылым құрылысына жұмсалатын болады.

«Үй иесі» ұялмайтын болады

Қазақстанда өтетін Азия ойындарына қатысуға әзірге 24 ел өтініш берді. Әрине, командалар саны мұнымен шектелмеуі мүмкін, өйткені өтініш 1 қарашаға дейін қабылданады.

VII қысқы Азия ойындарына қатысушылар мен қонақтарды орналастырудың жасалған жүйесіне сәйкес Астана мен Алматы қалаларына келетіндер 4 санатқа бөлінген. Олар: Азия олимпиадалық кеңесінің мүшелері, аса құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар — 274, спортшылар, экстра ресми адамдар, жаттықтырушылар, командаларға қызмет ететіндер, дәрігерлер мен массажшылар — 1524, халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер — 525, шетелдік БАҚ өкілдері, хосттаратушылар, құқық иелері — 1300 адам. Барлығы — 3897 адам, оның 1694-і Астанада, 2203-і Алматыда орналасады. Мұнан басқа көптеген туристер келеді деп күтілуде. Туристер саны әзірге белгісіз. Белгілісі — Азия ойындары кезінде қонақ үйлердің, мейрамханалардың әдеттегі күндерге қарағанда бос болмайтыны. Сондай-ақ келген қонақтардың концерт залдарына, театрлар мен кинотеатрларға, ойын-сауық орталықтарына баратындары анық.

Астана мен Алматы қалаларында адамдарға жағдай жасау, қонақтарды жайғастыру, байланыс және көлік мәселелерін алдын ала шешіп қою жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы сияқты ірілі-ұсағы бар 22 бағытта жұмыстар атқарылуда. Азиялық ойындардың регламенті бойынша, ойындар басталардан 20 күн бұрын барлық жағдай жасалып, бірінші кезекте, ауа райына бейімделу мақсатында ертерек келетін спортшылар үшін бәрі дайын тұруы тиіс. Ал қос қаладағы қонақ үйлер халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, дәрежесі 3 жұлдыздан кем бомайды. Сапалы қызмет ету үшін қонақ үйлер иелері ішкі жайларды жаңартып жатыр. Сондай-ақ қонақтар мен спортшыларды тасымалдау үшін автокөліктер (жеңіл көліктер, орта есеппен 35 орындық автобустар, шағын автобустар) ұйымдастыру жұмыстары да ыңғайланып қалған.

Ал шетелдік туристер интернет арқылы Азиадаға тартылған қонақ үйлерден қазірдің өзінде орын сайлай алады. Жақында шетелдіктерге интернет арқылы билет сату жүйесі де іске қосылады. Алдын ала зерттеу бойынша, барлық билеттің 20 пайызы интернет арқылы сатылады.

Айта кету керек, соңғы жылдары біздің елге әлемдік дағдарысқа қарамастан, 4,5 миллиондай турист келген. Сондықтан Азиада кезінде 10 мыңнан астам қонақ келеді деп болжануда.

Медеудің бағы өрлейді

Адамдар да қызық қой. Алматыда атақты «Медеу» тұрғанда Астанада конькишілер үшін жаңа стадион салудың не керегі бар еді деушілер де табылған. Бұл «Медеудің» мерейін еш төмендетпейді дейді басшылар. Шынымен де, кезінде 120-дан астам әлемдік рекорд жасалған, КСРО-ның конькиден небір жұлдыздары мен олимпиада чемпиондары өсіп шыққан «Медеудің» бағы тая қоймас. Азиада кезінде 31 қаңтардан 5 ақпанға дейін мұнда допты хоккейден бірнеше матч өтеді. «Медеу» мұз айдыны оңтүстік астанаға тек сән беріп қана қоймай, бұрынғы аңызға айналған даңқын қайта көтереді.

Спортпен өмір сүріп, салауатты өмір салтын қалыптастырамын деген елдің азаматтарына қанша стадион салса да көп болмайды. Елбасы спортпен, дене шынықтырумен айналысушы халықты 30 пайызға дейін жеткізу міндетін қойып отырған бүгінгі күні стадиондар мен спорттық кешендер, алаңдар ешқашан артықтық етпейді. Салынып жатқан спорттық құрылыстар өзінің сәулеттік ерекшеліктерімен ғана емес, әлемдік стандарттар мен талаптарға сай жүргізілуде. Бұл кешендер біздің болашақ олимпиадашыларымызға қызмет ететін болады.

Алауды кім ұстайды?

2011 жылғы Азия ойындарының алау ұстаушылары конкурстық негізде іріктеледі. Ең басты талаптар: белсенді спорттық және өмірлік позициясы, олимпиадалық идеялардың жанашыры болуы. Эстафета спортты, оның ішінде балалар спортын дамытудың серпінді күші болмақ. Сондықтан да осы ойындарда эстафетаға қатысатын балалардың жасы әдеттегі 16 жастан 14-ке дейін шегерілді. Жалпы эстафетамен өту олимпиадалық ойындардың дәстүрлі бір көрінісі. Алайда бұған дейін алты рет өткізілген қысқы Азия ойындарында эстафета ұйымдастырылмаған.

Алдағы Азиада алдында Азия олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Кувейттің Эль-Кувейт қаласында эстафета бастау алады. 2011 жылдың 11 қаңтарында олимпиадалық алау жағылып, чартерлік авиарейспен Қазақстанға жеткізіледі. 12 қаңтарда Алау Алматыда болады. Алаудың жағылу сәтін республикалық телеарналардан көрсету де жоспарлануда. Сондай-ақ өңірлерді аралау кезінде де жылжымалы телетүсірілім студиялары жұмыс істеп, эстафета туралы сюжеттер көрсетіліп отырады. Содан 20 күн бойы алау Қазақстанның барлық өңірін аралап шығады. Әрбір облыста 1-2 күннен болып, 30 қаңтарда Астанаға жетеді. Осында Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ашылу салтанатында эстафетаға 800-дей алау ұстаушылар қатысады деп күтілуде. Бұл жоба Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады.

Тұғырдан секіру кешені

Азиада қарсаңында Алматы төріндегі Есентай өзенінің батысында тұғырдан секіру спортына арналған жаңа кешен ашылған болатын. Тұғырдан секіру кешенінің ашылу құрметіне қазақстандықтар Құрлықаралық кубок додасын өткізіп үлгерді. Тұғырдан секіруден Құрлықаралық кубок бәйгесіне әлемнің 12 елінен (Польша, Жапония, Германия, Словакия, Чехия, Эстония, Нидерланды, Ресей, Австрия, Корея, Словения және Қазақстан) 47 спортшы қатысты. Қазақстан намысын бұл сында Олимпиада ойындарының қатысушылары Николай Карпенко, Радик Жапаров, Алексей Королев және  Юрий Никитин қорғады.

Елімізде өтетін қысқы Азия ойындарының қарсаңында ашылған бұл кешенде кейін әлемдік деңгейдегі ірі сындар өткізілмек. Спорт кешені халықаралық стандартқа сай. К-95 және К-120 тұғырларында енді кез келген деңгейдегі ірі сындарды қабылдауға болады. Ал кешендегі жарысты 5500 адам тамашалауға мүмкіндік бар.

Болашақта Алматыға қанатты шаңғышылар ат басын жиі бұратын болады.

«Мәдени Азиада»

Бүгінгі күні Азия ойындарының салтанатты ашылуын ұйымдастыру және спортшылар мен қонақтар үшін жоғары деңгейдегі мәдени шаралар өткізу маңызды мәселе болып отыр. Ақын, кинорежиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жетекшілік ететін режиссерлік қоюшылар тобы анықталды. Топ құрамына бас режиссер Станислав Михлин, бас балетмейстер Мінтай Тілеубаев, бас суретші-конструктор Вадим Гостев және композитор, музыкалық редактор Рахметжан Шамұратов енді.

Сонымен қатар, бұл жұмысқа «Maxxam Internation» халықаралық консалтингтік компаниясының (Австралия) сарапшылары тартылды. Сарапшылар Сидней, Афины, Пекин олимпиадалық ойындарының ұйымдастыру комитеттерінің кезінде атқарған жұмыстарымен таныстырды. Бұдан басқа «Procon Event Engineering» неміс-бельгия компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Аталмыш компания Мәскеудегі «Евровидение-2009» конкурсының техникалық ұйымдастырушысы болып табылады. Және белгілі продюсер Игорь Крутой, режиссер-стенографшы Борис Краснов секілді ресейлік мамандар шақырылуда.

Мәдениет пен спорт бір-бірімен тығыз байланысты. V олимпиадалық ойындарда өнер конкурсы ұйымдастырылған болатын. Стокгольмдегі олимпиаданың мәдени бағдарламасы аясында тұңғыш алтын медаль «Спортқа арналған одаға» берілген еді. Оның авторы қазіргі олимпиадалық ойындардың негізін қалаушы және Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Пьер де Кубертен болғаны мәлім. Өнер мен спортты біріктіру дәстүрі, міне, жылдар өте келе «мәдени олимпиадаға» айналды. Бұл шара 2004 жылғы Афины олимпиадасынан бастап міндетті түрде олимпиадалық ойындардың елордасында өткізіліп келеді.

Ал бізде өтетін Азия ойындары аясындағы мәдени шаралар ішіндегі бір жаңалық — қысқы Азия ойындарының тарихында алғаш рет «Мәдени Азиада» шарасын өткізу жоспарланып отыр. «Мәдени Азиада» — Қазақстанның оң имиджін қалыптастырудың өзіндік әмбебап тетігі.

Астана мен Алматыда түрлі фестивальдер ұйымдастырылады. Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұраларын таныстыруға негізделген «Мәдени Азиада» ресми делегациялар мен ұлттық олимпиадалық комитеттердің өкілдерінің, спортшылардың, отандық және шетелдік журналистердің, қала қонақтары мен тұрғындардың бос уақыттарын ұйымдастыруға бағытталады.

«Мәдени Азиада» бағдарламасы аясында Алматыда «Қар басының саябағы», «Ұлы Жібек жолы» фестиваль-жәрмеңкесі, Азия елдері мәдениеттерінің фестивалі, «Алматы — Қазақстанның мәдени орталығы» сияқты жобалар жоспарланып отыр.

Астанадағы «Мәдени Азиада» жобасына «Қазақ ауылы», мұздан жасалған мүсіндердің, «Voice of Fstana» музыка және би, цирк өнерінің фестивальдері өтеді. Бейнелеу өнерінің көрмелері, спорттық тауарлар мен кәдесыйлар көрме-жәрмеңкелері, суреттер мен эссе конкурстары ұйымдастырылады.

Қаржының қайтарымы бола ма?

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, Азия ойындарын өткізу Қазақстан үшін 233,5 миллиард теңгеге түспек. Азиадаға байланысты шараларға биылғы жылы 33,5 миллиард теңге, ал 2011 жылы 1,5 миллиард теңге бөлу қаралған.

Спорттық жарыстар өтетін нысандарға 22 миллиард теңге кетеді.

Министрдің мәлімдеуінше, шығынның көп бөлігі теле және радио хабарларын таратуға 8,644 миллиард теңге жұмсалады. Шығынның жұмсалуы жағынан екінші орынды Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары алады. Бұл шараларға 7 миллиард теңге бөлінбек.

Бұдан басқа, ойындарды басқару орталығын, телевизия және баспасөз орталықтарын ұйымдастыруға, интеграциялы ақпараттық жүйемен қамтамасыз етуге 6,768 миллиард теңге көзделіп отыр.

Азиаданың мәдени бөлігін өткізуге 1,57 миллиард теңге, Астана мен Алматы қалаларын безендіруге 470 миллион теңге, Азия ойындарына қатысушыларды допингтік тексерулер мен оларға медициналық қызмет көрсетуге 1,177 миллиард теңге жұмсалады.

Ал Азия ойындарын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінен Азиаданы Қазақстанда өткізу құқығы 1,582 миллиард теңгеге сатып алынған.

Дегенмен, шығынның қайтарымы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде ірі-ірі демеушілер тартылуда, телеарналарға хабар жүргізу құқығын сату арқылы да қаржы түсіру мәселесі қолға алынды. Мәселен, ойындарды телеарналардан 30 елге тарату арқылы 4,5 миллиард теңге кіріс түседі деп күтілуде.

Қысқы Азия ойындарын таратуды «Арна Медиа» медиа-холдингі жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ билік басындағылар шетелдік телекомпанияларды тартуды мақсат етуде. Жалпы мамандар Азиадаға арналып салынған спорттық кешендердің қайтарымы болады деп бағалауда.

Сонымен қысқы Азия ойындарының басталуы да алыс емес. Еліміз үшін үлкен сын болатын мұндай халықаралық деңгейдегі шараның өз деңгейінде өтуі біздің мақтанышымыз, мерейіміз болмақ.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button