Спорт

Мейрамбек — қола жүлдегер

Күрес

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жерлесіміз Мейрамбек Қартбай осы байрақты бәсекеде қола жүлдеге ие болды.

Еркін күрестен ұлттық құрама құрлық біріншілігін 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен аяқтаса, әйелдер құрамасы 4 қола жүлде алды.

Еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесінде ел намысын жерлесіміз, Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Мейрамбек Қартбай қорғады. Ол жартылай финалға дейін еркін жеткенімен, жартылай финалда жапон балуаны Кенто Юмиядан жеңілді. Естеріңізде болса, былтыр күзде Сербияда өткен әлем чемпионатында да Мейрамбек жартылай финалға дейін жетіп, тағы бір жапон балуаны Рей Хигучиден ұтылып қалған болатын.

Бішкекте жартылай финалдағы сәтсіздіктен кейін, Мейрамбек қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Қола медаль үшін күресте ол қытай балуаны Вей Лиден 7:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ қазақстандық еркін күрес шеберлері арасынан Азамат Дәулетбеков (86 кг) Азия чемпионы атанса, Ризабек Айтмұқан (97 кг) мен Асыл Айтақынға (61 кг) күміс жүлде бұйырды.

Ал қыздар арасынан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жүлдегері Элмира Сыздықова (76 кг), Лаура Алмағанбетова (57 кг), Анастасия Панасович (72 кг) және Диана Каюмова (59 кг) қола жүлдегер атанды.

Азия чемпионаты әлі жалғасып жатыр. Кеше жарыс жолына грек-рим күресінің шеберлері шықты.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button