Спорт

Самородовтың соққылары

Премьер-Лига

«Ақтөбені» бірінші орынға шығарды

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 1:3

20-21 сәуір күндері 5-тур ойындары өтті. Бұл турда «Ақтөбеден» басқа командалардың сұрмергендері бір голдан артық соға алмады. «Астана» мен «Тобылдың», «Ордабасы» мен «Қызылжардың» есептері 1:1 болуы — осының бір көрінісі.

Бұл турда «Ақтөбе» Алматыда «Қайратпен» ойнады.

Бұдан бұрынғы турда жерлестеріміздің өз алаңымызда атыраулықтарды жеңе алмағанына қарамастан, көпшілік біздің командамызға тәп-тәуір ықыласты болды. Қазақстандық белгілі футбол маманы Алмас Құлшынбаев: «Меніңше, «Ақтөбе» жеңуге тиіс», — деді. Ал Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко тең ойын болуға тиіс екенін айтты. Букмекерлер «Қайратқа» іш бұрды. «Казфутбол» да өзара сайыстарда «Қайраттың» жеңісі көбірек болғандығын алға тартты.

Ал біз, ақтөбеліктер, жерлестеріміздің 7 сәуірде «Атырауды» жеңе алмаған дәрменсіздігіне куә болсақ та, бұл жолы ғайыптан тайып үш ұпай олжалап қалармыз деп үміттендік. Алматының стадионы билетті қымбаттатып жібергеніне қарамастан, осы ойынға аттанған қыруар ақтөбеліктер де осы үмітте болғаны даусыз. Жалпы ақтөбеліктердің арқасында Алматы стадионы жанкүйерлерге лық толды, тіпті билет жетпей қалды.

Ал ойын бірден-ақ алма-кезек шабуылдармен басталды. 5-минутта біздің қақпашы Игорь Шацкий қақпаны аса қауіпті соқыдан сақтап қалды. Содан бастап-ақ шабыттана ойнақтаған жігіттер бірде ана қақпаға, бірде мына қақпаға өршелене ұмтылып, қорғаушыларды адастыруға тырысып бақты. Бірақ, сірә, бұл кездесуге әбден дайындалса керек, қорғаушылар ешкімге де еркін соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Белсенділік қанша мықты болғанымен қақпаны нысанаға алған тура соққылар орындалып жарытпады. Осымен бірінші тайм да түгесілуге жақындады. Осы кезде «Қайрат» және бір шабуылдың бетін қайтару кезінде сыр беріп алды. Алас-қапас қимыл үстінде алматылық қорғаушы Әділет Сәдібеков айып алаңында қолмен ойнап қоюға мәжбүр болды да, он бір метрлік айып добы белгіленді. 40-минутта пенальтиді орындауға Әлібек Қасым келді. Келді де үйренген міндетін мүлтіксіз орындады — 0:1.

Бұл бірінші таймды былай бейнелеуге де болады. Ойын уақытының 55 пайызында доп ақтөбеліктердің аяғында жүрді. Ақтөбеліктер жалпы 8 соққы жасаса, алматылықтар 4 соққы ғана жасады. Ал дәл соққы жасауда екі команда тең болды: 2-2. Бұрыштама орындауда да жерлестеріміз алда болды: 6-1.

Екінші тайм да шамамен осылай өрбіді. «Қайрат» қайткенде де есе қайтаруға тырысты, «Ақтөбе» тізгіннен айырылмауды көздеді. Оның үстіне жерлестеріміз есепті ұлғайту қажеттігін де ұмытпады. Расында да, 1:0 дегеніңіз сусымалы есеп қой.

Есепті ұлғайтудың сәті 68-минутта келіп жетті. Қарсы шабуыл кезінде Дмитрий Бессмертный Максим Самородовқа тамаша пас тастады, тастағанда да әуелгі пасты қайраттық қорғаушы қайтарып үлгерді, бірақ Дмитрий екінші мәрте сәтті қимыл жасап допты бәрібір Самородовтың дәл алдына жеткізді, ал Максимнің жойқын соққысы жібек торды жыртып жібере жаздады — 0:2

Ал үшінші голды салу сәтін Ыдырыс Умаев бастады. Қайраттық үш бірдей қорғаушымен арпалыса құйын-перен екпінмен жүгірген Ыдырыс дәл қақпа алдына келгенде допты сол жағында келе жатқан Дорни Ромероға тастай қойды, осы кезде қайраттық қақпашы Данил Устименко атыла қарсы шыққанмен, толық тосқауыл қоя алмады. Қақпашыға тиіп бағытын өзгерткен доп тағы да Максим Самородовтың алдына келе қалды, Максим қақпашысыз қалған қақпаға голды ысыра салды — 0:3.

«Қайрат» 90+7 минутта бір гол соқты да, ойын «Ақтөбенің» сенімді басымдылығымен аяқталды — 1:3.

Бұл ойында жерлестеріміздің қорғанысы да өте сауатты болды, қақпашымыз Игорь Щацкий де тамаша қағілездік таныта білді. Қаншама тырмысқандарымен, алматылық шабуылшыларды біздің жігіттер тежеп ұстады, көздерінен таса етпеді, жігерлерін құм етті. Рамазан Оразов, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов, Габи Кики тәрізді ойыншылардың жоқтығы командаға кесірін тигізе алмады. Бұл кездесуде бас бапкер Дмитрий Парфеновтің өте тиімді тактика ұстанғаны көрініп тұрды. Қалай ақталуға тырысқандарымен «Қайраттың» бұл ойынға шыққан құрамынан ақтөбеліктер бір бас жоғары тұрды.

Айтпақшы, алматылық жанкүйерлер «Тау мен төбе тең емес» деген баннерді жалаулатқандарымен, оларға біздің жігіттер Табыл Досымовтың әніндегі сөзбен ұтымды жауап қайырды: «Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға!». Ал «Спорт кз» порталы «Қайрат» биыл шынымен де медаль үшін күресетін болса, екі-үш тәуір ойыншы алуы керектігі жөнінде кеңес берді.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 1:3

Гол авторлары: Әлібек Қасым, пенальти, 40-минут (0:1), Максим Самородов, 68-минут (0:2); Максим Самородов, 90+3 минут (0:3); Вячеслав Швырев, 90+7 минут (1:3).

Ескерту қағазын алғандар: Лука Гадрани, 16-минут; Офри Арад, 45-минут; Еркебұлан Сейдахмет, 89-минут («Қайрат»), Бауыржан Байтана, 45-минут; Ыдырыс Умаев, 45-минут; Максим Самородов, 61-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Богдан Вэтэжелу, Матео Барач, Әлібек Қасым, ​Дмитрий Бессмертный, Леонель Струмия, Бауыржан Байтана (Арман Кеңесов, 73-минут), Уче Агбо, Дорни Ромеро, ​Максим Самородов, Ыдырыс Умаев.

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

20 сәуір 2024 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жеңіс»-«Тұран» — 1:0

«Жетісу»-«Шахтер» — 1:0

«Қайсар»-«Атырау» — 1:1

«Ордабасы»-«Қызылжар» — 1:1

«Астана»-«Тобыл» — 1:1

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 3;

Габи Кики, қорғаушы — 1;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

*   *   *

Жерлестеріміз 4 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 1 рет тең ойнады. Ұпай саны — 10. Доп айырмашылығы — 10-3.

*   *   *

Бесінші турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

 

1-орынға 10 ұпаймен «Ақтөбе» шықты.

8 ұпайдан жинаған төрт команда — «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Қайрат» 2-5 орындарға жайғасты.

6-8 орын иелері —  7 ұпайдан жинаған «Астана», «Елімай», «Жетісу».

9-орында — 6 ұпайы бар «Жеңіс» тұр.

4 ұпайдан жинаған «Атырау» мен «Тұран» 10-11 орындарға келсе, 3 ұпайы бар «Шахтер» 12-орында қалды.

Ең соңғы 13-орында 1 ұпайы ғана бар «Қайсар» тұр.

* Басқалардан «Ақтөбе», «Тобыл», «Елімай», «Жетісу», «Қайсар» командаларының бір ойындары кем екенін еске саламыз.

*   *   *

6-тур ойындары:

27 сәуір, сенбі

«Тобыл» — «Жеңіс»

«Атырау» — «Қызылжар»

«Тұран» — «Астана»

«Қайсар»-— «Қайрат»

28 сәуір, жексенбі

«Елімай» — «Ордабасы»

«Жетісу» — «Ақтөбе»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button