Әлеумет

Исатайға ескерткіш орнатылса…

Біз неткен ер, неткен ер?

Сергелдеңмен өткен ер,

Еділ менен Дендерден.

Сағыз бенен Жемдерден,

Онан да талып өткен ер.

Арқада Әлім бар-ды деп,

Оған да барып жеткен ер.

Махамбет.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының қарулы жасақ құрып, отаршылдыққа қарсы бас көтеруі — ел жадында сақталып, тарихта ұмытылмайтын оқиға. Сондықтан кеңестік қатаң да қасаң саясаттың кезінің өзінде осы оқиғаға қатысты материалдар музей экспозициясынан түспеген. Еліміздің Тәуелсіздік алуы, 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде аталуы осы тақырып көлеміндегі жинақтау, іздестіру, зерттеу жұмыстарына жаңа серпін берді.

Бөкей Ордасындағы көтеріліс жеңілгеннен кейін, 1838 жылдың басында Исатай мен Махамбет өздеріне жақын адамдарымен Жайықтан өтісімен Сағыз өзені, одан әрі Жем өзені бойындағы рулар мен олардың ауылдарында (Тілеу, Қабақ, Адай, Табын, Тама, Төртқара) сәуір-мамыр айларында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Аз уақыт ішінде олардың төңірегіне көп адам жиналады.

Содан Үшбөкенбайда бірігіп, 2000 адам Темір өзенінің Көкбекті деген жеріне келеді. Музей қорындағы Орталық Мемлекеттік архив қорынан алынған мына құжатта Батыс бөліктің билеушісі, сұлтан Б.Айшуақовтың Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовскийге жолдаған 1838 жылы 26 маусымдағы рапортында:

«…При этих волнениях киргизов слышно, что хищник Исатай Тайманов соединился с беглецом султаном Каип Галием Ишимовым и с киргизами Адаевского Чумышлы-Табынского и других родов единомысленными с ними, числом до 2000 человек, приехали на местечко Кокбакты близ реки Темир и стараются еще более увеличить число людей» деп жазады. (ф 4 оп 1 д 1966). Көтеріліс кең жайылып, оған Тама, Алаша, Шекті, Кете, т.б. рулардың адамдары қосылады, Ойыл өзені бойына келгенде қатары 3000 адамға жетеді.

Қазақтың хан ұлынан кегін алам,

Жиылып бір мың қолмен Қиыл барам.

Атамның өткен ісін қайта бастап,

Мен биыл осы жазда ханды шабам, —

деген Исатай қолы Ақшат тауы етегіндегі Қиыл өзені бойына тоқтайды. Осы 12 шілде күні ертемен басталған шайқаста Исатай 500-ге жуық сарбазымен 1500 адамдық полковник Геке отрядына қарсы соғысуына тура келді. Осы қырғынды Махамбет:

«…Бір Аллаға сыйынып,

Кезенген жауға кез келдік,

Жалаң найза бір атпен!» — деп жырлаған.

Шайқас орны қазіргі Қобда ауданы, Жарсай елді мекені, Ақтөбе-Орал тас жолы бойына жақын жерде. Бұл жерді халық «Шейітсай» немесе «Қырғынсай» деп атаған.Үлкен аумақты алып жатқан бұл қорымда қанды қырғын құрбандары жатыр. Тарихшы-ғалым Н.Көшекбаевтың зерттеуі бойынша құрбандардың басына қойылған, араб әрпімен жазылған құлпытастар бар. Құлпытастардың көпшілігінде кете руының рулық таңбасы — «X» жиі кездеседі.

2002 жылы облыстық музей қызметкерлерінің экспедициясы осы қорымда болып қайтты.

Көтерілістің көсемі Исатай, оның 16 жастағы ұлы Оспан осында бірге жерленген. 1991 жылы маусым айында  бұрынғы «Қиыл» кеңшарының тұрғындары Исатай батырдың басына ескерткіш-тақта орнатқан. Осы ескерткіш  құлпытастың  ашылуына Исатай  батырдың ұрпағы, атыраулық Манарбек Дәулетов, тарих    ғылымының докторы, профессор Әбу Тәкенов, қазақтың ақын қызы Ақұштап   Бақтыгереевалар қатысқан.

Исатай бастаған көтеріліске біздің жерлесіміз ақын Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867 ж.ж.) белсене қатысқаны тарихтан белгілі. Көтеріліс басталған 1836 жылы ол Бөкей ордасына келіп, Исатаймен кездесіп, оның жақын достарының біріне айналады. Жас кезінен суырып салып өлең айтатын ақынға Исатай-Махамбет көтерілісі ерекше әсер етеді. Махамбет рухында өлеңдер шығарып, Ойыл, Қиыл бойындағы ақ кете руын көтеріліске қатысуға шақырады. Оның көсемі Исатайдың ерлігін, ата-тегін дәріптейді. Қалың елдің арасынан шығып, қол бастайтын адам Исатайдай болу керек деп есептейді.

Сағынам ауызға алсам Исатайды,

Ер тумас ел бағына ондай жайлы,

Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген

Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы, — деп батырды сипаттаған Шернияз ақынның мәңгі дамыл тапқан жері — көршілес Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылдық округі аумағында. Ақынның   бейітін   1977   жылы   белгілі   жазушы, драматург, аудармашы Берқайыр Аманшин «Көкжар» повесінің жалғасын жазу үшін деректер жинап жүрген кезде тапқан, Мұқыр елді мекенінен 28 шақырымда қырдың басында. Ол жер «Шернияздың ағы» деп аталады. 2006 жылы атыраулықтар басына күмбезді мазар орнатты.

Ақтөбе жерінде жатқан Исатай батырдың басына ескерткіш орнату әр кезде көтеріліп жүрген мәселе. Жәңгір хан, Махамбет, Шернияз ақындардың бейіті басына көрнекі ескерткіш қойылған. Тәуелсіздіктің күрескері, жоқтаушысы, мәңгі ерлік пен қаһармандықтың, намыстың символы болған Исатай батырдың бейіті басына ескерткіш қойылуы керек екендігі даусыз мәселе. Сондықтан алда Ақтөбе жеріне де батырды мақтан етуге тұратындай сәулет өнерінің ескерткіші қаланады деп сенеміз.

Рысты ДОСОВА,

облыстық музейдің бөлім меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button