Әлеумет

Тіл тәуелсіздігіне қол жеткізейік

Пікір

Ел талқысына ұсынылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру үшін алдымен екі шарт болуы тиіс. Бірінші, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау — бұл тілді қажеттілікке айналдыру шарты. Онсыз Бағдарлама қажетсіздікке айналатын құжат болары сөзсіз. 20 жыл тәуелсіз Қазақстанда тұратындар Тіл туралы заңды орындауға және тілді меңгеруге құлшыныс білдірмеді. Барлық жағдай жасалды, бірақ нәтиже күткендегідей емес, тіл үйренуде қазақстандықтар жалқау оқушыға, керенау орындаушыға ұқсаудан аса алмады. Екінші, Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңға өзгеріс енгізу шарт. «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап қазақ тілінің аяғына тұсау емес, кісен салып, ілгері аттатпай тұрғаны белгілі, оған көз жетті. Заңның 5-бабы одан әрі 8-баппен үндесіп «Мемлекеттік тіл… жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады… Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ол аз болса, 9-бап: «Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады» — дей тұрып, «Оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін» — деп, кертартпа, «әй, осы қазақ тілін-ай!» — дейтіндерге жол ашып, орысша жаза бер дегенді заңдандырады. Осылайша қазақ тілін — мемлекеттік тілді орыс тіліне тәуелді етіп жүрміз.

Бағдарлама туралы да ойларымыз бар. Мемлекеттік тілге көшіп болу мерзімін бағдарламада 2016 жылға белгілеу керек. Мұның үлкен саяси мәні бар. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл және еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл, сонымен бірге 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады. Тіл тәуелсіздігінің мерекесі етіп 2016 жылды тойлау — Қазақ елінің әлемге танылған толыққанды мемлекет екенінің салтанаты болар еді. Сонда «Бір мемлекет — бір тіл» ұғымын қазақ жерінде тұратын барлық азамат, әлемге паш етер еді.

Тілдерді қолдану мен дамытудың нормативтик-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруді 2010 жылдың желтоқсанында аяқтаған жөн. Ол үшін тағы да Бағдарламадағыдай үш жылды жоғалту жайбасарлық болады.

Бағдарламаның үшінші кезеңіне қазақ жазуын латын алфавитіне көшуді кірістіру керек. Ол ағылшын тілін меңгеруге және технологияға, Интернетке қазақ тілінің енуін күшейтеді. Латын әрпі қазақ тіліне жат емес, тарих оны біледі. 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейінгі тарихымыз осылай дейді. Бұдан ештеңе жоғалтпаймыз, қайта әлемдік өркениетке жақындай түсеміз.

Бағдарламада «Мемлекеттік тіл — ұлт бірлігінің факторы» делінген бірінші мақсат тұр. Тамаша пікір. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді атам қазақ. Бір ұжымның, бір үйдің баласындай өмір сүруге шақырады. Алайда, Қазақстан азаматтарының, оқушыларының тіл игеру, білу нәтижесі қалай анықталатыны тестке бағытталған. Ұлттық бірыңғай тестте орыс мектебін бітірушілер қазақ тілінен жоғары балл алады. Тіл үйрету орталықтарында, курстарда тіл үйренушілер сертификатқа тапсырғанда олар да жоғары балл алады. Сол кісілермен қазақша сөйлесіп көрсеңіз қайран қаласыз. Олар тест жауаптарын жаттап алып жоғары балға ие болады. Бұл тілді білу емес, өзін және қоғамды алдау. Меніңше, мектеп бітіруші де, мемлекеттік қызметкер де тілді білу деңгейін таныту үшін емтиханды тестпен емес, дәстүрлі ауызша сөйлесу, шығарма жазу, аударма жасау, т.б. арқылы өз деңгейін көрсету керек.

«Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату» деген үлкен мәні бар мақсат қойылған. Осыған әрбір ата-ана «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген Елбасы қағидасын ескере отырып, өз үлесін қосқаны ләзім. Қалалардағы мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері отбасында көбіне ата-аналарымен орысша сөйлеседі, ата-аналарының оларды қазақша үйретуге құнты жоқ, өйткені олардың өздері орыс тілділер. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласын отбасында, балабақшада, мектепте мемлекеттік тілде тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін мемлекет балабақшаларды, мектепті мемлекеттік тілге айналдыруы қажет.  Бағдарламада үшінші мақсат — «Дамыған тіл мәдениеті — зиялы ұлттың күш-қуаты» делінген. Әркімнің есімі өзінің болмысына тән болатыны табиғи құбылыс. Кеңестік дәуірде қазақтардың есімдері, тектері бұрмаланды. Мысалы, Естілеу орнына «Истляуп» деген түрде жазылды. Ов, ев, ин, ина деген қосымшаларды осы күнге дейін өзінің тегіне қосып алып жүргендердің ұлттық намысы оянбаған деуге болады. Ал, ономастика, топонимика, көше атаулары шетелдік ұғымдармен былығып тұр. Оларды ұлттық негізге айналдыруға жергілікті атқарушы органдар шындап кіріспей отыр. Бұл мәселені одан әрі кешіктіру — ұлт тарихына қиянат болары сөзсіз.

Бағдарламада «Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатайту» делінген бапқа сену қиын. Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заңның 24-бабында: «Тіл туралы заңдардың бұзылуына кінәлі… бірінші басшылар, заңды, жеке тұлғалар ҚР заңдарына сәйкес жауапты болады» деп жазылған. Осы баптың қандай басшыға колданылғаны байқалмайды. Әңгіме басшыны кінәлауда емес, оның Тіл заңын орындаудағы азаматкерлігін көрсетуінде болып отыр. Бірақ күдік көп. Өйткені, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылғы мамырдың 30-ында № 127 «Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7-ші ақпандағы № 550 Жарлығына толықтырулар еңгізу туралы» Жарлығы орындалған жоқ. 2009 жылы жоғарғы ресми орындардың өзі мемлекеттік тілге көшіруді жүзеге асырмады.

Жаңа Бағдарламаның міндеттерінің арасында «Орыс тілінің функциясын сақтау» делінген фраза бар. Бұл Ресейдің қарамағындағы тәуелді елдер Татарстан, Башқұрстан, Якутия (Сақа), Чубашия сияқты түркі тілдес елдер қатарында Қазақстан тұр дегендей-ді білдіреді. Тіл тәуелсіздігінсіз ел болу қиялдың бір түрі. Тіл — ұлттың дербестігін танытатын ерекше құбылыс. Қазақтың еңбектеген сәбиінен еңкейген қартына дейін орыс тіліне жетік. Абай айтқандай, «Орысқа айтар сөз жоқ, біз құлы, күңі құрлы жоқпыз» (2 т. 90 бет) деген уақыт келмеске кеткен. Біз Абайдың айтқанын істедік, орысша оқыдық, оның тілін біліп, онымен бірдейлік дағуасына (талас, тартыс, айтыс) кірдік. «Тек майордың күлгені керек деп, к…і ашылса да, қам жемейді» — деп айтқан Абай тіріліп келсе, қазір олай дей қоймас. Орыстың Абай заманындағы майоры түгілі қазіргі Президентінің өзі Қазақстан Республикасы Президентінен ақыл-кеңес сұрайтын дәрежеге жеттік. Олай болса орыс тілінің функциясын сақтау артық сөз, ол тіл қазақтың санасына

еркіндеп енген. Ұрпақтар алмасуы да орыс тілін қазақ стереотипінен өшіре алмас деп ойлаймын.

Шынтуайтын айтқанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «…заң шығарып мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп қол қойып бердік. Ендеше заңды орындау керек. Бұл халықтың құзырындағы, мемлекеттің құзырындағы мәселе» (ЕҚ 2009 25 маусым). Осыны ескеріп, халықтың ұсыныстарын назарға алып, орындалатын баптарды кірістіру қажет. Сөйтіп, мемлекеттік тілдің басқа мемлекеттердегідей өз міндеттерін, өз функциясын атқаруына қол жеткізуді 2016 жылы салтанатты түрде тойлайтын болайық.

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық

институтының профессоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button