Әлеумет

Лайықты еңбекке — лайықты баға

Бүгін кәсіподақтар үшінші рет Бүкіләлемдік еңбекті лайықты бағалау күнін атап өтеді. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бұл күнді атап өту жөніндегі ұсынысы әлемдік деңгейде жақсы қабылданды. Өткен екі жылда әлемнің барлық кәсіподақ мүшелері, еңбеккерлер теңсіздік пен еңбекті қанаушылыққа, қайыршылыққа қарсы шерулер мен ереуілдерге шықты.

Қаржы-экономикалық дағдарыстың салқыны әлем елдерінің барлығын шарпып өтті деуге болады, яғни дағдарыс салдары әлі толық айықпаған қазіргі уақытта лайықты еңбек тұжырымдамасы аса маңызды болып отыр. Жаһандық экономиканың дағдарыстан кейінгі моделінің басты мақсаты еңбектегі адамдардың мүддесін қорғау болуға тиіс. 2010 жылдың 14 маусымында Женевада Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбек туралы Бағдарламаға қол қойылды. Ол әлеуметтік серіктестермен бірге жасалған және Қазақстандағы лайықты еңбек принциптерін дамыту жөніндегі жұмыстардың жалғасы болып есептеледі.

Бағдарлама Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы ұлттық басымдықтарға негізделген. Қазір жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбекақыны дұрыс төлеуді заңмен белгілеу, жұмысшылар мен олардың кәсіподақтарының негізгі құқықтарын қорғау мәселелеріне біздің облыста да үлкен мән беріліп отыр. Осы жылдың тоғыз айында облыс кәсіподақтары еңбекақыны төлеу бағытында қыруар жұмыстар атқарғанын айта кету керек.

Мысалы, 1 сәуірден бастап «Казхром» ТҰК АҚ-інде еңбекақы 20 пайызға арттырылды, бұл Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинатындағы 11 мың жұмысшының айлығына қосылған несібе деуге болады. Ұзақ келіссөздерден кейін 1 маусымнан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ды орташа айлық жалақысы 20 пайызға көбейтілді. Бүгін тойланғалы отырған мереке қарсаңында тағы бір қуанышты хабар келді — жұмыс беруші берген уәдесінде тұрып, биыл үшінші рет 1 қазаннан бастап жұмысшылардың жалақысын тағы да 15 пайызға, инженерлік-техникалық қызметкерлердің жалақысын 10 пайызға арттырды. «Ұлы қабырға» ЖШС-ындағы ұжымдық еңбек дауы шешілді, кәсіподақтардың  күшімен 1 шілдеден бастап еңбекақыны көбейту туралы келісімге қол қойылды. «Востокнефть и сервисное обслуживание» ЖШС мен «М-Техсервис» ЖШС-ындағы еңбекақыны көтеру туралы келіссөздер жалғасып жатыр.

ҚР кәсіподақтар Федерациясы мен ҚР Үкіметінің салалық кәсіподақтарының табанды жұмыстарының нәтижесінде жоспарланған мерзімнен үш ай бұрын бюджет саласындағы жұмысшылардың жалақысын 25 пайызға көтеруге қол жеткізілді. Бұл 50 мыңдай жұмысшының айлығы көбейді деген сөз. 1 шілдеден бастап «Сан Дриллинг» ЖШС-ның жұмысшыларының жалақысы 26,7 пайызға артты. 1 сәуірден бастап «АХҚЗ» АҚ-ындағы жалақы дағдарысқа дейінгі деңгеймен теңестірілді.

Осы жылдың қарашасында Кәсіптік одақтардың ХХІІ съезі делегаттарының бастамасы бойынша Атырауда өтетін республиканың мұнай-газ саласының жұмысшыларының форумында кәсіподақтар лайықты еңбекті бағалау мәселесіне қатысты жұмыстарын одан әрі жалғастырады.

Кәсіподақтар бұл форумда еңбекті қорғау, жұмыс орындары жағдайының талапқа сай болуы және еңбек саласындағы басқа да мәселелерге назар аудармақ.

Әлеуметтік серіктестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның шешімі бойынша 2010 жылы «Ұжымдық келісім-шарт жасасыңыз» атты жалпыреспубликалық акция одан әрі жалғасты. Осы акцияны ұйымдастыру жөніндегі облыстық штабтың бірнеше отырысы өткізілді, осындай жұмыстардың нәтижесінде мүлде еңбек келісім-шарты болмаған ұйымдарда еңбек келісім-шарттары жасалды.

Бүкіләлемдік еңбекті лайықты бағалау күні қарсаңында әлеуметтік серіктестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті, онда тұрғындарға мемлекет кепілдік берген медициналық қызмет көрсету, тұрғындарды қолжетімді баға бойынша азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік белдеуін құру, мектепке дейінгі балалар мекемелерін орынмен қамтамасыз ету секілді үш маңызды мәселе қаралды.

Кәсіподақтар жыл сайын «Таңдаулы ұжымдық келісім-шарт» номинациясы бойынша «Парыз» байқауына қатысады.

7 қазан — сараптау жасайтын күн, кәсіподақтардық да, биліктің де, жұмысшылардың да алға қойған мақсаттарын тағы бір пысықтап алатын күн. Ереуілдер мен билікке қарсы тұру өткен уақыттың еншісінде қалды. Диалогқа ұмтылу керек. Биілкпен, жұмыс берушімен диалогқа келу — біздің мақсатымыз…

Виктор ПФАНЕНШТИЛЬ,

облыстық кәсіподақ кеңесі төрағасының бірінші орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button