Ауыл

Әуелгі тілек — амандық

Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, ауылда тіршілік етіп жатқан қарапайым халықтан да маза кетті. Бұған дейін әуелі республиканың екі үлкен қаласының жайы көп айтылса, енді, міне, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында  Ақтөбе облысына да ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілді.

Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блок-посттар қойылып, транзиттік көліктер, сондай-ақ тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдарды, Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарына қажетті тауарлар мен материалдарды тасымалдайтын көліктердің жүрісі тек арнайы рұқсат қағаздары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Басқа көлік құралдары мен азаматтарға облыс аумағы мен Ақтөбе қаласының территориясына кіруге және шығуға тыйым салынды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің Ақтөбе облысының тұрғындарына арнаған Үндеуінде: «Тек оқшаулану ғана бізді індет дертін жұқтырудан сақтандырады. Көп қабатты үйлердегі пәтерлерден, жеке үйлердегі ауладан шықпаған дұрыс. Қалада да, ауылда да осындай тәртіп орнатылсын… Ерекше жағдайдағы шектеу режимін бұзғандарға заң жүзінде қатаң шара қолданылады» деген болатын.

Қаладағы жағдайды көзімізбен көріп отырмыз, ал бұл кезеңді ауыл тұрғындары қалай өткеріп жатыр? Осы сұрақтың жауабын білу үшін Қобда ауданына қарасты И.Құрманов атындағы ауылдық округ тұрғындарымен хабарласқан едік.

Құрамына Егіндібұлақ пен Бегалы ауылдары кіретін И.Құрманов атындағы ауылдық округте 700-ге жуық тұрғын бар. Екі елді мекен де көгілдір отынмен, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бөбекжай-бақша мен мектеп, кітапхана, дәрігерлік пункт екі ауылда да бар. Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысатын бұл округ аудан экономикасының өсуіне өзіндік елеулі үлесін қосып отырған ауылдар қатарына енеді.

Тұрғындар той жасаудан бас тартқан

Қаңтар айының аяғында ауыл-ауылда соғымнан ауыз тигізу басталады. Соғымның сыбағасынан ауыз тиіп, үлкендер жағы бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып қалатын бұл бейресми мереке әдетте ауылдарда наурыздың соңына дейін  жалғасады. Бұл уақытты әсіресе үлкендер жағы ерекше күтеді. Бірақ қазаны оттан түспейтін, дастарханы жиылмайтын, бірлігі жарасқан Егіндібұлақ ауылының тұрғындары бірауыздан бұл бейресми мерекені өткізуден уақытша бас тартыпты.

Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері қазір көпшілік қауым үйде отыр.Осы сәтті тиімді пайдаланып соғымның сыбағасынан жақындарына дәм ауыз тигізгісі келетіндер көп-ақ. Бірақ ең бастысы — амандық. Өзінің және өзіне жақын жандардың денсаулығы мен амандығы үшін ауыл тұрғындары шеке мен садақа беруден, той жасаудан бас тартып отыр, — деді ауылдың тыныс-тіршілігін баяндап берген ауылдық округ әкімі Қайырбек Әмірғалиев.

Ал ауыл тұрғыны Есентай Сүтенов 21 наурызға белгілеп қойған ұлының ұлы тойын кейінге қалдырған. Өндірісті өлке Хромтау ауданымен құда болып жатқан Есентай ағай аты жаман індеттен аман шықсақ, тойдың «көкесі» алда екендігін айтады.

— Аллаға шүкір, жұбайым екеуміз 7 бала өсіріп, барлығын дерлік құтты орнына қондырдық. Кенжеміз қаңтар айында үйге келін әкеліп, тойды жер аяғы кеңіп, күн мен түн теңелетін уақытқа қалдырған едік. Жоспарымыз бойынша 21 наурызға белгілеген болатынбыз. Онымен елде төтенше жағдай жарияланып, жағдайды көріп отырған соң кейінге қалдырдық. Балалар да түсінді. Бұндай жағдайда шыдамдылық танытып, елмен бірге болған жөн, — дейді Есентай Сүтенов.

«Бақыт ана» мешіті өз қызметін уақытша тоқтатты

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу және сақтық шараларына орай, жұма намазына қатысты Үндеу жариялаған болатын. (Айта кету керек, Үндеудің толық нұсқасы «Ақтөбе» газеті облыстық сайтында жарияланды).

Онда мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайтындығы, әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейтіндігі туралы айтылған еді. Осыған орай Егіндібұлақ ауылындағы іргетасы 2007 жылы қаланған «Бақыт ана» мешіті де өз қызметін уақытша тоқтатты. Бірақ мешіт есігі ашық. Бес уақыт намазға азан шақырылады. Алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Тұрғындар қауіпсіздігі үшін бүгінгі таңда мешітке дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, көпшілік қауыммен өтетін шараларды уақытша тоқтатып қойдық. Ауыл ішінде жұма намазын мешітке келіп оқитын 15 шақты жамағат бар. Қазір әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын оқиды. Мұның барлығы — тұрғындар денсаулығы үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындары жағдайды жақсы түсінді, — дейді мешіттің имамы Абдуллахон Махсұтов.

Сабақ дәстүрлі түрде жалғасады

Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықовтың айтуынша, төртінші тоқсанды ауданның 8 мектебі  қашықтан оқыса, бала саны аз 17 білім ордасы оқуды дәстүрлі түрде жалғастыра береді. Егіндібұлақ ауылындағы И.Құрманов атындағы орта мектептің оқушылары сабаққа бұрынғыдай, тек енді медициналық бетпердемен барады.

— Мектепке дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Белгіленген уақыт сайын есіктердің тұтқалары мен бөлмелер жуылып отырады. Оқушылардың барлығы сабаққа медициналық бетперде киіп қатысады. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Ауылдық әкімдік көмегімен мата алынып, мектептегі тігін машиналарымен барлық оқушыларға артығымен бірнеше реттік бетперделер дайындалып, таратылды, — дейді мектеп директоры Бауыржан Нұрғалиев.

Оның айтуынша, мектепте 110 бала бар. Оның 24-і — интернатта жатып оқитын оқушылар. Бүгінгі таңда аталған 24 оқушының төртінші тоқсанды қалай бастайтындығы жөнінде мәселелер шешіліп жатыр.

Р.S. Біз хабарласқан ауыл тұрғындарының тірлігі бұрынғысынша жалғасып жатыр. Көңілде алаң болғанымен, барлығы бәз-баяғы қалпында.  Алыста білім алып жүрген студенттер де ата-аналарының қасына келіпті. Баланың көңілі далада болғанымен, баласының қасында болғанына аналары ерекше қуанышты.

Көшеде  жайылымға енді шыққан төрт түліктің даусынан басқа ештеңе естілмейді. Тып-тыныш. Тірлігі басқа болғанымен ауыл тұрғындарының тілегі бір. Ол — аты жаман індеттен аман-есен құтылып, жарқын болашақ жолында білім алып, еңбек ету.

Бет қатталып жатқанда Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов хабарласып, елдегі жағдайға байланысты ситуация күн сайын өзгеріп жатқанын айтты. Бұған дейін сабақты дәстүрлі түрде жалғастыру жоспарланған И.Құрманов атындағы орта мектептің оқушылары төртінші тоқсанды телеарналар арқылы қашықтан оқиды. Ал тапсырманы мұғалімге WhatsApp мессенджері арқылы жолдайды немесе арнайы курьерлік қызмет ұйымдастырылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button