Спорт

Болашақ чемпиондар осында тәрбиеленеді

Кірпішті поселкесіндегі шаңғы базасында мектеп оқушылары арасында шаңғыдан Ақтөбе қаласының ашық чемпионаты өтті. Оған қаладағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің тәрбиеленушілерімен қатар, Темір және Қобда аудандарының өкілдері де қатысты.

Жас шаңғышылар өздерінің жас шамаларына қатысты әртүрлі қашықтықта бақ сынасты.

— Біздің жарыс жолдарымыз арнайы сертификаттаудан өтті және республикалық сайыс өткізу талаптарына да толық сай деп айта аламыз. Қазақстан шаңғы спорты федерациясының өкілі Олег Коломеец арнайы келіп, осы істердің куәсі болды. Шаңғы спорты бізде жақсы дамуда. Қазіргі уақытта шаңғы-роллерлік трасса құрылысы жүргізілуде, ол спортшыларымызға жазда да жаттығуға мүмкіндік береді, — дейді қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағамбет.

Ақтөбелік шаңғышылар бүгінгі күні өздерінің биік жетістіктерімен көрінуде. Мәселен, Батыржан Демеужан былтыр Оңтүстік-Сахалинде өткен «Азия балалары» сайысында жеңімпаз атанды. Ернұр Бексұлтан — Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. Олардың ізін қуушылар көптеп шығатынына сенім мол.

 Жантас МАҚСҰТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button