Басты жаңалықтар

Этносаралық татулықтан — жалпыұлттық бірлікке

Кеше Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІІІ сессиясы өтті. «Этносаралық татулықтан — жалпыұлттық бірлікке» деп аталған шараға облыс әкімі, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Оңдасын Оразалин, мемлекеттік қызметкерлер, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы барлық кеңестер құрылымдары, студенттер қатысты.

— Бүгінгі шара еліміз үшін маңызды екі мереке тұсында өткізіліп отыр:  оның бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болса, екіншісі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні. Екі атаулы күн де біздің еліміз үшін қадірлі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктердің негізінде біздің қоғамның татулығы, тұрақтылығы жатыр. Елбасының көрегенді саясатының арқасында Қазақстанның  бүгінде әлемдегі дамыған елдермен терезесі теңелді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» тақырыбымен өткен ХХVІI сессия барысында алдымызға біршама міндеттер жүктелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйек күнгі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында маңызды мақсат-міндеттер айтылды.  Біз бұрын «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұранмен келген болсақ, енді қоғамдық-саяси жаңғырудың, саяси реформалардың маңыздылығы баса айтылды. Яғни, ендігі бағыт —  әрі экономика, әрі саясат болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІI сессиясы Тұңғыш Президентіміз- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен өтті. Қоғамдағы бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясы —  мемлекетіміздегі татулық пен ынтымақтың, бірлік пен келісімнің киелі бесігі. Бұл Елбасымыздың ұлтаралық  мәселелерді шешудегі көрегендігінің көрінісі, — дей келе облыс әкімі Оңдасын Оразалин мемлекет іргесінің қаланғанынан бастап, қалыптасу, даму дәуірі туралы сөз қозғады, бұл жетістіктердің барлығында Елбасы саясатының, соның ішінде мемлекет халқының татулығы, қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісім жатқанын тілге тиек етті.

Шара барысында Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бағытындағы және облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының 2019 жылғы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдық бөлімшелерге өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева облыстық деңгейде биыл атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғады.

— Бүгінде облыста 18 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр, оның құрамында екі мыңнан астам адам бар, — деді ол. Оның айтуынша, бірлестіктердің саны мен сапасы да артып отыр, мәселен, жыл басынан бері «Славяне» бірлестігінің құрамы 700 адаммен,  «Возрождение» — 415, «Оксана» 110 адаммен толыққан. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұйымдары түрлі мәдени-қоғамдық шаралардан жүлделі орындар алып келіп жүр, мәселен, украиндердің «Оксана» бірлестігінің шығармашылық ұжымы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Біз біргеміз, біз бір отбасымыз» атты IV халықаралық фестивальде бірінші орын алды, басқа да шығармашылық ұжымдар «Татар қызы-2018», «Навеки вместе», «Оренбург – форпост России»,   «Русская песня» сынды халықаралық, республикалық, аймақтық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

М.Қорғанбаеваның айтуынша, бүгінде өңірде түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейтін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ҚазХром», «Ақтөбе теміржол бөлімшесінде», «Акбұлақ» АҚ, өндірісті Хромтау, Мұғалжар аудандарында қоғамдық кеңестер ашуға мүмкіндік бар.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында құрамында 932 мүшесі бар  145  Аналар кеңесі, ардагерлердің «Бірлік» кеңесі жастарға салт-дәстүрлерді үйрету, рухани тәрбие беру сынды бағыттарда түрлі шаралар өткізіп келеді.

Сондай-ақ медиацияны дамыту, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының жұмысы, «Мейірімділікпен бірлікке», «Мың бала» жобаларына байланысты өткізілген шаралар туралы да айтылды.

2019 жылдың 25 қарашасы күні Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – өз мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу екендігі айтылған-ды. Осының негізінде 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта «Қазақтану ғылыми- ағартушылық жобасы» енгізілген-ді. Жобаның басты міндеті: қазақстандық этностарды қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысу. Бұл бағытта да облыстық ҚХА облыста бірқатар жұмыстар жүргізді.

Алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Осы бағытта ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай жобалардың бірі — «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедиция. Бұл жоба бойынша халықаралық, республикалық және аймақтық маршруттар белгіленіп, экспедициялар жүргізіледі. Экспедиция еліміздің барлық аймағында салтанатты түрде  2020 жылдың 1 ақпанында басталмақ.

Сессия барысында поляктардың «Святло» этномәдени бірлестігінің өкілі Надежда Степаненко, Еуропалық Ассамблеяның құрметті мүшесі, «Ақтөбе облысы медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, медиатор-жаттықтырушы Светлана Балпеисова, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штаб төрағасының орынбасары Алданазар  Жаханов,  «Дагестан»  Ақтөбе облысы дағыстандардың этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Даази Омаров, украиндердің «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының жастар қанатының мүшесі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің 5-курс студенті Анюта Трегуб сөз сөйледі. Облыстың қоғамдық өміріне араласып, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауға   қосқан үлестері үшін, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен ҚХА жанындағы кеңес белсенділеріне облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы  Оңдасын Оразалиннің Алғыс хаты тапсырылды. Олардың қатарында біздің әріптесіміз, «Актюбинский вестник» газетінің журналисі, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубының белсенді мүшесі Татьяна Виноградова да бар.  Сондай-ақ тағы бірқатар адамға ҚХА куәліктері тапсырылды.

Сессия соңында украиндердің «Оксана» ұлттық-мәдени орталығы өкілдері Оңдасын Оразалинге Алғыс хат тапсырды.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XХІІI сессия қорытындысы бойынша қарар қабылданып, алдағы жылы атқарылар жұмыстар пысықталды. Нақтырақ айтсақ, алдағы жылы қоғамдық келісім кеңестер қызметін жандандыру, медиация кабинеттерін ашып, кәсіби емес медиаторлар даярлау, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығын құру, шетелдік достар клубын құру, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шараларды жүзеге асыру, «Тұңғыш  Президент жолымен» экспедициясы жобасын іске асыру, мемлекеттік тілді оқытуға жан-жақты жағдай жасау, осы бағытта «Ситуативный  казахский –«Мәміле» жобасын іске асыру, этномәдени бірлестіктер мүшелерінің сандық және сапалық құрамын арттыру, жастармен тығыз жұмыс істеу сынды мақсат-міндеттер қойылды.

Сессия жабылған соң Ассамблеяның 25 жылдық тойының облыстағы алғашқы шымылдығы ашылды. Ақтөбе облысы ҚХА ғимаратының салтанат залында өткен «Елбасы — Ассамблея тарихы: бейбітшілік пен келісімнің шежіресі!» атты шара Тұңғыш Президент күніне де арналды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ассамблеяның 25 жылдық тойына арналған шараларға старт беріп, баршаны осы ширек ғасырлық белеспен құттықтады. Шара барысында облыстағы этномәдени орталықтар өкілдері өнер көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button