Ресми

Қор нарығының құралдары

Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА), 2007-2011 жылдарға арналған ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде, қаржы және қор нарықтарының негіздері туралы оқыту мақалаларының сериясын жариялауды жалғастырады

Қор нарығында жеке қаражаттарды инвестициялаудың көптеген тәсілдері бар. Сізге бұл тәсілдердің қайсысы сәйкес келетінін анықтауға көмектесу мақсатында, Қазақстан қор нарығында қаражатты инвестициялаудың ең кең тараған тәсілдерінің сипаттамаларын қарастырып көрейік.

Облигациялар
Облигациялар немесе табыс пайызы бекітілген бағалы қағаздар борыштық міндеттемелер санатына жатқызылады. Сіз облигация сатып ала отырып, өз ақшаңызды кәсіпорын немесе мемлекетке қарызға бересіз. Бұл үшін олар сізге қарыз сомасынан пайыздық кіріс төлеп тұруға, сонымен қатар нақты мерзім өткеннен кейін қарыздың негізгі сомасын қайтарып беруге келісімін береді. Мәселен, компания жылдық 11 пайызды 1 жыл мерзіміне арнап бағасы 100 000 теңге болатын 100 облигация шығарды делік. Бұл дегеніміз, компания жыл соңына дейін өз қағаздарын 11 пайызға артық құнмен сатып алады дегенді білдіреді.

Облигациялардың салыстырмалы түрде алғандағы сенімділік деңгейі олардың негізгі артықшылығы болып табылады. Егер де сіз тұрақты мемлекеттік немесе муниципалды басқару органының облигацияларын сатып алатын болсаңыз, ақшаларыңыздың қайтуы 100%-ға тең екеніне сенімді болуыңызға болады (мұндай облигациялар «тәуекелсіз» деп аталады). Екінші жағынан, бұл бағалы қағаздар бойынша ұсынылатын қауіпсіздік пен тұрақтылық табыс көрсеткішіне тікелей байланысты болып келеді. Олардың тәуекелдік деңгейі төмен болғандықтан, табыс көрсеткіші де жоғарылықпен ерекшеленбейді. Бүтіндей алғанда, облигациялар бойынша табыс деңгейі басқа бағалы қағаздармен салыстырғанда әдетте төмен болып келеді.

Бүгінгі таңда қор нарығында облигациялардың көптеген түрлері бар. Эмитентке байланысты олар – мемлекеттік, ұжымдық және шетелдік облигацилар деп бөлінеді. Нарықта барлығы 208-ге жуық облигация бар.

Облигацияларды сатып алу үшін брокерлік компанияға барып, облигацияларды сатып алу үшін шот, ал оларды сақтау үшін шот-депо ашқызасыз. Брокерлік қызметті жүзеге асыруға арналған келісім-шартты жасасу үшін сізге жеке куәліктің көшірмесі, СТН көшірмесі, банктік реквизиттер қажет. Қандай да бір облигация түрін сатып алатын кезде сіз брокерге клиенттік тапсырыс бересіз. Сіз брокерге клиенттік тапсырыстың түпнұсқасын беруіңізге болады немесе оны факспен немесе электрондық поштамен жібере аласыз. Бірақ артынан сіз оның түпнұсқасын брокерге апарып беруіңіз міндетті. Осыдан кейін, биржада клиент атынан өтінім орналастырылады. Мәміленің жасалуы мен мерзімі клиент тарапынан тапсырыста көрсетілген қағаздың құнына, көлемі мен оның мерзіміне байланысты. Сонымен қатар өтінім мен ұсынысқа да қатысты. Депозитарийде сіздің қағаздарыңыздың шартты ұстаушысы брокер болып есептеледі, ал шын мәнінде облигациялардың иесі сізсіз.

Акциялар

Кәсіпорын акцияларын сатып алған мезеттен бастап, сіз компания бөлігінің иесіне айналасыз. Акциялар сізге акционерлердің жыл сайын өткізілетін жиналысында дауыс беру және кәсіпорын табысының бір бөлігін алу құқығын береді.

Акциялар қор нарығындағы айтарлықтай өтімді тауар болып табылады. Акцияны сатып аларда сізге ешкім кепілдік бермейді. Кейбір компаниялар сізге қарапайым акциялар бойынша дивидендтер бермейді, оларды керісінше капитализацияның ұлғаюы мен дамуына жібереді. Ал сіз сатып алған акциялар ұзақ уақыт бойы  бір бағада сақталып, кейде тіпті минусқа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан нарыққа тек, артық қаражатыңыз болған жағдайда ғана барған  жөн. Сондай-ақ егер қор нарығы мен қаржы құралдары туралы біліміңіз болмаса, қаражатыңызды жоғалтып алу қаупі бар, сол себепті қаржыға қатысты біліміңізді арттырып, нарықтағы жағдаймен жақсы танысу керек.

Қор нарығында бірінші, екінші және үшінші дәрежелі қарапайым және артықшылықты акциялар айналымда жүреді. Бүгінде нарықта 124 компания-эмитент өз қағаздарын ұсынуда.

Акцияларды сатып алу үшін қаржы брокеріне, яғни бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсететін брокерлік компанияға барыңыз. Есіңізде болсын, брокердің өзі акцияларды сатпайды, ол тек қор нарығында делдалдық қызметті атқарады. Бағалы қағаздарды сатып алмас бұрын, брокерлік компаниямен келісім-шарт жасасу керек. Ол үшін брокерлік компанияға жеке куәліктің немесе төлқұжаттың көшірмесін, СТН көшірмесін және банктік реквизиттерді өткізу керек. Одан кейін брокерлік компания сізбен қажетті қызмет көрсету түріне қатысты келісім-шарт жасасады. Бұл келісім-шарт негізінде сіз биржада жұмыс жасауы үшін брокерге тапсырма бересіз. Бұдан кейін акцияларды сатып алу үшін, сіздің атыңыздан барлық операцияларды жүзеге асыратын брокерге өтінім бересіз. Брокер шот ашу мақсатында өзінің атынан клиенттің өтінімін биржаға өткізеді, бұл процедура 1-2 күнді алады. Содан кейін клиент брокерлік компания ұсынған реквизиттерге қаражат аударуы тиіс. Биржадағы мәміле бірден тіркеледі. Осыдан кейін сіз қандай да бір компания акцияларының иесі атанасыз.

Пайлық инвестициялық қорлар.
Пайлық инвестициялық қорлар (ПИҚ) акциялар мен облигациялардың жиынтығы болып табылады. Сіз пай (сатып алушының пайлық инвестициялық қордағы үлесін растайтын, атаулы бағалы қағаз) сатып ала отырып, өз қаражаттарыңызды өзге инвесторлардың ақшаларымен біріктіресіз. Осы біріктірілген қаражат есебінен басқарушы компания (БК), осы ПИҚ-ты басқарумен айналысатын кәсіби менеджерге гонорар төлейді, ол өз кезегінде инвестициялау мақсатында бағалы қағаздарды іріктеумен айналысады. ПИҚ әртүрлі инвестициялық стратегияларды жүзеге асыру мақсатынды құрылады, оның қаражаттары ірі және шағын кәсіпорындардың акцияларына, мемлекеттік облигацияларға, кәсіпорындардың облигацияларына, нақты сала немесе жеке мемлекеттер кәсіпорындарының акцияларына инвестициялануы мүмкін.

Пайлық инвестициялық қорлардың ең басты артықшылығы, сіз бағалы қағаздарды таңдауға уақыт жұмсамастан, өз қаражаттарыңызды инвестициялау мүмкіндігіне ие боласыз. Теориялық жағынан алғанда, кәсіби басқарушыларды тарту ПИҚ-тарға инвестициялардың басқа түрлерімен салыстырғанда айтарлықтай артықшылықтар береді.

Нарықта ашық және интервалдық пайлардың саны — 36, 5000 теңгеден бастап сатып алуға болады.

Пайларды сатып алу үшін осы қызметті жүзеге асыратын компаниямен келісім-шарт жасасу керек. Ол үшін жеке куәлік пен СТН көшірмесін ұсыну керек. Содан кейін пайды сатып алу туралы өтінім мен шотты ашу жөніндегі бұйрықты толтырып, кез келген банк арқылы қажетті соманы аудару қажет. Қаражат түскеннен кейін 1-3 күннен соң, сіз пайшылар реестрінен үзінді алып, ақшаңыздың қозғалысын бақылай аласыз.

А.МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button