Басты бет » Әдебиет » Жайықтың ақ шағаласы

Жайықтың ақ шағаласы

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның жыр кеші өтті.

Кеш Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының композициялық-поэтикалық қойылымымен басталды.

Бұдан кейін ақын Ақұштап Бақтыгереева ортаға шығып, ақтөбелік оқырмандарына жүрекжарды лебізін арнап, өз өлеңдерін оқып берді.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов «Жайықтың ақ шағаласы» атанған қазақтың ақын қызын мерейлі жасымен құттықтап, Ақтөбе өңіріне арнайы келгені үшін алғысын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ кеште Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков ақынға жастармен кездесіп, жыр кешін өткізгені үшін университет ұжымы мен студенттері атынан ерекше алғысын айтты. Сондай-ақ қазақтың аяулы ақыны Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова кезінде әкесінің Ақұштап замандасына арнаған өлеңін оқып беріп, гүл шоғын тапсырды.

Жыр кешінде университет студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған бірнеше әндерді орындады.

Кеш соңында ақын оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, ақтөбеліктерге шынайы ризашылығын білдірді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.