Әдебиет

Өмір тынысы 

Сара Мыңжасарованың туғанына — 100 жыл

Сара Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Шалқар ауданының Қара-Шоқат деген жерінде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. Еңбек жолын Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы болып бастайды. Одан кейін оқу-ағарту, баспасөз салаларында қызмет атқарған. 1954 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстық газеттерінде, кейіннен «Казахстанская правда» газетінде еңбек етті. 1971-1983 жылдары Қазақ КСР Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасында бөлім бастығы болды.

«Қыр қыздары» (1970 жыл), «Әйел бақыты» (1981 жыл), «Төзім шеңбері» (1984 жыл), «Өмір көріністері» (2002 жыл) кітаптарының авторы.

Жазушының 1970 жылы жарыққа шыққан «Қыр қыздары» романы — қазақ қыздарының қолынан шыққан ең тұңғыш роман. Сондай-ақ ол аудармашы ретінде де көп еңбек сіңірді: вьетнам жазушысы Нгумен Ванның «Буйвол» повесін, абхаз жазушысы Иван Папаскиридің «Әйел намысы» романын, т.б. көптеген шығармаларды, оның ішінде ертегілер, басқа да балаларға арналған шығармаларды туған тіліне аударды.

Қазақтың қайсар мінезді қаламгер қызы Сара Мыңжасарова 2002 жылы дүниеден өтті.

Оқырмандарымызға жазушының «Өмір тынысы» повесінен үзінді ұсынып отырмыз:

Сара МЫҢЖАСАРОВА

Өмірдің бір ерекше әсем, ерекше есте қалатын көріністері болады емес пе? Қанша жыл өтсе де сол сұлу көрініс күні кешегідей көз алдында тұрып алады. Бұл сонау 1945 жылдың жазының көрінісі еді-ау.

Жер мен аспан кемеліне келе көсілетін жадыраған жаз айы. Жер ұйығы — Алатау масаты тонын жамылып, ақ желегін бос тастап, бой сылаған сұлудай сымбаттана түскен кез. Оқтаудай түзу көшенің бойына қапталдай егілген ағаштардың тамырларын аймалай аққан мөлдір су. Әкесінің қасында осы көшенің бойымен келе жатқан Ғазиза Алматының сұлулығын алғаш аңғарғандай айналасына әсерлене қарайды. Оған шаттық күйі естілгендей, сұлу табиғат сырын ақтара түскендей. Ой үстінде келе жатқан әкесіне көз қиығын тастайды. Әке қиялын ұққысы келетін сияқты. Әкесі Ахмет Жұбанов — қазақтың көрнекті ғалымы, атақты композиторы.

Қуанышта асып-таспайтын, қайғыда жапырыла майысып, біржолата сынып кетпейтін байсалды әке мінезі Ғазизаға ерекше көрінетін. Ғазиза жас, бүгін ғана Алматының елу бірінші мектебін алтын медальмен бітірген, он жетіге кәміл тола қоймаған балдырған. Алтын медаль — Ғазизаның өмірден алған алғашқы жүлдесі. Қазіргі шаттық та осы жеңістің лебі. Бірақ әкеге қарап тәрбие алып келе жатқан бала әке ойын ұққысы келеді, үңіледі. Әкемен қатар, өмір тынысына құлақ тігеді.

Өмір. Өмірлер ішінде биылғы жаздың ерекше жадырауының да себебі бар. Бұл — төрт жылға созылған неміс фашистеріне қарсы кескілескен сұрапыл соғыстың аяқталған, соғыс ауыртпалығынан жұрттың бойын жаза, кеудесін кере дем ала бастаған 1945 жылдың жазы. Ғазизаның мектепті үздік бітіруі үлкен жеңіске үн қосқандай. Жас та болса әкемен қатар қадам басып келе жатқаны бәйтерек бұтағының қанатын жая, бой тарта түскені сияқты ойлы нұсқасы оның болашағын аңғартқандай.

Өмір. Бұл өмірдің жолы да, асуы ақырет құзды шыңы да, қиялы шыңырауы да, шалқары да мол. Шығатын шыңын, өтетін қиясын, еркін жүзетін шалқарын білетін өмірге талант келсе, табиғат тамыры толысып, өмір жүрегінің соғысы сарынын күшейте түспей ме. Ал талант ше? Талантқа аялайтын тәрбие, оны ербіте, өркендете білетін еңбек керек. Онсыз талант құрдымға шыққан гүл сияқты солып қалады, талант пен еңбек — егіз. Өмірге талант келгенін алғаш байқайтын да, оны баулып, бағыттайтын да аңғарымды ата-ана.  Қазақтың алғашқы маман музыкашысы Ахмет Жұбанов Ленинград консерваториясын, оның аспирантурасын бітіріп, Алматыға келгенде қазақ мәдениеті қаз тұрып келе жатқан кез еді. Қаз тұрған баланы құлатпай, тәй-тәйлап жетелеу, буынын бекітіп, нық басуға баулу, әлпештеу — қолынан келетін, балажан ананың ғана ісі. Қазақтың музыка мәдениетін Ақаң аялы анадай әлпештеді. Таланты мол, бірақ музыкалық сауаты жоқ қазақ жастарына білім беру, оларды тәрбиелеп жетілдіре түсу Ақаңның барлық жан жүйесін биледі! Келісімен музыка әліппесін жазды, музыка мұрасын жинайтын бөлме ашты, жаңа ғана ашылған музыка училищесіне сабақ берді. Байтақ елдің түкпір-түкпірінен майталман домбырашылар мен қобызшылар жинап, ұлт аспаптары оркестрін құрды. Ақаң сол бір шұғыл жұмыстарда жүрген кездерде Ғазиза әлі мектеп есігін ашпаған балдырған еді. Бірақ үйдегі әңгіменің бәрі қазақ мәдениеті, қазақ музыкасы жайлы. Тек әңгіме ғана емес, бүл үй музыка үніне де толы болатын.

Ол кездерде театр жоқтың қасы. Мәдениет ошағын орналастыратын үйлер де жоқ. Жаңа құрылған оркестр жаттығуларды Ақаңның шағын екі бөлмелі үйінде өткізетін-ді. Күйдің әрбір үнінің дұрыс шығуына, әрбір перне басылуы мен ішек қағылуына мұқият қарайтын Ақаң әрбір күйді оркестрге дұрыс орындату үшін қаншама еңбек сіңірді десеңізші. Ал кішкене қолы босай қалса, пианино жанына отыра қалып, музыкалық шығармалар жазатын.

Осы өнегенің бәрі Ғазизаның бойына жастай сіңді.

Ұяда алған тәрбие ұзаққа самғайтын сұңқардың қанатын қауырсындыра түсті.

1945 жылдың жазы. Бұл — жалпы жеңіс жазы. Майдандағы жеңіс пен ел бұғанасының қата түскен жеңісінің жазы. Ал қазақ мәдениетінің ерекше келелі жазы еді. Бұл Мұхтар Әуезовтің «Абай» эпопеясы жарыққа шыққан, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы жазылып, театр қабылдаған, қазақтың ұлы ойшыл, данышпан ақыны Абайдың туғанына 100 жыл толуына дайындық қыза түскен жалпы мерекелік жыл болатын. Болашақ композитор қыздың творчествосынан осы бір жалпы дүбір жарқ ете түсті.

… Қазақтың мемлекеттік опера және балет театры мерекелік концертке жиналғандарға лық толы. Тыңдаушылар құлақтарын түре, сахнаға көз тіге бастаған кезде, бұрын-соңды бейтаныс адамның аты аталды.

— «Қорқытпа мені дауылдан». Музыкасын жазған Ғазиза Жұбанова, симфониялық оркестрге қосылып орындайтын қазақтың халық артисі Ришат Абдуллин, — деп бастаушы жариялағанда, «әннің авторы осы залда бар ма екен, танисыңдар ма?» — деген күбір-сыбыр залды аралап кетті.

Ақаң — бүгінгі концерттің дирижері. Ол сахнада. Ғазиза шешесі Науаттың қасында, алдыңғы қатарда отыр. Жас та болса байсалды, әдептілікке үйренген бала жұрттың күбір-сыбырын естіген сайын ыңғайсызданып, қысыла түседі. Ал Нәукеңнің аналық мейірі толқып кетті. Көзіне келіп қалған қуаныш жасын айналасындағыларға сездірмей, бет орамалдың ұшымен сүртіп алды.

Ана толқуын, ана жүрегін өзгелер сезбесе де, Ғазиза сезеді. «Баланың жас кезіндегі әдеті де, тіпті ойыны да оның болашағын аңғартады. Осы Ғазиза бала болып, секіріп селтеңдемейді. Ертеден кешке дейін кітаптан бас көтермей оқиды, пианино ойнайды. Менің байқауымша, ізбасарың болады», — деп анасының Ақаңа айтқан сөзін бірде Ғазизаның құлағы шалып қалған-ды.

— Егер сен бала-шағамен деп үйде отырып қалмаған болсаң, педагогика ғалымы болар едің, — деді сонда Ақаң ойлана сөйлеп.

— Бала тәрбиесінің негізі үй берекесі ғой. Осы бір төрт-бес бала адам болса, өз басым өмірімді от басында өткіздім деп қапаланбас едім. Ал осылар өзің сияқты ел танитын адам болса, онан артықты тілемеймін, — деген сонда Ғазизаның анасы.

Нәукеңнің қазіргі толқуы өз мақсатының, өз арманының ұштығын көргеннен болар. Ал концертке жиналған жұрт ананың да, баланың да бойын билеген сезімді байқаған жоқ. Дәл мынадай жас бала аспан әлемін шарлайтын кең тынысты, жүрек шымырлататын зарлы, алып қайраттың қаһарын бейнелейтін ән шығарады деген ешкімнің ойына келген емес. Үзіліс кезінде әннің авторы қой көз, ақсары осынау талдырмаш бала екенін білген жұрт, «қазақтың музыка мәдениетіне тағы бір талант келеді екен» деп қуанысып жатты.  Біздің заманымызда білімсіз қабілет, білімсіз талант орта жолда қала беретіні белгілі. Оны Ғазиза да, оның ата-анасы да жақсы біледі. Болашақ композитор енді білім жорығына аттанды. Жалпыға бірдей білім беретін мектепте оқи жүріп, музыка мектебінен, әкесінің досы, талмас ұстаз Латиф Хамидидан алған алғашқы музыкалық сауат оның музыка ілімін игеруіне жол ашты.

Ғазиза Москваның Гнесиндер атындағы музыкалық училищесін, Москва консерваториясының композициялық факультетін, оның аспирантурасын үздік бітіріп шықты. Ғазизаның ұстазы Глазуновтың шәкірті болған, қарт композитор Юрий Александрович Шапорин сезімтал, талантқа қатаң талап қоятын, зердені еңбекпен ұштастыра баулитын, оқушыларының жылт етер сәулесі болса, самаладай жарқыратуға тырысатын адам еді. Ол Ғазизаның талантын бірден байқады. Ғазиза өмір тынысын жан-жүйесімен де, ақыл-ойымен де сезетінін, өмірден алған әсері музыка үніне айналып, құйылып жататынын ұқты. Ғазиза сияқты зерек шәкірттерге талай ұстаздық етсе де, мына сырт қарағанда ұяң сияқты, ұялшақ қыз баланың бойы толған талант екенін кәміл түсінді.

… Бірде Юрий Александрович ұзын коридордың бойымен келе жатыр еді, бір бөлмеден фортепианоның үні естілді. Сәл кідіріп құлағын тосты. Бұл оның бұрын-соңды естімеген дыбысы. Ақырын есікті ашып қарады да, рұқсат сұрап бөлмеге кірді. Ғазиза жаңа шығарма жазу үстінде еді.

— Ойнай беріңіз, мен тыңдайын, — деді ол шәкіртінің кідіріп қалғанына ыңғайсызданып. — Кешіріңіз, мен ойыңызды бөліп жібердім, білем. — Ғазиза үнсіз, ұстазына ибалықпен қарап отыр.

Юрий Александрович фортепианоның үстіндегі нота дәптерлерін алып, беттерін ашып оқи бастады. Оқып тұр, оқып тұр. Талай уақыт өтті.

— Мыналар қашан жазылған шығарма?

— Мектепте, училищеде оқып жүргенде жазып едім.

— Театрларға ұсынып көрдіңіз бе?

— Қазір осылардың ішінен республика театрларының концерт программаларына енгізілген «Жартас», «Ақша бұлт» романстары мен фортепианоға қосылып, скрипка орындайтын соната, квартет, фортепиано орындайтын кіріспелер.

— Қазір не жазып отырсың?

— Қазақтың аңызға айналған «Ақсақ құлан» деген күйі бар. Соны негізге алып, симфониялық поэма жазсам ба деп едім. Білмеймін қалай шығатынын.

— Бітірген соң маған көрсет, өзіміздің оркестрге орындатып тыңдайық. Сәтті шықса, Қазақстан Композиторлар одағы пленумының талқысына ұсынарсың, — деді де, Юрий Александрович кешірім сұрап шығып кетті.

Шәкіртінің оқу программасынан тысқары көп еңбектенетініне көзі жеткен ол Ғазиза туралы ойлап келеді. «Курстық жұмыс, программалық тапсырма ретінде жазылып жататын шығармалар қанша. Ал мыналар солардың бәрінен тысқары. Бұл балаға ерекше назар аудару керек, бұл — музыка бұлағы болатын адам» деп ойлады.

Ғазиза поэмасының өзегі — қазақ елінде аңызға айналған «Ақсақ құлан — Жошы хан» күйінің дүниеге келу уақиғасы. «Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы хан аң аулап жүріп, үйірін бастап келе жатқан құланды атыпты, аяғына оқ тисе де құлан үйірін бастап қаша беріпті, қасындағы нөкерлерінен озып кеткен Жошы ханды құландар таптап өлтіріпті, сол кездегі Шыңғыстың заңы бойынша оған жамандық хабарды естірткен адамның басы алынады екен, ханға баласының өлгенін естіртуге батылы барған Кет-Бұға жырау ғана болыпты. Ол әрі ханға баласының өлгенін естірту, әрі өзі аман қалу үшін «Жошы өлді, Жошы өлді» деген күйді қобызға зарлата бергенде ғана Шыңғыс баласының өлгенін түсініп, қобыздың алқымына қорғасын құйғызып, үнін өшіртіпті» деген аңызды негізге ала отырып, Ғазиза зар заманның музыкалық үлкен суретін жасаған.

«Ақсақ құлан» поэмасы қазақтың көсіліп жатқан кең даласындағы зарлы мұңнан басталып, сол бір жаугершілік замандағы үрейлі шабуыл, қылыш айқастыру, пәрменді соғыс суретімен үдей түсіп, ұрыс аяқталғандағы сәл көңіл көтеру, толастау, аңға шыққандардың ат дүбірімен шарықтап барып, аңшының оғы тиген құланның жортуы, мерт болған аңшының өліп бара жатқандағы жанұшырар зарымен өрбіп, оны іздегендердің үрейі, хан қаһарынан қорыққан халықтың тынысының тарылуы, жамандық хабарды естірту, төбе шашыңды тік тұрғызатын аяусыз ашу, дүрлігу музыкалық айқын суреттермен беріліп, поэма қобызға қорғасын құйылып, үннің тарс өшуімен аяқталады. Шығарманың әрбір музыкалық өрнегі, әрбір фразасы анық, музыкалық аспаптар адамша сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады.

«Ақсақ құлан» поэмасында қазақ мәдениетінің үнін өшірген қанқұйлы заман шеберлікпен бейнеленген. Ғазизаның осы алғашқы симфониялық поэмасынан оның барлық шығармасына тән ерекше жігер, күшті қарқын байқалады. Композитордың өзіндік үні, музыкалык шебер өрнегі бар екенін аңғарамыз. «Ақсақ құлан» поэмасын Ғазиза консерваторияның төртінші курсында оқып жүргенде жазып еді.

Консерваторияның үлкен залына өңкей музыканттар жиналған. Олар — студенттер мен окытушылар, композиторлар. Бұлардан өзге кейінгі қатарда Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов пен Зоя Сергеевна Кедрина отыр. Бәрі де симфония ырғағын зер сала тыңдауда.

Музыка шеберлері поэманы тыңдағаннан кейін өз пікірлерін ортаға салып, бәрі де мақұлдап құптап жатыр. Шәкіртінің табысына қуанған Юрий Александровичтің төбесі көкке жетіп қалған сияқты. Ол ерекше шат көңілді, көтеріңкі отыр.

— «Баланың сауаты молдаға қарай» деген қазақта мақал бар, сізге мың рақмет, — деп Ақаң Юрий Александровичтің қолын алғанда, ол:

— Осындай бала өсірген сізге рақмет, — деп Ақаңды бауырына қысты.

— Ғазиза, бақытты бол, творчествоның шыңына шығуыңа тілектеспін. Елді сағынып жүргенде, еркін тыныстап қалдық. Поэмаңнан қазақтың ұлт музыкасының сарыны сайрап тұр. Сендер совет өкіметі қазақтарының екінші буыны бізден өзгеше боласыңдар. Сендердің тұстастарыңның санасы да, сауаты да біздің тұстастарымыздан жоғары болмақ, қол ұстаса қатар шығып, ұлт мәдениетін барлық елге танытатын, совет мәдениетінің үйін ақтан жабатын сендер боласыңдар. Біздің тұстастарымыздың арасында «жалғыз», «дара», қазақтың шыққан «біреу-ақ» деген ұғымға құмарлар көп болды. Жалғыздың үні шықпайды. Қазақтың ұлдары мен қыздарының зерделілері көбейе беруіне тілектеспін. Қатарың өсе берсін, балақай, — дейді Ғазизаны құттықтап тұрып Мұхтар аға.

Елді сағынып жүрген сол бір кездер Мұхандар мен Ақаңдардың өміріндегі қиыншылық жылдар еді. Қатар өмір сүргендердің бәрі бірдей елді танытатын азаматтарды аға тұта біле ме? Таланттың тартыссыз жол алуы да қиын. Талант жолына дүмше кесе-көлденең тұрып, етектен де, жағадан да алып, іштен шалса, онан асқан қорлық бола ма? Тіпті күн жарқырап шығып тұрып-ақ қып-қызыл болып тұтылып қалатыны сияқты, ақылға сыймайтын істер біздің заманымызда да кездесіп қалып жүреді. Ақылы асқан ардагер болса, жаудың қатарына апарып жапсыра салатын әдет те орын алған бір кезде. Осындай бір қысылшаң кезде Ақандар мен Мұхандар қолдауды алқалы москвалықтардан тапты. Талантты танитын москвалықтар бұларды қанатының астына алды. Бірақ үш-төрт жыл бойы елге қайтуға мүмкіндік тумады. Бұлардың елді сағынуы да сондықтан еді. Елуінші жылдардың бас кезінде топастар торы аз ғана уақыт болса да бел алып кеткен-ді.

Бұл жылдар Ғазизаның Москва консерваториясында оқып жүрген жылдары болатын. Ғазиза шындықтың жеңетінін де, бұл жағдайдың уақытша екенін де біледі. Сондықтан да ол алаңсыз бар күшін оқу мен творчествоға жұмсайтын.

—  Менің жүрегімнің ең үлкен бөлігі үнемі Қазақстанда жатады. Ахмет Қуанович, Мұхтар Омархановичтармен біздің достық сонау қиын, Совет өкіметі енді ғана бел алып келе жатқан кезде басталды. Біз надандықтың ортасынан бой көтерген адамдармыз. Надандықпен, арамдықпен, мәдениет өркені үшін күрес біздердің достығымызды барған сайын нығайта түсті. Сол әке бастаған достықты жалғастыратын жастарды көріп, мен ерекше толқудамын, — деді Зоя Сергеевна Кедрина аналық мейірмен ақтарыла сөйлеп.  Өмір, талант, достық. Бұлардың бойы зәулім, тамыры терең, алқасы айдын, ары мөлдір, арыны алып. Ғазизаның қатар оқып жүрген достары Әзербайжан Мәмбетов, Тұрғыт Османов, Гүлжазира Ахметова да осы залда еді. Бұлар өзгелердің пікірін тыңдап, үлкендерге жол беріп, үнсіз отыр. Әрбір жылы сөз айтылған сайын көздері жайнай түседі. «Ақсақ құлан» поэмасын әрқайсысы өздері жазғандай сезінеді.

— Ғазизаның шығармаларына дирижерлік жасауға, нотадағы әрбір белгінің музыкалық үнін дұрыс шығаруға өмірде жалықпас едім, — дейді болашақ дирижер Тұрғыт Османов.  Өмір. Оның ішінде студенттік өмір — еңбек пен үмітке, жігер мен жалынға толы, уақыт баға жетпес қымбат, минуты мен сағаты қаптап жаңалық әкелетін, өмірдің өзі жалауын көтеріп, шарықтауға шақырып тұратын, қайрат тасып, талантқа қанат бітіретін өмір.  Ғазизаны студенттік өмір таланттың биігіне шарықтата шақырды. Оқу аяқталуға жақындап келе жатқан кезде ол өз жетекшісі Юрий Александровичке дипломдық жұмыс ретінде опера саласынан күшін байқап көргісі келетінін айтты.

— Оның либреттосын кім жазады? Операның либреттосы жақсы жазылуы шарт қой.

— Мұхтар Омарханович Әуезов «Түнгі сарын» драмасы бойынша бір актылы либретто жазып бермекші.

— Олай болса, мақұл. Қорықпа, қолыңнан келеді.

… Дипломдық жұмыстар ішінде «Түнгі сарын» операсы ерекше аталып, өте жақсы деген бағамен өтті…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button