Жанар НҰРҒАЛИ
Әркімге о баста маңдайына жазылған өлшеулі ғана өмір берілгенін мойындаса да, адамжақсыны жоқ деуге қимайды. 2019 жылдың қаңтарында қапияда көз жұмған Жанар ақын, Жанар Нұрғалидың көзі тірі болғанда биылғы 14 сәуірде 50 жасқа толар еді.
Белгілі ақын Байбота Серікбаевтың: «Мен Жанарды көрген жоқпын… Алайда баспасөз бетінде жарияланған өлеңдерінің бәрін де соншалықты ризашылықпен оқушы едім. Ол табиғи дарынды ақын болатын!» — деп жазғанындай, соңында мөлдір шықтай жырлары қалды. Туған күні қарсаңында оқырмандарымызға Жанардың жырлары мен оның өлеңіне жазылған әндердің авторы Талғат Тілеулестің естелігін ұсынып отырмыз.
Үрей
Айналама қарап ем,
ақ па екен деп бүгін бір,
Қара тірлік, қара әлем —
тартты үмітім бұлыңғыр.
Күйін кештім жындының,
пендені аяп жыладым —
Жығып жатты бір-бірін,
қақпасына күнәнің.
Біреуі жоқ түсінген,
пәктік деген киені.
Шыңғырдым мен ішімнен,
жұқтырып ап күйені.
«Жұқтырғаның — күйе емес»,
деп үмітім күбірлеп,
Бүкіл әлем күйелеш… —
жынды жел жүр күл үрлеп!..
Аққа сонда кім ие?!
(жоқ, қорғама, жанығып!)
Дөңгеленді дүние,
күнә-шекпен жамылып…
Кім, қайда өзі ұқпадым —
ақ әлемді қашты алып?!
Кір-күйенің жұққанын,
«Бақыт» деймін мастанып.
Кешеріне сенбедім,
Алла деген күштің де,
Ақ кеудеме жерледім,
қап-қара мұң іштім де…
Сағындым сізді…
Ақын Жұматай Жақыпбаевқа
Сағындым сізді…
Көрмегем, көкте көремін.
Ләйладай қызды
Жүрегің, өпкен өлеңің…
Қояр ем бір гүл,
Алыс қой сіздің белес тым.
Оқыр ем мың жыр,
Алматыда да емеспін.
Айналды-ау дертке,
Көрінбей көзге Ләйлаңыз,
Қараймын көкке,
Іздеп жүр ме деп айдан із.
Кеттіңіз ерте,
Өртеген сезім-мұңыңыз?!
Ләйләдай ерке,
Соғып тұр жүрек-жырыңыз…
Сағындым сізді…
Көрмегем, көкте көремін…
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен…
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Ай нұрына шыланған кірпігімнен,
Жүрегімнен арайлы жыр-Күн ілген.
Біле білсең, менімен сүрген бір күн —
Менсіз өткен қадірлі мың күніңнен.
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Балдай тәтті мұң тұнған жанарымнан,
Гүлге оранған ару жыр алабымнан.
Түсінсең ғой, айырып алар едің,
Менің ғана «Менімді» дара, мыңнан.
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Күн шуақты әйбат бар ғұмырымнан,
Назды үнімнен, не ерке қылығымнан.
Ал, қасымда қалмағын, күдігің боп,
Таба алмайды деп сенсең, ғұмырың мән…
Мені жұбата алмайды жылымық ән!
Жалғызбын…
Жоқты аңсап, барды сезінбей,
Арманның құрып ындыны.
Іздейді екем өзімдей,
Қиялы аппақ жындыны.
Мойнымда тынбай сыңғыры,
Жазмыштың темір шылбыры.
Дүние кезіп кетсем бе —
Ойдырып тасқа табанды?!
Ұға алмай өзің кеткенде —
Түнім де Айсыз, қараңғы.
Тірілте алам ба өлеңмен,
Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..
Сарғайып сіңіп сағымға,
Жалғандық әнін салғыздың.
Мен үшін меңіреу жаныңда,
Қалмаса мейір — қар, мұзбын.
Көйлегін киген сан күздің,
Көлеңкесі жоқ жалғызбын…
Қайда жүрсің?..
Қайда жүрсің, сағынып, аңсағаным?
Сені тосып, күтуден шаршамадым.
Өзің жоқта мазасыз жүрегімді
Ұзақ түндер қанша рет пәршаладым.
Қайда жүрсің, жанымды жарық қылмай?
Келмейсің бе, телміртіп зарықтырмай?
Сенсіз жүрек қан жылап тыншыр емес,
Құшағыңда алау боп, жанып тынбай.
Қайда жүрсің, осынша аласұртып?
Таппай жүрмін ұғатын жанашыр түк.
Алдарқатып сен жоқта жұбатады,
Желіменен жасымды дала сүртіп.
Қайда жүрсің, ұшып-ақ келмейсің бе?
Мені өзіңсіз өзгемен тең дейсің бе?
Білмейсің-ау, жанымда сен болмасаң,
Маған әлем тар болмай, кең дейсің бе?
Сағындым ғой, қайдасың, келмейсің бе?!
Жанымда жоқсың, әже…
Жанымда жоқсың, әже,
шаршап жүрмін, қаладан кетсем бе екен?
Қанат байлап, өзіңе жетсем бе екен?
«Жалғыз өзім бір үйде қайтіп жүрем, —
деуші ең, — ертең жыраққа кетсең, көкем?»
Өзіңді ойлап, жүрегім езіледі,
қайғы-мұңым өзіңе сезіледі.
«Қызым менің, қызығым, — деп жүрсің-ау,
Қандай сорға, бақытқа кезігеді?»
Дала көңілің жай таппай жылаудан да,
мезі болып, жылауық-тұмаудан да.
Ел ұйқыда жатқанда «құлыным» деп,
ұйықтай алмай жүрсің бе түн ауғанда?..
Іште түрлі ой толқып, бүлік шығып,
сенделумен үйге көп, кіріп шығып…
Жүрсің бе, әже, қайтейін, тағдыр сірә,
жалғыздықты жіберген құрықшы ғып.
Көктем, желге бар мұңың жалға кетіп,
қуаныштар толар ма жанға кетік?!
Деймін, қайдам, уақыт өтер сынды
өмір бойы бір жоқты арман етіп…
***
Жазылмаған жыр — кептер мұң,
көк бел — түндерім…
Жыртылған беті дәптердің —
өткен күндерім.
Естелік тәтті — кешегім,
есімді алатын,
Қашқам қарадан неше мың,
кешір, қара түн!
Қара бояудан тоңатын —
жанға қарағын…
Қап-қара бала болатын —
сүйген, қарағым.
Іздемен ақты, шаршадым,
жалған тойлап тұр.
Аппақ әлем боп бар сағым
алдар ойнап құр…
ӘЖЕСІНІҢ ҚЫЗЫ ЕДІ…
Ақын Жанар Нұрғалимен оның облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде таныстым. Жанар ешкімді алаламайтын ақкөңіл, өнер, шығармашылық адамдарына жақын жан еді. Менің де өлеңдерімді сұрап алып, газет бетіне шығарған-ды. Осындай тілекші адамға іштей риза болып, көрген жерде амандық-саулық сұрасып тұрдық.
«Аппақ әлем» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көргенде, бір деммен оқып шықтым. Өлеңдері жүрегіңді қозғайтындай мұңлы екен. Ауыр күрсініспен оқып шыққаным есімде.
Оны кішкентайында нағашы әжесі бауырына басып, алақанына салып, аялап өсіріпті. Әжесі: «Қызымөскенде сөзге шешен болады», — дейді екен. Көреген қария қателеспепті, Жанар елге танымал ақын болды.
Әжесінің шексіз мейірімін көріп өскен ақын қыз Алматыда оқып жүрген кезіндегі сағынышын:
«Пейілің, әже, аппақ қой маған мына ақ қардан да,
Жаным езілген, кетерде өзің жылап қалғанда.
«Ботам-ау, сенсіз ұйықтай алмай, тынышым кетіп,
Күрсініп шығам, — дедің-ау, — сонда ұзақ таңдарға».
Егілдің үнсіз, иығыма менің асылып тұрып,
Іштегі күйдің тұрды ғой бәрін жасың ұқтырып.
«Жазда келем» деп, бетіңнен сүйіп, жұбатқан болдым,
Көзімнен аққан жұлдыздарымды жасырып, күліп», — деп жеткізеді.
Өлеңінің соңынәдемі леппен аяқтапты:
«… Қабырғаң сынып, қайғырмашы көп, өтінем, әже,
Мәпелеп өзім салып өтемін алақаныма».
Бұл өлең «әжесінің сары баласы» атанған маған да қатты әсер етті. Қалаға кетерімде әжемнің қимастықпен шығарып салғаны есіме түсті.
Жанар арман қуып Алматыға аттанып, студент атанған соң қарт ана ауылда жалғыз қалады. Ауылда оған қарасатын адам болмаған соң күйеубаласы Сәндібек қасына көшіріп алыпты. Ана байғұс өмірден өтер шағында күйеубаласын шақырып алып, құлағына сыбырлап: «Қызыңа ие бол, мен кетіп барамын»,— деп тапсырып кеткен екен.
Өмірде қуаныш та, қайғы да айтып келмейді. Қапыда әкесінің қазасын естіген Жанарға бұл хабар ауыр тиіп;
«Асқар тауым құлады,
Жерге түсті Аспаным.
Бір дүйім ел жылады,
Жоқтау айтып, жас жаным», — деп жылады.«Уақыт — емші» деген ғой халқымыз. Бүк түсіп жатып алмай, әкесінің көзі тірісінде жазған еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығарды. Үйінің үлкені болып бауырларына қарасты. Абыройлы еңбек етті.
Бір күні Жанар хабарласып: «Қайда жүрсің?» деген өлең жаздым, әнге келетін сияқты?»— деді. Өлеңін оқып отырғанда құлағыма ерекше бір әуен келгендей болды. Үйге асыға жетіп, домбырамен айтып көрдім. Жаман емес сияқты. Бұл ән алғаш өзімнің шығармашылық кешімде орындалды. Өнерде бірге жүрген достарымнан жақсы баға алды.
Белгілі өнертанушы, ғалым Берік Жүсіпов: «Асыл төсегі қазақша түскен жаймашуақ ән екен. Олай болуының себебі де негізді ғой. Сазгерлерге ғана емес, Адам Ата мен Хауа Ананың «тілінде» сөйлей алатын санаулы сөз иелеріне — ақынға да тән қасиет бұл. Ескеретін бір нәрсе бар. Біз ән деп айдарлап жүргеннен асыл шықпайды һәм жазылмайды. Оның дүниеге келуі жаратылыстағы бір жаратындының пайда болуымен бірдей. Иә, егер мен бірдеңе сезетін болсам, тап солай. Талғат құрдасымның мына туындысы сол қатардағы дүние екен.
Осы жұрт тәуір ән ести қалса болды, есінен тандырып мақтай ала жөнеледі, неге екенін білмедім, мен өйте алмаймын. Жалпы, жақсы әнді мақтау обал ғой. Оны тек бұйығы күйде отырып тыңдау керек. Сәні кірсе, сонда кіреді ол жайсаңның. «Қайда жүрсің?» оңаша отырып тыңдайтын ән екен. Әсіресе «Алдарқатып, сен жоқта жұбатады, Желіменен жасымды дала сүртіп» дейтін сөз иесі, Жанар Нұрғали қарындастың жүрегіндегі сырдың әуенмен қоса өріліп кеткені қандай ғажап!» — деп пікірін жеткізді.Бұл ән әсіресе Жанардың өзіне қатты ұнаған еді. Қазір әнші Жадыра Арыстанованың орындауында Қазақ радиосының алтын қорына жазылған. Жанардың «Сені іздеймін» деген өлеңіне де ән жаздым. Бұл әнді Астана қаласында ақындар мен сазгерлердің қатысуымен өткен «Бір өлең, бір әуен» ән-жыр кешінде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Нұржан Қаражанов орындап, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Жанардың өлеңдеріне ақтөбелік композиторлар Нұрталап Жүсіпов, Дулат Айтжановтар да ән жазды.
Жанар бір күні хабарласып,балаларының болашағы үшін Астанаға көшетінін айтты. Көшті. Ал Астанада тұрған кезінде бір хабарласқанымызда, өзінің кітабын шығарғысы келетінін, оған демеуші іздеп жүргенін айтқан еді. Алдын ала құтты болсынымды айтып, тілеулес екенімді білдірдім.
2019 жылдың қаңтар айының алғашқы күнінде Астанадан суық хабар жетті. Жанар жол апатына түсіпті… Бұл хабарға сенгіміз келмеді. Бірақ өлім хабары өтірік болмайды екен. Жылаған жұрт оныөзі өскен Нұра ауылына апарып, арулап жер қойнына берді. Көзі тірісінде жарыққа шығаруға үлгермей кеткен өлеңдері «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан көп томдықтың 48-томына енді.
Жанардың арамыздан кеткеніне де бес жылдан асты. Көзі тірі болса, биыл Жанар ақын елу жасқа толар еді. Оның сөзіне жазылған «Қайда жүрсің?» әнім орындалған сайын досым есіме түседі.
…Кейде Жанардың жымия қараған жайдары жүзі біржола жоғалып кетпей, бізге беймәлім әдемі бір әлемнің ішінде жүргендей елестейді маған.
Әжесінің қызы боп өсіп, көгілдір көктемде жылы жақтан асыға жететін жыл құстарындай сағыныш сазымен тербетіліп жүретін аяулы достың жадымызда жатталып қалған жырлары ғана жұбатады бізді…
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.