Пікір

Биыл «Бақытты отбасы» бойынша 6 мың пәтер беріледі

Эльмира ЕСКЕНДІРОВА,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары

Президенттің биылғы Жолдауында елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігі айтылды. Оның негізгі қағидаты — тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. «Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік», — деді президент. Қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес кәсіпорны) «Бақытты отбасы» бағдарламасын қарқынды жүзеге асырып отыр. Бүгінге дейін республика бойынша жалпы сомасы 50 миллиард теңге болатын 4700 өтініш  қабылданды. Жолдауда айтылғандай, жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар баспаналы болады. Ал 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы қоныстойын тойлайды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары (791 өтініш), Алматы (615) және Ақтөбе (529) қаласының тұрғындары белсене қатысып отыр. Бағдарлама талаптары бойынша «Бақытты отбасына» көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасылар қатыса алады. Олардың бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлерді алуға мүмкіндігі бар. Олар әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж азаматтар қатарында тіркеуде болуы керек, бағдарлама бойынша осы тіркеуде тұрған аймақтан ғана ала алады.

Бағдарлама табысы төмен отбасыларға арналған, яғни, оған қатысушыларға несие 2 пайызбен жиырма жылға беріледі. Бастапқы сома — үй құнының 10 пайызына тең.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 50 млрд теңге қаражат бөлінді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» осы бөлінген қаражат аясында 29 тамызға дейін тұрғындардан несиелік өтініш қабылдады. Аталған бағдарламаның биылғы қатысушылары қандай да бір себептерге байланысты несие алудан бас тартса немесе мерзімінде баспана ала алмаса, онда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бөлінген қаражат аясында қосымша өтініштер қабылдайтын болады. Ол туралы нақтырақ бағдарламаны жүзеге асыру қорытындысы жария болғаннан кейін, яғни, 20 қазаннан кейін белгілі болады.

Биыл өтініш беруге үлгермеген азаматтар «Бақытты отбасына» келесі жылы қатыса алады. Бұл бағдарлама кемінде 2021 жылға дейін жүзеге асырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button