Тарих

Аңыз адам

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт тарауының екінші бөлімінде ұлы даланың ежелгі металлургия: «металл өңдірудің амал-тәсілдерін табу, тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті… Ата-бабаларымыз жаңа неғұрлым берік металлдар өңдіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты» дейді.

Сонау бабаларымыздан келе жатқан атакәсібімізді Кеңес үкіметі кезінде қолына алып, еліміздің металлургия саласында қажырлы қызмет істеп, осы саланың Қазақстан жерінде өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз Нәби Құлшаманұлы Жақсыбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ елінің бүгінгі металлургиясының жетістіктеріне қосқан үлесі зор, қомақты.

Социалистік Еңбек Ері, Зырян қаласының құрметті азаматы  Нәби Жақсыбаев есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында сол шаһардағы өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Сол көше де бүгінде даңқты жерлесіміздің атында.

Нәби Құлшаманұлы Жақсыбаевтың 100 жылдығына орай Зырян қаласындағы ұйымдастырылған еске алу, ұлықтау, қастерлеу іс-шаралары бізді қатты толғандырды.

Осы ретте біздің үнсіз қалғанымыз жараспас деген ойға келеміз. Қазаққа осындай аңыз адам берген Ақтөбе топырағы өз перзентін неге ұмытады?

Нәби Жақсыбаевтың кезінде, яғни 1945-1953 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып, өңірдің дамуына қыруар еңбек сіңіргені бізге мақтаныш емес пе?!

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының бір көшесіне оның есімі беріліп, мәңгі есте қалдырып, лайықты құрмет көрсетілсе, өзінің еңбегімен Аңыз адам деңгейіне көтерілген осы тарихи тұлғаны ұлықтаудың бір парасы болар еді.

2012 жылы Социалистік Еңбек Ері, Зырян қорғасын комбинатының бұрынғы директоры, білікті ғалым, осы қаланың Құрметті азаматы атанған Нәби Құлшаманұлы Жақсыбаевтың туғанына  жүз жыл толды.

Ол Қазақстанның шығыс өңірінде орналасқан Зырян қаласындағы маңызды өндіріс орнына өткен ғасырдың 60-1970 жылдары басшылық жасады және сол шаһар тұрғындарына аңыз адам  болды және де солай қала бермек.

Нәби Құлшаманұлының  бұл өмірден өткеніне қырық бес жылдай уақыт болды. Оның елге сіңірген еңбегін бағалау өте қиын, ол 1959 жылы қызметіне кіріскен бойдан бастап қаланың дамуы мен құрылысына, инфрақұрылымының дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене араласып, проблемалардың түйінін табу жолында қызу еңбек етті.

Аңыз адамның өмір жолы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы кішкене ауылда басталды. 1912 жылы 29 ақпанда шаруа отбасында дүниеге келген балалық уақыты отбасының тұрмыс-тіршілігі ауыр, өтпелі кезең тұсы еді. Сол жылдары әкесі шешек ауруынан қайтыс болады да, анасы үш баланы жетектеп Темір ауданында малшы болып жүрген әкесінің ағасы  Жақсыбайдың қасына  қоныс аударады. Жақсыбай кішкентай Нәбиді бауырына басып, бала қылып алады, содан бастап оның тегі Жақсыбаев болып жазылады. Бала Нәби жеті жасқа толғанда оны байдың малын бағуға береді, алайда оқуға құштар, жастайынан зерек, алғыр болған Нәби он төрт жасында балалар коммунасы жанындағы мектепке оқуға келеді. Осы уақыттан бастап оның оқуға деген құштарлығы ұлы істердің бастауына жетелеп,  бір сәтке болса да толастаған емес.

Мәскеудің түрлі түсті металдар институтын бітірген Нәби тау-кен инженері болып ғылымдағы жолын бастайды. Қазақтың тау-кен металлургия институтында оқытушы, Ташкент облысының кен орнында цех бастығы болып жұмыс жасайды, қиын-қыстау соғыс жылдары Нәби Құлшаманұлына ауыр кезеңдегі тылдағы шаруашылықты басқару тапсырылады. 1941-1942 жылдары ол майданға қажетті металл шығаратын өндірісті басқарады. Аз уақыт өткесін Нәби Құлшаманұлы Қазақ ССР-нің түсті металлургия министрінің орынбасары, мемлекеттік техникалық бақылау төрағасы, Оңтүстік Қазақстан, кейін Ақтөбе облысының облыстық атқару комитетінің төрағасы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады.

Қазақстанның әділет қызметінің ардагері Ізгілік Дабаев өзінің естелігінде мемлекеттің саяси өмірінде маңызды роль атқарған бұл азамат туралы былай деп жазады: «1952 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне өзінің Мәскеу түсті металл және алтын институтынан бергі ең жақсы досы, сол кездегі Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы Нәби Жақсыбаев ұсынады, бұл ұсынысты сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, 1930 жылдары Ауғанстандағы Кенес барлау қызметін басқарған А.Қойшығұлов қолдайды. Кейін 1955 жылы Д.А.Қонаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады, ол кісінің 1960-1962 және 1964-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының Орталық комитетін басқарғаны көпшілікке белгілі».

Тағы да бір қызғылықты жайт, Дінмұхамед пен Зухраның Риддер қаласына жұмысқа кетер алдында, 1939 жылы 18 қазанда Алматы қаласында үйлену  тойы болады, шақырылған қонақтардың ішінде сол кезде оқытушы болып жұмыс істеп жүрген Нәби Жақсыбаев та бар еді.

1959 жылы Нәби Жақсыбаев Зырян қорғасын зауытына басшы болып тағайындалады. Сол кездегі ұжымның қолдауына ие болып, тау-кен байыту комбинатының өндірісін дамытумен қатар, қаланың да өсіп-өркендеуі бағытындағы үлкен жұмыстарды бастап кетеді. Ол ең алдымен өндірістің жұмысын жақсартып, техникалық және құрал-жабдықтармен жабдықтауда түбегейлі өзгерістер жасап, еңбек өнімділігіне қажетті кешенді жаңашылдықты өндіріске енгізіп, ғылым мен техниканың қол жеткізген сол кездегі жаңалықтары мен өнертапқыштардың жетістіктерін, алдыңғы қатарлы тәжірибелерді кеңінен пайдалануға ұйытқы болды.

Кеңес Одағы кезінде Нәби Құлшаманұлы басқаратын Зырян қорғасын комбинаты түсті металлургия өндіріс орындарының ішінде бірінші орында тұрды. Оның бастамасымен зауыттың жобалау-конструкторлық және зерттеу бөлімдері құрылып, олардың жұмысына барлық жағдайлар жасалып, өндіріс үдерісін автоматтандыру мен механикаландырудың жаңа жетістіктері молынан енгізілді. Кеңес Одағы кезіндегі барлық ғылыми-зерттеу институттарымен, осы саладағы ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, тау-кен өндірісінде алғашқы болып кенді тікелей қазып алатын құрылымдық жүйе енгізілді.

Нәби Құлшаманұлы комбинаттың бір топ мамандарын ұйымдастырып, соларға өзі тікелей басшылық жасап, Бүкілодақтық түрлі түсті металл ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, қазылған кенді виброконвейерді қолдана отырып, лектік кен өндіру әдісін өндіріске енгізеді. Бұл тау-кен өндірісіндегі «алғашқы пионер» болды. Өндірілген кеннің өзіндік құнын 30 пайызға азайтып, ал өндірістің өзіндік қуатын екі есе арттыруға жол ашты. Ал өндіріске енгізген жаңалықтары мен өнертапқыштық еңбектеріне авторлық патент беріледі. Зырян қорғасын зауытының қол жеткізген табыстары мен еңбек өнімділігін арттырудағы жетістіктері, экономикалық тиімділік, зауыттың өндірістік қуатының артуы және т.б. мәселелер елде ғана емес, шетелдерде де танымал болды.

Зырян мыс қорыту комбинатында алғашқы болып автоматтандырылған басқару жүйесі технологиялық процесті басқарудағы бастапқы қадам болды және тәжірибелік-өндіріс бөлімі құрылып, КСРО-дағы алғашқы түсті металлургия ретінде танылды. Өндіріске жаңадан енгізіліп жатқан су тазартудың өзіндік технологиясының өміршең болып кетуі үшін комбинат директорына сол уақыттағы «Водгео», «Механобор», «Казмеханобор» сияқты институттармен тығыз қарым-қатынаста осы жаңа әдістің дұрыстығын дәлелдеуге тура келді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Зырян қорғасын комбинатын түсті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі өте күрделі болды. Күрмеуі қиын осы күрделі мәселені шешу мақсатында зауыт басшылығының көптеген ұсыныстарынан соң және тұрақты түрде өз көзқарастарын қорғай білуі нәтижесінде 1973-1974 жылдары КСРО мен Қазақ КСР Геология министрлігінің, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің, басқа да ұйымдардың бір топ эксперттік комиссиясы жұмыс жасап, Зырян және Грехов кен орындарының кен өндіріу жұмысын, геологиялық-барлау қызметінің жұмысын екі есеге арттырды. Сонымен бірге Путинцев және Малеев қазба орындарын іздеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды. Осындай табандылықтың арқасында Зырян кен орнының қорындағы кен екі есеге артып, ал Грехов кен орны кен қорымен толық қамтамасыз етілді.

Зырян комбинатының жұмысын жоғары дәрежеге көтерген Нәби Құлшаманұлының еңбегі зая кеткен жоқ. Малеев кен орнынан үлкен қазба байлықтың орны табылды, осы қазба байлықтың негізінде 1984 жылы Малеев руднигінің құрылысы басталды, осы кен орны әлі күнге дейін жартылай металл мен мыстың миллиондаған тоннасын беріп келеді.

Нәби Құлшаманұлы зауытты механикаландыру және автоматтандыру, кенді өндіру мен байыту, тау-кен жұмыстарын жетілдіру бағытында ғалымдардың және ғылыми-зерттеу орталығының жұмыстарын ұйымдастырып, оған өзі басшылық жасап, комбинаттың көптеген проблемалық мәселелерін оңтайлы шешті.

Оның жетекшілігімен Зырян зауытының кеншілері жылдан-жылға кен өндіру мен оның концентраттарын шығаруда алдыңғы қатардан көріне білді, осы саладағы көптеген өндіріс орындарымен болған еңбек жарыстарында бірінші орында болып, жеңімпаз деп танылды. 1966 жылы  түсті металлургияны дамытудағы үлкен жетістіктері мен еңбек өнімділігін арттырудағы жетістіктері үшін комбинат Еңбек Қызыл Ту орденімен мараптталды, ал көптеген кеншілер орден мен медальдарға ие болды. Нәби Құлшаманұлына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Нәби Жақсыбаев өте үлкен ғылыми эрудицияның иесі болды, әрқашан жаңа бастамалардың басында көрінді, оған шығармашылық, батылдық пен табандылық, жарқын ұйымдастырушылық қабілеті тән еді, көптеген өткір проблемалар мен мәселелерді шешуде басқаларға үлгі бола білді.

Оның техника ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы болды, ең басты ерекшелігі — өте қарапайым және адамгершілігі мол, жаны жайдары  адам еді.

Нәби Құлшаманұлының зауыт ұжымының алдындағы және қала тұрғындары арасындағы мәртебесі өте жоғары болды, оны бәрі сыйлайтын. Ол түсті металлургия саласында көптеген ғалымдарды, инженерлер мен мамандарды тәрбиелеп шығарды, еңбек жолдарына  басшы болды.  Комбинат директоры бола жүріп, өзінің жұмысының басты бағыты ретінде тек қана зауыттың жұмысын ойлап қоймай, сонымен бірге алдыңғы қатарға еңбек адамының жағдайын жақсартуды шығаруды әрқашанда назарда ұстап отырды. Кеншілердің тұрмыстық жағдайын жақсарту комбинаттың жұмысын үш есеге арттыруға мүмкіндік беретінін, еңбек тиімділігін арттырудың негізгі уәждемесі болатынын жақсы түсіне білді. Комбинат директоры өзінің сол кездегі билік алдындағы орны мен билігін пайдалана отырып, қалада қосымша тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық, сауықтыру орындарын салуға қажетті қосымша қаржыны бөлдіруге ықпал жасады.

Нәби Құлшаманұлының ұсынысымен комбинаттың медициналық-санитарлық бөлігі, «Рахманов бұлағы» сауықтыру шипажайы, Бұқтырма су қоймасының жағасындағы көрікті жерлерге туристік базалар пайдалануға берілді, қалаға жылыту қазандығын салғызды. Оның қыруар еңбектерінің және жарқын өмірінің бір бөлшегі — қаладағы мәдениет және спорт сарайы еді.

1972 жылы қала өміріне, әлеуметтік жағынан дамуына белсене атсалысқаны үшін  Нәби Құлшаманұлына «Зырян қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Ол өз өмірінің он алты жылын Зырян қорғасын комбинатына арнады. Бұл жылдар Шығыс Қазақстан үшін де, Зырян қорғасын комбинаты үшін де Нәби Құлшаманұлының ерен еңбегінің көрінісі, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін зауытта қолдану арқылы елдің алдыңғы қатарлы өндірісіне көтерілген жылдар деп есептейміз.

Нәби Жақсыбаевтың өмірі мен еңбек жолы кенеттен, 1975 жылы 20 қыркүйекте үзілді.

Бүгінде қаланың орталық көшелерінің бірі Жақсыбаев атымен аталады, қала тұрғындары Нәби Құлшаманұлын еске алып, ол туралы жылы лебіздерін білдіріп отырады.

Қ.Нұрғалиев атындағы гуманитарлық колледж студенттері «Қазцинк» ЖШС-ның Зырян филиалының мұражайында болып, Нәби Құлшаманұлы туралы мәліметтер жинап, ол туралы қыруар материалдарды жұртшылық назарына ұсынды. Өз баяндамаларында жастар өз қаласының тарихы, өндірістің ғылыми-техникалық прогреспен дамытудағы Нәби Құлшаманұлының рөлі туралы жан жақты насихаттап отырады.

Нәби Жақсыбаевтың 100 жылдығын атап өту барысында «Қазцинк» ЖШС Зырян қаласының тұрғындарын Мәдениет және спорт сарайына Нәби Құлшаманұлын еске алуға арналған кешке шақырды. Осында сурет көрмесі ұйымдастырылды. Зырян қаласының тұрғындары Нәби Құлшаманұлының отбасы мен туған-туысқандарын құрметпен қарсы алады, бірге қызметтес болған достары мен жолдастары өз естеліктерін айтты. Көрермендер үлкен экран арқылы Нәби Құлшаманұлының өмір жолы, Зырян қорғасын комбинатының  және қала тарихы туралы баласы Әли Нәбиұлы Жақсыбаевтың түсірген фильмін көрді.

Сөйтіп, зыряндықтар өздері үшін қымбат қаланың көркеюіне елеулі еңбек сіңірген аңыз адаммен қайта қауышты.

            Евгения АБРАМОВА.

Зырян қаласы.

(Мақала орысшадан аударылды, 2012 жылы жазылған).

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Газет бетінде Қазақ жерінің батысы мен шығысына табаны тиіп, ізі қалған, батыр елдің ұрпағы, өз заманының батыры, еңселі ер, біртуар азамат Нəби ағаның суреттегі жайдары жүзі жарық ете қалғанда көкіректе тұншығып жатқан сағынышым бұрық ете қалды. Зыряндағы мақала авторына, мұражай қызметкерлеріне, колледж студенттеріне, ретін тауып, мақаланы қазақшалап газетке жариялаған»Ақтөбе газеті» ұжымына ризашылығымды білдіремін. Төлеу, Нəби ағалардың Ақтөбе, Шалқар жеріне, ел-жұртына деген ықылас-пейілдері ерекше болатын. Нəби аға Зырянда қайтыс болды. Төлеу аға оны жерлеуге Алматыға алдырды. Жер алуда кедергі кездесті. Сонда Төлеу ағаның «Нəбиді жерлеуге Алматыдан жер бермесе Шалқарға əкетемін» дегенін естідім. Араға жыл толмай қорғанатын, жасқанатын, үлгі-өнеге тұтатын асыл АҒАЛАРДАН айырылып бүкіл ағайын-тума аңырап, қаңырап, жетімсіреп қалдық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button