Тарих

Сәтбаев — тарих зерттеушісі

Қаныш Сәтбаев — 125

Қазақстан Ғылым Академиясының алғашқы президенті, белгілі қазақ геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаев дүниеге келген күн, яғни 12 сәуір елімізде Ғылым қызметкерлері күні болып белгіленген.

Кеше ғана өткен пандемия мен оған қарсы тұру, дамыған елдердің ғылыми-техникалық прогресс негізінде жеткен жетістіктері көрсеткендей,ғылымсыз кезкелген елдің дамуы мүмкін емес екен.

ҚанышСәтбаев геология саласынан бөлек, тарих ғылымына үлкен үлес қосқан. Тарихшы ретіндеосыны оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Қаныштың әкесі Имантайды тұрғыластарықазақ қана емес, басқа да халықтардың тарихы туралы білетін, өз заманының көзі ашық азаматы ретінде сипаттаған. Имантай орыс тілін, басқа да бірнеше шет тілін меңгерген және Омбы медресесінде білім алып, шығыс және Ресей халықтарының мәдениеті мен тарихымен таныс болған.

Қаныш та бала күнінен әкесі секілді шығыс әдебиетімен айналысып, Шығыс халықтарының тарихы бойынша білімін толықтыруға ұмтылған. Осы жерде оған өзі білім алған Ақкелін болыстық мектебінде шағатай, парсы, араб тілдерін оқуы үлкен көмегін тигізген. Академик Ә.Марғұлан бұл туралы: «Қаныш шығыс тілдерінде бұдан кейін еш жерде білім алмады. Оның араб, шағатай, парсы әдебиеттерін толықтай игеруіне осы мектептегі білімі жеткілікті болды», — деп жазады. Болашақ ғалым одан әрі білімін Павлодар орыс-қазақ училищесі мен Семейдегі мұғалімдер семинариясында жалғастырған.Кейіннен Сәтбаевтыңөзі «Алған білімім үшін немере ағам, зиялы Әбікей ЗейінұлыСәтбаевқаборыштармын» деп жазады. Көріп отырғаныңыздай, Қаныш білімділер әулетінен шыққан.

Ол қазақ батырлары туралы көп мәлімет жинақтаған. Бұл орайда Қаныштың 1925 жылдың 5 наурызында М.Әуезовке «Хан Кене» драмасын даярлауға көмек ретінде арнайы ғылыми хат жазғанын айту қажет. Аталған хатта халық батырлары туралы аңыздар ғана емес, Кенесары қозғалысының бұрын белгісіз болып келген тұстары туралы дақұнды мәліметтер айтылған.

Ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын Қаныш Имантайұлы геологиялық қызметінің бастапқы кезеңінде де байқатты. Ол 1925-1926 жылдары сазгер А.Затаевичтің көне қазақ әуендерін жазуға көмек көрсету туралы өтінішіне орай домбырамен 25 қазақ әнін орындап, аталған әндердің ғылыми айналымға енуіне көмегін тигізеді. Белгілі этнограф және музыкатанушы А.Затаевич жас геологтің бұл қызметін жоғары бағалап, аталған әндерді «Қазақтың 500 ән мен күйі» басылымына енгізеді.

1930 жылдары ҚанышСәтбаев өзінің негізгі геологиялық барлау жұмыстарымен қатар,өлке тарихы, оның ішінде көне заманғы металлургияны өңдеу тәсілдері,тасқа жазылған суреттер, ежелгі және ортағасырлық жерлеу әдістері мәселелеріне қызығушылық танытқан. Кейіннен археологтер Ә.Марғұлан, К.Ақышев және т.б. бірлесе шығарған еңбектеСәтбаевтыңосы қызметі туралы: «Орталық Қазақстан археологиясын зерттеуге «Атбасар түсті металл» тресінің бас геологі Қ.Сәтбаев белсене араласты. Қ.Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарымен айналыса жүріп, Ұлытау, Жезқазған, Амангелді аудандарындағы ежелгі металлургия және археология мәселелеріне қызығушылық танытып, Арғынаты, Ұлытау тауларындағы көптеген археологиялық ескерткіштерді ашты және Жыланшық, Бұланты маңдарындағы тасқа басылған суреттерді зерттеді», — деп атап көрсетілген.

Өткен кезең туралы геологтің қызығушылығы тарих ғылымына өз пайдасын тигізді. Мәселен, ғалым1936 жылы Алтыншоқы жотасынан тапқан тақтатасқа басылған жазбалар шығыстану ғылымында үлкен жаңалық болды. Аталған тақтатасты сол кездегі Эрмитаж директоры И.Орбели сұратып алып, мұражайға қойдырады. Мамандар аталған тастағы жазулар құпиясын іздей келе одан: «793 қой жылы (қазіргіше 1391ж.) Тимур Тоқмақ еліне Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа шықты. Осы жерде оба тұрғызылды. Барлық адам осы жерден өткенде мені есіне алып дұға жасасын» деген жазуды оқи алды.

Сонымен қатар Қ.Сәтбаев ғылым, әдебиет пен өнер саласындағы белгілі тұлғалар туралы жазып, тарихшы-биограф ретінде де танылды.  Ол 1957-1959 жылдары жарық көрген екі томдық «Қазақ КСР тарихын» дайындау туралы комиссияға басшылық жасады және бұл өз уақыты үшін аса құнды еңбек саналды.

Қаныш Сәтбаевтың тарих ғылымына қосқан үлесі, оның еңбектеріәлі күнге дейін өзмаңызын жойған жоқ.

Бақыт БАЙШОВ,

философия докторы (PhD),

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button