Тарих

Дін шырағын жаққандар

Иман

Біз бүгінгі әңгімемізде Қобда өңірінен шыққан дін өкілдері Айтмұхамбет хазірет Әліпұлы, Абдолла ишан Қарашаұлы туралы баяндамақпыз.

Олар — сталиндік қуғын-сүргін нәубетін бастан кешкен, Қобда ауданы Бегалы маңында ел тірлігімен Ақмешіт, Көкмешіт салғызып,  шәкірт тәрбиелеп, елді имандылыққа ұйытып, сол үшін жалалы болған ғұламалар.

Айтмұхамбет қажы Әліпұлы 1870-1937 жылдар аралығында ғұмыр кешкен.

Айтмұхамбет қажы — өз заманында халқына танымал болған тұлға, діни қайраткер. Қобда ауданы Бегалы жерінде 1870 жылы дүниеге келген. Атадан үш ағайынды. Інілері — Алмағамбет, Аймағамбет.

Айтмұхамбет қажы сауатты, оқымысты адам болған. Орта Азияның діни медреселерінен білім алып, жігіттік кемел шағында елге келіп, Қобда ауданы Бегалы жерінен мешіт ашады. Ата-бабасынан мұра болып келе жатқан мұсылман дінінің қадір-қасиетін туған жеріне тарату мақсатында ересектер мен жас балалардың тілін сындырып, ұрпақтарын дін жолында ұстаған.

Айтмұхамбет Меккеге сапарлап, қажылық парызын өтеген. Бегалы мен Қызылту ауылының тұрғындарының көмегімен Көкмешіт тұрғызып, ел-халықты рухани қуанышқа бөлейді.

Дін — мұсылмандықтың қайнар көзі боп тұрған шағында мешіттің имамы болып, таң намазына азан шақырып, елді имандылыққа ұйытқан. Көкмешіт қасиетті де киелі орынға айналған. Қалың елге пана бола білген. Қиын кезеңдерде әлсізді демеп, әділдік пен парасат жолына, дін жолына бағыт берген дегдар тұлға 1937 жылдың зобалаңына кез келіп, ел садақа беріп, дұға оқылып жатқан кезде халық жауы ретінде ұсталып, түрмеге жабылады.

Құран мен шариғат жолында таза қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген оның түрмеде отырғанында да діни білімін тексермек мақсатта Орынбор дін басқармасының имамын шақырып, діни білімін зерделеген кезде, аса жоғары бағаланған. Өкінішке қарай, жоғарыдан келген бұйрық бойынша жаңа өкіметке, қоғамға аса қауіпті адам ретінде ату жазасына бұйырылған.

Айтмұхамбет Әліпұлы — ірі парасат иесі. Оның ізгілікті ісі мен озық үлгісі баршамыздың санамызда мәңгі жасайды.

Ұрпақтарының айтуынша, Айтмұхамбет хазіреттің мешітінің орны — Қобда ауданы Бегалы ауылынан 16-18 шақырым жердегі, Ойыл ауылына қарасты Соркөл деп аталатын №18 ауыл. Батпақты, Тасымай тұзы бар сулы қамысты жер.

Айтмұхамбет хазіреттің асатаяғы.
Тұзтөбе қаласында Асылбек деген кісіде сақтаулы

ЖИЕНҚҰЛ БЕКБАУҰЛЫ ЖЫРЫНАН

Байтақ болды Қызылтудың қариялары,

Сөздері өткір болып жариялары.

Мешіт саламыздеп хабар берді,

Бегалы, Қызылту халқы жәрдемге келді.

Тастаңдар, жаман сөзді, намаз оқы!

Құдайым кешіреді жаңылғанды.

Құдайға шын көңілмен тәуба қылсаң,

Жарылқар өз пендесін дұрыс жанды.

Дін жолында жүрген ата болды,

Дәреті таза, өзі де таза еді.

Айтмұхамбет атамыз молда болды,

Құран мен шариғатты дұрыс көрді.

Көкмешіт салғызып, қуаныш толды,

Азанның даусы шығып көңіл толды.

Садақада отырып хабар салды,

Үндемес келіп қалды! — деп, сөзін салды.

Қара машина келіп қалды,

Атамызға мін деп әмір салды.

Көп Шәлилер жылап қалды,

Атамызды Орынбордың түрмесіне салды.

Бұл істің кім қарайды ақ-қарасын,

Мешіт салдырды деп қағаз жазған,

Қылмыстың қалғаны ма жазасына?

Апырай үзіле ме енді Құран сазы,

Айтмұхамбет ахун енді атылады,

Арыз жазғандар енді ырза қалды.

Орынбордың имамын шақыртып ап,

Екеуін сөйлестірген көріп тұрған.

Үндемес басын шайқап тұрып қалған.

Дұрыс адам деп кесіп айтып,

Сұраныс қып, антын салған,

Бастығын көндіре алмай кетіп қалған.

Дүниеде мешіт салдырған,

Жұмақта жолдас болар Омар, Оспан..

Абдолла ишан Қарашаұлы

1882-1932 жылдар аралығында өмір сүрген.

Ата-баба қонысы — Қобда ауданы Бегалы елді мекені.

Орынбордағы гимназиядан білім алады. Кейін Қазан қаласындағы діни медреседе дәріс алуды жалғастырған. Араб, парсы, орыс тілдеріне жетік, сауатты хазірет 25 жасында елге оралып, ишан болып келген. Сол ауылдан 1914-1915 жылдары ел мешіт салып берген. Балалары — Мәдина, Әмина, Ғабдулхауи.

1932 жылы елді ашаршылық нәубеті жайлаған кезде жеті жасар Мәдина мен бес жастағы Әминаны Орынбор облысы Беляев (Борлыаша) ауданы Құмсай балалар үйіне тапсырған. Абдолла хазіреттен жалғыз қызы Нәсиха қалған. Оның жұбайы — Мәлік. Балалары — Әкімгерей, Бәтима,Шаһарап, Мұхтар.

Бәтима Мәлікқызы және өзге ұрпақтары Ақтөбе қаласында тұрады.

Тарихи архив материалдарына сүйенсек, 1917 жылы Торғай облысының Ақтөбе уезінде Бүкілресейлік халық және үй иеліктерінің санағы жүргізілді, сол кезде аудан аумағының оңтүстік Орал бөлігі оның құрамына кірді және Ақтөбе уезіне бағынышты болды. Санақ тамыз-қыркүйек айларында Ресей империясының Уақытша Үкіметі қазан оқиғаларының басталуына дейін жүргізілді.

Санақ деректеріне сәйкес көшпелі қазақ болыстары өмір сүрген: орталығы Құмақ ауылы болатын. Сол санақта келісім бойынша көшпенді қазақ болыс: 1-ші Бөрте көшпенді қазақ болысы, орталығы Құмақ ауылы. Оған 11 ауыл кірген. Әрбір ауылда бірнеше ауылдар кірме болған. Бұл ауылдар: № 1, 2, 3, 4 деп нөмірленген. Ауылдар — Көке, Жайылма, №5 Құмақ, №6 Бораншы, №7 Байшығанақ, Коммунар, №8 Қызылжар, №9 Мешіт, №10 Құрман (Сарықамыс), №11 Жұмағали (Жаңаталап).

Сол кезеңдерде  Абдолла хазірет Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы Борлыаша ауылы — 1932 жылдан бастап Беляев ауылы №9 ауылда өмір кешкен. Қалфе атанған діни сауатты ғұлама ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеген.

№9 Мешіт ауылындағы Абдолла хазірет мешіті
Абдолла ишан шәкірт тәрбиелеген Көкмешіт орны
С.М.Шохумов. Архив материалдары.
 
   

Орынбор. 1914 жылғы Абдолла хазірет мешітінің орны

Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Орынбор өлкесі, Беляев ауданына қарасты №9 ауылда Абдолла хазірет мешіті болған. Мешіт аумағында 1921 жылдары жалпы есеп бойынша 3 мың адам қоныстанған. Уақыт өте келе 1932 жылы елге ақ пен қызыл, Дутов әскерлері шыққан кезеңде ел бас сауғалап етіп, бар болғаны 800-ақ адам қалады.

1954 жылдарға дейін алыста тасжолда келе жатқан жолаушылар мешіттің көгілдір күмбезін анық байқайтын болған. Уақыт өте келе табиғаттың түрлі құбылыстарына төтеп бере алмай, жылдар өте босағалары қақырап, қабырғалары сөгіліп, ақыр соңында бір ғана бағаны қалған. Бағанды аралап кесіп алған. Мешіт тозығы жетіп құлап жермен-жексен болған.

Бір кездері Мешіт атауын алған ауылдың бүгінгі бейнесіС.М.Шахумов архивінен алынған суреттер бойынша әр жерден көрініс береді. Қалың қараған өскен алқап. Ертедегі Орынбор облысы Беляев ауданы №9 ауыл. Кезінде бұл жерде үлкен ауыл болған. Бұл жердегі қалың түбірлі қараған өскен аймақта ертеректе Ақмешіт мешітінің орны болған.

Сол кезеңдерден үйлер мен обалардан тұрған қорғандар бар.

Жібек АБДУЛЛИНА,

өлкетанушы,облыстық тарихи-өлкетану музейі

«Руханият» танымдық-патриоттық клубының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button