Тарих

Батыр қыздың балғын шағы

Әлия — 100

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова 1925 жылы дүниеге келген. Алдағы жылы оның туғанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты болса керек, әлеуметтік желілерде батыр қыздың өміріне, туған жеріне қатысты бір-біріне кереғар деректер, әртүрлі суреттер көп жарияланатын болды. Осының ақ-қарасын ажырату үшін біз музей қорындағы кітаптар мен әр жылдары газет-журналдарға шыққан мақалаларды тағы бір зерделеп, ескі аудиотаспалардағы жазбаларды тыңдап, батыр қыздың көзін көрген туыстары, достары, майдандастары мен командирлері жазған естеліктерді саралай отырып, нақты деректерді көпшілік назарына тағы бір ұсынғанды жөн көрдік.

Соңғы кезде жастардың арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеудің орнына, Батыстың, басқа да жұрттардың мәдениетіне көбірек еліктейтін әдет пайда болды. Тіпті шетелге кетуді аңсап тұратындар жастар да бар. Біз ең бір қиын күндерде, қиын замандарда кең-байтақ жерін жанын сала қорғаған бабалар ерлігін үлгі ете отырып, жас буынға тәуелсіз елімізді көзінің қарашығындай көріп сақтау, дамыту, көркейту парыз екенін ұғындыра білуге күш салуымыз, осы іске әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек. Әлия Молдағұлова да ел басына күн туған шақта халқын, жерін жауға бермеу үшін атқа қонған Ботагөз, Ақбота, Сапура секілді қазақтың батыр қыздарының ізбасары.

Ленинградтағы №140 мектеп, 1939 жыл.

Әлия Молдағұлова майданға кірген шақта жаудың аптығы басылмаған, азу тісі сынбаған кез еді. Алайда Әлия секілді шын патриоттар дұшпанның алапат күшінен, жарты әлемді қаймықтырған сұсынан қорықпай, өз басын қорғаламай, жеңіс үшін, болашақ ұрпақтың қамы үшін жан аямай соғысты. Қарап отырсақ, оның тағдыры да өз ұлтының азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресімен тағдырлас. Сондықтан біз айналдырған 18 жыл ғұмыр сүрген қаршадай қыздың ерлігін ғасырдан-ғасырға мақтан тұтып, таусылмас жыр ғып, жеткізе бермекпіз.

Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы Әлияның туған үйі
Бұлақ ауылындағы туған үйінің орнына салынған музей үйі

Сөзді оның азан шақырылып қойылған есімінен бастасақ, Әлия Молдағұлованың шын аты-жөні — Ылия Нұрмұхамбетқызы Сарқұлова.

Нағашысы Әбубәкірдің естелігі бойынша Әлияның шын аты — Ылия («Ақтөбе» газеті. 2005 жыл, 22 қыркүйек). Бұл үлкен нағашы әжесінің атына ұқсастырып, ырымдап қойылған есім екен. Бірақ Ресейде оқып, кейіннен майданға аттанған кезінде алдымен — Лия, сосын Алия (Әлия) атанып кеткен. Кей жерлерде оның есімін Ілия деп те келтіреді. Дұрысы — Ылия. Себебі Әлияның ғұмырын 40 жыл зерттеген әлиятанушы Ғалымжан Бәйдербестің кітабында және нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың естеліктерінде шын есімі Ылия деп жазылған.

№46 балалар үйінің сыртқы көрінісі

Өз тегі Сарқұлова болғанымен, анасынан ерте айрылған Әлия нағашы ағасының тәрбиесінде болып, соның тегін алған. Ленинградтағы балалар үйінде оның куәлігін қайта жасатқанда қате кетіп, тегі Магдагулова да болады. Ол жөнінде Әлия соғыста жүріп Сапураға жазған хатында өзі де айтады. Хат 1943 жылғы 15 мамырда жазылған.

Дегенмен тарих бетінде ол Әлия Молдағұлова деген атпен қалды. Оның құрметіне Әлия атанған қазақ қыздары бүгінде еліміздің қай тарабынан да кездеседі.

Әлияның туғаны жылы 1925 жыл болса, туған күні ресми түрде 15 маусымда атап өтіліп келеді. Әйткенмен бұл тұста да әртүрлі деректер кездеседі. Мысалы, 1987 жылы жарыққа шыққан «Кеңес Одағының Батырлары» атты 2 томдық жинақта туған күні 25 қазан деп көрсетілген. Бірақ оны дәлелдейтін еш құжат жоқ, сондықтан Әлияның туған күнін 25 маусымда атап өту жалғасып келеді.

Санкт-Петербургтегі Әлия Молдағұлова атындағы көше

Ал туған жеріне қатысты нақты деректер сақталған. Ол Қобда ауданының сол кездегі Көксай колхозының Бұлақ ауылында Нұрмұхамбет Молдабекұлы мен Маржан Молдағұлқызының отбасында туған. Бұл ақпаратты дәлелдейтін дерекке келсек, Әлияның туыс апасы Балапаш Кедейғұлқызы Әймішева: «Әлия дүниеге келгенде мен 15-16 жасар қыз едім. Оның кіндігін кескен — менің жеңешем Ұлкесер Мұханғалиева», — деп еске алады. 1980 жылы Әлия жөнінде кино түсіруге келген Сағын Тойтанбаевтың сұрағына ол кісі: «1925 жылы Әлия дүниеге келгенде кем-тар уақыт еді, арамызда үй жоқ көрші болғанбыз (Бұлақ ауылында). Әлия туғанда оны етегіме орап алып, жаулығымнан иткөйлек тігіп, бір тостаған тарымен кіндік шеше болып, қырқынан шығарғанмын» — деп еске алған. Бұл жөнінде Ғалымжан Байдербес пен Ұзақбай Қауыстың «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге» атты кітабында жазылған.

Әлия дүниеге келген ескі там қазір сақталмағанымен, көнекөз қариялардың көрсетуі бойынша орны нақты анықталған. 2021 жылы бұл жерде Әлияның музей-үйі ашылды. Оның ғимаратын салып берген — жеке кәсіпкер Сүйін Жолдас. Қазір бұл музей Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бөлімшесі ретінде қызмет көрсетіп тұр.

Әлия анасынан ерте айырылған. Анасының қазасынан кейін әкесі қызы мен інісі Бағдатты алып, алдымен Темір ауданы Шығырлы ауылында тұратын қарындасы Қанышаның үйіне барады. Бірақ қиын заманда баға алмайтынына көзі жеткен соң, Нұрмұхамбет Әлияны нағашы әжесі Тәжіккеннің тәрбиесіне беріпті.

Ақтөбе қаласында тұрғанда Әлия құрбысы әрі туысы Мақпалмен бірге ерте тұрып  нан кезегіне баратын. Басқаларға қарағанда нанды бірінші болып алып келетін. Ақтөбенің Красноармейск (қазіргі Бейбітшілік) даңғылында шағын базар болыпты. Әлия сол базарда жүріп, төбелесіп жатқан екі адамды көреді. Бір жас жігіттің қарт адамды сабап, бетін жаралағанын көрген Әлия дереу жүгіріп барып, жас жігітті итеріп жібереді де, зәбір көрген қартты тұрғызып алады. Сол жердегі адамдар 7-8 жасар қыз басланың батылдығына риза болыпты. Бұл естеліктен оның кішкентай кезінен-ақ жүрек жұтқан қайсар бала болғанын көреміз.

Әлия нағашы ағасы Әбубәкірдің үйіне 1932 жылы олар Алматы қаласында тұрған кездерінде келеді. Олар ҚазМУ-дың алаңы қасындағы, Шевченко көшесіндегі (Интернациональ көшесімен қиылыста) 112-үйдің 3-пәтерінде тұрған. Бірақ қазір ол ғимарат сақталмаған. Одан кейін ағасы Әбубәкірдің қызметі ауысып, Түрксіб теміржолының 3-ші эксплуатациялық саяси бөлімінің инструкторы болып, отбасымен Әулиеата (қазіргі Жамбыл) қаласына көшіп келеді. Ол жерде Молдағұловтар Ленин көшесіндегі екі қатарлы үйде тұрады. Әулиеатада тұрғанда Әлия мен Сапура далада ойнап жүріп, кейде балалармен келіспей, жылап келетін болған. Әуелгі кезде нағашы ағасы Әбубәкір оларға жақтасып сөзін сөйлесе, кейін үйге жылап келуге тыйым салыпты. Ренжіткен жанға жауап қайтарып, өздерін қорғауға тәрбиелеген.

Сапураның естелігі бойынша Әлия бірінші класты 1934 жылы Әулиеатадағы теміржол бойындағы «Железнодорожный» деп аталатын мектепте оқыған. Алғашқы ұстазы — Вера Ивановна (тегі Сапураның есінде қалмаған).

Әлия балалар үйіндегі құрбысы Нина Быстровамен, 1940 жыл.. (1942 жылы қоршауда қайтыс болған)

1935 жылы нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұлов Мәскеудегі әскери-көлік академиясына оқуға түседі. Осыған байланысты отбасы Мәскеуге көшеді. Тағы да Әлияның нағашы апасы Сапураның аудиотаспада қалған естелігіне сүйенсек,  олар екінші класқа 1935 жылдың қазан айында Мәскеудегі №48 бастауыш мектепке барған. Әлияның алғашқы жаттаған өлеңі «Во поле березка стояла» болыпты. Үшінші класта оларды №45 үш қабатты жаңалау мектепке ауыстырған. Ол мектеп қазір сақталмаған. Бірақ кезінде Әлия оқыған мергендер дайындайтын орталық әйелдер мектебі орналасқан көшеге 1970 жылы батыр қыздың есімі берілді. Көше қазіргі Мәскеу қаласындағы Вешняки ауданының Шығыс әкімшілік округінде орналасқан.

Осы жерде айта кететін бір жайт, Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы көшенің бойына орнатылған тақтайшада Әлия есімі қате жазылған екен. Тақтайша ілінген №32 үйдің тұрғындары, атап айтсақ, Әлия атындағы бұрынғы №891 мектептің түлегі Павел Мартынов артық кеткен бір әріпті алғызып тастау үшін Ресей Федерациясының Президент әкімшілігіне дейін арызданса да, ресми құжаттарда солай көрсетілген деп, өзгертуге рұқсат ала алмапты. Осы кезде іске муниципалды жиын депутаты Елена Кац араласып, №891 мектеп жанындағы музейді жасақтауға атсалысқан  Наталья Зайцева құжаттар жинақтауға көмектесіп, қате түзетілген. Бірақ осы №32 үйге қарсы тұрған №15 үйдегі тақтайшада батырдың аты-жөні «Алмии Молдагуловой» күйінде қалыпты.

Сол көшенің бойынан 1971 жылы бой көтерген №891 мектептің жанынан 1975 жылы Әлияның ерлігіне арналған «Даңқ» музейі ашылып, 1998 жылы оған Әлия Молдағұлова есімі беріледі. Қазір бұл мектеп Әлия Молдағұлова атындағы №1512 жалпы білім беретін орта мектеп деп аталады. Аталған мектеп кешенінің құрамында 6 мектеп пен 11 мектепке дейінгі мекеме топтасқан.

Мәскеуде нағашы ағасы Әлия мен Сапураны Ленин мавзолейі, планетарий сияқты жерлерге жиі қыдыртып отырған. Бос уақытында шаңғы, коньки тебуге де баулыған. Жасынан мінезі бірбеткей, үйренемін деген ісін үйренбей тынбайтын Әлия осындай спорт түрлерімен де шұғылданған екен.

Әлия 1937 жылы сол кездегі басқа балалар секілді қызыл галстук тағып, пионер қатарына өткен. Ол кітап оқуды жақсы көрген. Орыс тілін меңгеру қиын болғандықтан, ағасы бір жыл бойы өзі қолға алып, қыздарға орыс тілін үйреткен,  Академия жанындағы кітапханадан қарындастарына ағайынды Гриммдердің, орыс жазушысы Мамин-Сибиряктың ертегілерін әкеліп беріп отырған.

Олар сол кезеңдегі түрлі ірі мәдени, тарихи оқиғалардың куәсі болған. 1936 жылы өткен Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі аясындағы шараларға, кеңес ұшқыштарының Солтүстік полюске ұшуына орай ұйымдастырылған жиындарға қатысқан. Ал Полина Осипенко, Марина Раскова мен Валентина Гризодубовалардың жетістіктері Әлияның жүрегінде «ұшқыш болсам» деген арман отын тұтатқан.

1936-1938 жылдардың жаз айларында Сапура мен Әлия демалуға Қарағайқұдықта тұратын әжесі Тәжікенге (Әбубәкір Мәскеуге көшкенде Тәжікен «елде қалам» деп ермей қалған) және Ақтөбеде тұратын немере нағашы ағасы Бисембайға келіпті. Бисембай мен оның жұбайы Манар Әлияны ерекше жақсы көріпті. Кей кездері Құрайлыға өздері барып, кейде оларды колхоздан күтіп алатын болыпты, ал екі елді мекеннің 4-5 шақырымдық жер екен. Бірде оларды Бақытжан атты нағашы ағасы күтіп алып, жолда кездескен овчарка тұқымдас итті «қасқыр» деп алдап, жиендерін сынамақ болады. Бірақ Әлия: «Қайдағы қасқыр, бұл ит қой», — деп өте шыққан. Елек өзенінің жағасында досы әрі туысы Рәш Нұрғалиқызымен суға түсіп, ол жатқа айтқан «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ер Тарғын» секілді эпостарды Әлия әрдайым сүйіп тыңдаған. Ауыл балаларымен егіс алқабына колхозшыларға көмектесуге барып, қол диірменмен бидай тартып, қазанжаппай жеген сәттерін Әлия кейін сан мәрте еске алып, туған еліне деген сағынышын басқан да болар?

1938 жылы көктемде Әубәкірдің оқуы Ленинградқа ауыстырылады. Енді Молдағұловтар отбасы осы қалаға көшеді. Ленинградтағы мекенжайлары — Слуцкая көшесі, 2-үй,72-пәтер. Бұл үйдің алдында Суворов музейі бар еді. Ал 4-5 үйден кейін «Таврический» саябағы орналасқан. Әбубәкір Молдағұловтың естелігі бойынша, Әлия сол баққа қарсы тұрған №9 мектепке 28 наурыз күні төртінші кластың 4-ші тоқсанында  барады.

Ақтөбе облыстық архивінде сақтаулы мәлімет бойынша, бұл мектеп 1898 жылы Нева өзенінен өтетін көпір маңында салынған. 1948 жылы мектепке Әлия есімі беріледі. Кейін ол мектеп ысырып тасталып, 1963 жылы орнына жаңа №140 мектеп салынады. 1965 жылы осы мектепте батыр қызға арналған музей жасақталған. 2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылына байланысты аталған мектепке Әлия есімі берілгенмен, кейіннен қайта алынып тасталыпты.

Егде жастағы класс жетекшісінің аты-жөні — Евгений Тимофеевич Садовский. Әлия бесінші класқа барған жылы мектепке күрделі жөндеу өткізілетін болып,  оларды Смольныйдағы басқа мектепке ауыстырады. Ол кезде бұл ғимараттың жартысына орыс мектебі орналасса, келесі жартысында испан балалары оқыған. Мектепке бара жүріп, Әлия мен Сапура  испан қыздарымен де дос болған екен.

Әлия класта ұстаздардың бірінші көмекшісіне айналады. Үлгерімі нашарлап кеткен оқушыларға жәрдемдесіп, бағасы түзелмейінше оларға тыным бермейді екен. Сондықтан кластастары оны «біздің мазасыз старостамыз» деп атап кетіпті.  Тәртіпті сүйетіні, тазалығы мен талапшылдығы үшін оны кластастары ғана емес, ұстаздары да сыйлайтын. Сөйте жүріп, оның өзі де орыс тілі пәнінен қиналатын, бірақ сабақтан кейін қалып оқып, үнемі еңбектенумен болған.

Бір ғана степендиямен өмір сүретін нағашы ағасының отбасы өсіп, үй-жайы тарлық ете бастаған соң, ол Әлия мен Сапураны Гурдин көшесі, 16-үйде орналасқан №46 мектеп-интернатқа орналастырады. Кейіннен жеңгесі ауырып қалып, Сапураны қайта алып кетеді, ал Әлия оқуын интернатта жалғастыра береді. Үйіне тек жексенбі сайын келіп тұрған. Арасында ағасының балаларын балабақшадан алып, жануарлар бағына қыдыртуға да үлгереді.

1980 жылы 29 желтоқсанда Ленинград атқару комитетінің шешімімен Красногвардейск ауданындағы батыр қыз тәрбиеленген №46 балалар үйі орналасқан Гурдин көшесіне Әлия Молдағұлованың аты берілді.

Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың

облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button