Тарих

Тарихы терең маң дала

«Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет».

 Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев 2006 жылы Әйтеке би ауданына экспедиция барысымен келіп, аудан тарихына қатысты біраз ауызекі және жазба деректерді жинақтап, «Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы» атты кең көлемді жинақ шығарған болатын. Еңбекте бұрын жарияланбаған, зерттелмеген фольклорлық және этнографиялық деректердің молдығы ерекше қызығушылық туғызады. Осы жинақтағы қызықты деректерді бір арнаға тоғыстырып, танымдық тұрғыда оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Әйтеке би ауданы аумағында адам баласы тіршілік ете бастағаннан бері, яғни тас дәуірінен өркендеген мыңдаған жылдардың таңбасы — атаулардың тарихи ізі сақталған.

Бұл өлкеде XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы Әбілқайыр мен Кенесары хандардың жорық жолының ізі жатыр. Өлкейек пен Қабырға өзені жанында Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы», «Хан қарасуы» аталған қорым болса, 1841 жылы қыркүйекте Кенесары Қасымұлын хан көтерген Қарашатау екені архив құжаттарынан табылып отыр. (Қ.Ахметов).

Ауданымызда ешқандай түсініктемесіз, атын естігенде көз алдыңызға кейпі айқындала қалатын бейнелі атаулар көп-ақ. Мысалы, Ақтасты, Сұлукөл, Сулыкөл, Шалбаркөл, Шалқаркөл, Тереңсай, Құмқұдық, Кіндікті, Басқұдық, Сарыбұлақ, Жиделібұлақ, Үкіліқопа, Бесқопа, Қыналыкөл, Ұзынкөл, Қайрақты, Миялы. Әр атаудың өзіндік тарихы, бедерлі шежіресі бар.

Көптеген жер-су атаулары адам есіміне байланысты екені мәлім. Мысалы, Жабасақ, Толыбай, Жантай, Өтек  атауларының астарын жете біле бермейміз. Ол — бөлек тақырыптың арқауы. Ал бұл жолы біз Әйтеке би ауданындағы тарихи маңызды ескерткіштер мен киелі орындар туралы айтамыз.

Әбілқайыр хан мемориалды кешені

Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың сүйегі Әйтеке би ауданы Толыбай елді мекенінен  90 шақырым жерде жатыр. Әбілқайыр хан жатқан зират дәл осы жерде екендігі туралы  ХVІІІ  ғасырдың зерттеушісі П.Рычков, ХІХ  ғасырдағы зерттеушілер А.Левшин, Л.Мейер, В.Витевский ХХ ғасырдың  кеңестік  тарихшылары А.Рязанов, Е.Бекмахановтың жазбаларында да кездеседі. Жазушы Әбіш  Кекілбайдың 1979  жылғы  жасаған бірінші сапарының кезінде жергілікті қариялардың айтуымен Әбілқайыр ханның қаза тапқан жері туралы «Үркер»  романында келтірілген. 1998  жылы кезекті экспедиция кезінде зерттеулерді  тереңірек жүргізуге  мүмкіндік туды.

Әбілқайыр хан қазатапқан жері мен асыл  сүйегі жерленген жерді анықтау жұмысымен тыңғылықты айналысуды Қазақстанның халық жазушысы, сенатор Әбіш Кекілбаев бастап, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты,  этнология және антропология  бөлімінің  меңгерушісі,  тарих ғылымдарының  докторы, профессор Серік Әжіғалиевжалғастырды. 2001 жылы «Әбілқайыр  хан» халықаралық  қорының  ұйымдастыруымен және қаржыландыруымен  археолог-ғалым Серік Әжіғалиев  бастаған 15-20 адамнан тұратын үлкен топ экспедиция  ұйымдастырды. Қолдағы деректерде Әбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен және қару-жарағы, сауыт-сайманымен  жерленгені айтылады. 2011 жылы шетелдік  мамандардың көмегімен  қорымды дельтапланмен ұшып жүріп әртүрлі биіктіктен суретке түсіріп, қабірлерде металл бар-жоғын анықтау үшін георадар пайдаланылды. Сол арқылы 942 қабірдің арасынан  үш қабірді негізгі нысан  ретінде таңдап алуға мүмкіндік туды.Түрлі  генетикалық-биологиялық  ДНК арқылы сараптамалық  тексеру нәтижесінде  №92 қорымдағы  мүрденің  антропологиялық қалпына келтіру  қорытындысы  негізінде Әбілқайыр  ханға  99,7 пайыз ұқсас деп танылды. Венгрияда  жасалған ханның  бас  сүйегі бұрынғы табылған  суретімен сүйектің  кескіні  арқылы салынған  портреті  өте  ұқсас  болып  шықты.  Осы зерттеулер нәтижесінде  талай  жаудың  бетін  қайтарып,  атойлап  айқасқа  кірген  жау  жүрек ханның асыл сүйегі жер қойнына қайта тапсырылды. Ұзақ  жылдар  бойғы талайлардың  әңгімесіне  азық  болған  аңызға  толы  істің  алғашқы  нүктесі 2012  жылы қойылып, Кіші жүз ханының осында жерленгенін білдіретін белгітас   орнатылды. 2015 жылдың 2 қазанында Әбілқайыр ханға арналған «Хан моласы» мемориалды кешені ашылды.«Хан моласында» 1000-нан аса қорым бар. Солардың  арасында  Әбілқайырханмен бірге қаза болған нөкерлері де бар. Кешенде орналасқан үш стела  үш  жүзді білдіреді. Биіктігі — 25 метр. Үш стелада  ұлы жүздің 19 таңбасы, орта жүздің 18 таңбасы және кіші жүздің 25 таңбасы бейнеленген. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылған. Бұл тастың қасиеті күнге мүжілмейді, керісінше, берік бола түседі. «Құрылыс Консалтинг ұлттық орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, кесене құрылысын бастар алдындағы сараптамалық жұмыстар кезінде, тереңдіктен көне кесененің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін кесене диаметрі ұлғайтылып, 8 қырлы етіп салыныпты. Кесене биіктігі — 15 метр, диаметрі — 8,5 метр. Кіреберістегі  маңдайшасының биіктігі — 5,5 метр. Есігі құбылаға қаратып салынған.

Былшық би кесенесі

Күллі Кіші жүздің кенже биі — Былшық  би (1860-1933) Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылы Ақсу елді мекенінде дүниеге келген.Атасы Әбдібай дәулетті кісі болған екен. Бидің азан шақырып қойған шын  аты — Құтаяқ.

Екі көзі жасаурай бергеннен Былшық атанып кеткен деседі. Ол — қазақ тұрмысында  жиі кездесетін  бес  дау — жер, жесір, құн, мал және ар дауын шешкенде қарақылды  қақ  жарғандай тура төрелік жасап, әділдігімен халықтың аузына іліккен айтулы  билерінің  бірі. 2015  жылдың  20 маусымында аудан аумағында Былшық  биге арналған кесене бой  көтерді.

Сары Ишан әулие мазары

Қарабұтақтың қасындағы үлкен қорымда Сары ишан —Қожахмет Үмбетұлы (1856-1934)жерленген. Ол қайтыс болар шағында өзін Шаңғытбай қажы жатқан жерге жерлеуді тапсырған екен. О заманда бұл маңда поштаның төрт үйінен басқа ел болмапты. «Онысы несі?» дегендерге «түбінде осы жерге халық та қоныс теуіп, үлкен қатынас жолы» болады деп айтып кеткен көрінеді.

Қожахмет өте сыпайы, ақсары кісі болған. Ел оны қоғадай жапырыла сыйлап, тіпті есімін де атамапты. Сондықтан халық арасында Сары Ишан атанып кеткен. Ишанның қамкірпіштен тұрғызылған тамының көлемі үлкен. Мұнда өзімен бірге отбасының мүшелері де жерленген. 1995 жылдың Әбдіғанидың әйелі, ишанның келіні Жәнипа әжейдің өтініші бойынша тамның ауыз жағынан жерлеуге бейіт қазғанда біраз кітап шығыпты. Бірақ олар уатылып, оқуға жарамсыз болып қалған. Осы кітаптардың ішінде ишанның шатрихаты да болыпты. Сары Ишан мазарына 2006 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Нұрсейіт тамы

Нұрсейіт тамы Талдық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Ырғыз өзеніне құятын Ащының сағасы маңына ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған. Сәулет өнеріндегі ою-өрнек ерекшеліктері бір-бірімен үндесіп, мазар төбесіндегі  жеті шеңбермен қоршалған жұлдыз, шеңбер сыртында орналасқан күн аспан әлемінің біраз құпиясынан хабар береді.

Әрбір нышандар мен терезелері бірдей қашықтықта, аса үлкен дәлдікпен салынған. Биіктігі 10 метрге жуықтайды. Сыртқы қабаты күйген қышпен өрілген, іші сегіз қанат ағаш үй секілді. Мазар ішінде бес сахна бар. Мұнда Нұрсейіт, әйелі және балалары жерленген. Нұрсейіт — Құлтас руының Қарашасы. Оның он бір баласы болған. Там  Нұрсейіттің тірі кезінде баласы Лайдың қаражатынасалынған. Ол үшін арнайы Қарақалпақ елінен шеберлер алдырған деседі. Құрылыс материалдарына борды күйдіріп, келіге ұнтап, електен өткізген. Балшыққа бор, бие сүті, жылқының қылын қосып отырған.

Кепер тамы

Ырғыз жеріне белгілі бай, халық сыйлаған дәулет иесі Нұржан байдың інісі, Дүзбайдың баласы Кепер кезінде болыс боп сайланып, ел-жұртқа қызмет еткен кісі болған. Кепер болыс дүниеден өткен соң, балалары өз қаражаттарына шебер әкеліп, еңселі тарихи ескерткіш ретінде осы тамды салдырған көрінеді.

Кепер мазары Аралтөбеден Т.Жүргенов ауылына қарай жүргенде Жолөткеннің бойында, қыр басында тұр. Мазар XIX ғасырдың екінші жартысында салынған.

Әбдібай тамы

Әбдібай — Төртқараның Құламан тайпасы, Жантайлақ бөлімінен шыққан айтулы бай. Сол заманда өмір сүрген, ел билеген Кепер байдың немере ағайыны. Ол ауқатты, парасатты адам болған.

Әбдібайдан Сейіт туады. Сейіт те өз заманында елге белгілі адамдардың бірі, Есет Көтібарұлымен замандас, сыйлас болған. Сейіттен Кіші жүздің кенже биі, Төртқараның төбе биі — атақты Былшық би туады. Әбдібай тамы Бақсайыс өзеніне таяу, Аққұдық деген жерде ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған. Бір бөлмелі әшекейлі-күмбезді мазар шикі кірпіштен тұрғызылған. Әр бұрышында биіктігі 3 метрден мұнара орнатылған. Ішкі құрылысы дәл емес сегізқырлы өзара бөлінген таяз қуыстардан тұрады. Әртүрлі түсті бояулармен жазылып безендірілген қабырға сылақтары сақталған. Олар қошқар мүйізді бейнелейді.

Бұршақбай тамы

Бұршақбай тамы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылының солтүстік-шығысына қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті бірнеше рет 1987 жылы Серік Әжіғалиев жетекшілік еткен Қазақстан Ғылым академиясы тарих, археология және этнология институтының Батыс Қазақстан этнографиялық экспедициясы зерттеген. Кесене — төртқырлы пирамида тәрізді, күмбезді ғимарат. Ішке енетін ойық батыстан оңтүстікке қарай 20 градус қиғаш доғалдана салынған.

Бұл бөлік алғашында шағын портал қалқамен безендіріліп, ғимарат бұрыштары мұнараға ұқсастырылып бекітілген. Кесене саман араластырылып, саздан құйылған шикі кірпіштен тұрғызылған. Бөлменің ішінде шикі кірпіштен шығыстан батысқа қарай созылған «сағана» тәрізді баспалдақты қабіртастың қалыңдығы байқалады. Батыс қабырғаның сыртына құлпытас қойылған. Қазір солтүстік-шығысқа қарай қисайып кеткен бұл құлпытас көпқатарлы қазақ құлпытастарының сәнді мүсіндік түріне жатады. Бұршақбай тамы — XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың тұрғын үй құрылысының белгілері байқалатын және тас қашау өнерінің, эпиграфиканың іздері сақталған ескерткіш.

Ақбақсы  әулие  қорымы

Ақбақсының  емшілік  даңқы  Ырғыз, Орск, Қостанай өңірлеріне кеңінен таныс. Ол кісі  жүзі  көркем, келбеті  сұлу, ақ  кісі  болған. Емшілік  қасиеті мен түр-әлпетіне  қарап,  ел-жұрт  оны  Ақбақсы  деп атап кеткен.

Шын  есімі – Төлеген Сатыпалдыұлы. Ол 98  жас  жасап, дүниеден  өткен. Ақбақсының  мазары  Ақтасты  ауылының солтүстік-шығысындағы зиратта жатыр. Ақтасты  ауылының  өзінде  Ақбақсының  атына  салынған  қонақжайы  бар.

Марал ишан жуғысы

Марал ишан 1841 жылы жаз айында Қостанай даласындағы «Әулие көлде» қайтыс болғаннан кейін, әулиенің денесін шағын түйе керуенімен Қызылорда облысының Қармақшы ауданына жеткізу керек болады. Сүйек ыстыққа бұзылып кетпеу үшін сүртіп-шайып, неше түрлі шөппен дәрілеп, жерді қазып, салқындатып аялдап, түнде жүріп отырған екен. Керуен Әйтеке би ауданының екі жеріне тоқтап, сол жерде әулиенің денесін аман жеткізу жұмыстары жүргізіліпті. Сол маңды «жуғы» деп атаған. Жуғы маңында бұлақ бойы қалың жиде өсіп жайылған, әулиенің сүйегі уақытша қойылған жерді үлкен бейіт сияқты етіп көтеріп, екі қайтара орлап көмкеріп қойған. Бұл жерге халық құрметпен қарап, киелі орын санайды.

«Марал ишанның жуғысы» атанған жерлердің бізге белгілісі — бұрынғы Бөгеткөл ауылының Құмшық, Жабасақ елді мекенінің Аққұм ауылы маңы.

Ол кісінің мүрдесі бұдан бір жүз елу жыл бұрын жүріп өтсе де, әулиенің қасиеті туралы аңыз әңгіме ел ішінде әлі ұмытылған жоқ.

Үңгіртас

Әйтеке би ауданы аумағында табиғи үңгірлер көп. Жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, мұндағы үңгірлерді көп адам біле бермейді. Бірақ Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Ұлғайсын ауылынан 9 шақырым жерде жатқан Үңгіртас туралы естігендер бар шығар. Бұл маң тұрғындардың жаз айларында келіп демалатын сүйікті орнына айналған.

Өзеннен 2,5-3 метр жоғары орналасқан таудың биіктігі шамамен 100 метр.

Үңгірге кіретін аузы солтүстік-батыс жағында. Таудың қырқа  басынан қарағанда өзеннің арғы бетіндегі биік жарқабақтағы үңгірдің ауызы бірден көрінеді. Оны өзен табанынан үш бөлек жалпақ тас  бөліп тұр. Тастардың жиегі тап-таза ақ құм жапқан кішкене арал сияқты. Үңгірдің ішіне он шақты кісі сыяды. Ауыл адамдарының айтуынша,  бұл үңгірдің іші ертеде үлкен болыпты. Бүйіріндегі терезеден шығыс жақ жағалау  тегіс көрінеді, ал есігі арқылы тауға шығуға ыңғайлы. Сырт жағынан келу қауіпті. Екпіндеп келген адам терең құзды байқамай, тік жарлы сайға құлап кетуі ықтимал. Ал бергі жағынан қарағанда  үңгірдің есігін бірден айыра қою қиын. Ертеден қалған әңгімелерге сүйенсек, Кенесары Қасымұлы 60 сарбазымен осы үңгірдің ішін паналаған деседі. Талай жапа шеккен жандарға да пана болған деген қилы-қилы әңгімелер бар. Осы үңгіртастың жоғарғы жағында Сандықтас деген жер бар. Бұл да бір өзіндік тарихы бар зерттелмей жатқан жер.

Алпамыс НҰРБОЛҰЛЫ,

аудандық музей қызметкері.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button