Спорт

Саматбек — әлем чемпионы!

Ақтөбелік өрен Саматбек Ізімғали грек-рим күресі бойынша кадеттер арасында әлем чемпионы атанды.

Күрес түрлері бойынша кадеттер арасындағы әлем чемпионаты 29 шілде-4 тамыз аралығында Болгария астанасы София қаласында өтті. Саматбек 45 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Грек-рим күресі бойынша облыстық жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Қайырбек Беріков:

— Саматбек Софиядағы жеңісінен бір ай бұрын, шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында да жеңімпаз атанған еді. Ал әлем чемпионатында ол финалға дейін үш белдесу өткізіп, үшеуінде де қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Олардың алғашқысы — Еуропа чемпионы атанған әзірбайжандық Фарид Садихли. Финалдық белдесуде Саматбек өзбекстандық Асадбек Бахромовты таза жеңді, — деді.

Саматбек спорттағы жолын Ақтөбедегі №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резервінің мектебінде бастаған. Спорттағы алғашқы ұстазы — Айбек Пұсырманов.

Қазіргі күні ол Алматы қаласында жаттығып жүр. Бапкері — Жарқын Тұрсынов.

— Саматбектің жеңісі біз үшін үлкен мақтаныш. Тағы бір ақтөбелік жас спортшы  Ерасыл Кенғанов та Азия чемпионатында қола жүлде алған болатын. Мейрамбек Айнағұловтың жолын жалғап жүрген осындай өрендеріміз бар, — дейді Қайырбек Беріков.

Айта кетелік, грек-рим күресінің шебері, ұлттық құрама мүшесі Мейрамбек Айнағұлов бұдан сегіз жыл бұрын кадеттер арасында әлем чемпионы атанған еді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button