Білім

Облыс әкімінің100 гранты қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бөлінді

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен отырыста 2019-2020 оқу жылына білім грантын бөлу мәселесі қаралды.  Осыған байланысты  облыстық білім басқармасының жауапты мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға арнайы бөлінген 100 грантты жеңіп алуға жергілікті жоғары оқу орындарынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Орал қалаларының 10-нан астам оқу орындары қатысқан. Мемлекеттік грантты иелене алмай қапыда қалған жастар үшін облыс әкімінің арнайы бөлген 100 гранты үлкен мүмкіндік болып отыр.

— Мақсатымыз — облыста сұранысқа ие мамандарды әзірлеп, жастардың сапалы білім алуына жол ашу. Олар болашақта өңір дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін, — деді облыс басшысы.

Комиссия отырысының шешімімен облыс әкімінің 100 грантына ие болғандар Нұр-Сұлтандағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеттерінде білім алатын болады. Өңірімізде орыс тілі мен әдебиеті, математика-физика, ветеринария, ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары.

Комиссия аталған жоғары оқу орындарын бірнеше шарттар бойынша таңдаған. Атап айтсақ, жатақханамен қамту, білім сапасы, талапкерлерге жасалатын жағдай, т.б. ескерілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен байқауға түскен оқу орындары да іріктелді. 180 грант мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы және көпбалалы отбасының балаларына арналған. Олардың білімі мен ұлттық бірыңғай тесттен жинаған балы ескеріледі. Мамандарды даярлауға грант тағайындау 3 кезеңнен тұрады: сұраныс жинақтау, қажетті мамандықтардың тізбесін бекіту, мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін жоғары оқу орындарының арасында байқау жариялау. Талапкерлерге мемлекеттік білім беру грантын тағайындау 15-20 тамызда өткізіледі.

Сондай-ақ білім гранттарын бөлу мәселесі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында да айтылды.

Баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова биыл жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға бөлінген 100 грантқа жарияланған байқауға 9 жоғары оқу орны, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар үшін бөлінген 180 грантқа 7 жоғары оқу орны қатысқанын, олардың қатарында облыстағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қазақ-орыс халықаралық университеті бар екенін жеткізді.

Жоғарыда айтылған жоғары оқу орнының тізімі bilim.aktobe.gov.kz. ресми интернет-ресурсына жарияланды. Ал алдағы байқауға қатысу үшін өтініштер 5-10 тамыз аралығында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қабылдау комиссиясында қабылданады. Талапкерлерге мемлекеттік білім беру грантын тағайындау 15-20 тамыз аралығында комиссия отырысында қаралады. Комиссияның шешімі бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады. Ал талапкерлердің жоғары оқу орнына қабылданғандығы жайлы бұйрық 25 тамызда ғана шығады, — деді Г.Сүлейменова.

Баспасөз мәслихатының соңында басқарма басшысының орынбасары журналистердің сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button