Экономика

Сапалы тұқым, жаңа техника — табыстың кепілі

Жыл сайын өтетін дәстүрлі Егістік күні биыл Мәртөк ауданында болды. Оған облыстың барлық аудандарынан ауылшаруашылық саласының мамандары мен 160-тан астам егін шаруа қожалығы басшылары қатысты. Сондай-ақ маңызды шараға Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан арнайы мамандар келді.

Шараның мақсаты — ауылшаруашылық саласындағы цифрландыру жүйесін көрсету және өзге өңірлердің мамандарымен тәжірибе алмасу.  Мәртөк ауданындағы «Агро Родники» ЖШС-ның егін алқабында өткен Егістік күнінде облыстың ауылшаруашылық саласындағы жетістіктері көрсетіліп, жаңа идеялар, тың бастамалар және заманауи техникалар таныстырылды. Келген қонақтар «Родники Агро», «Бордо Индастрис», «Туркуаз Машенери», «Еуразия груп», тағы басқа компаниялар мен шаруа қожалықтарының сатып алған соңғы үлгідегі техникаларын тамашалады.

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин Елбасымыздың тапсырмасы ауылшаруашылық саласын экономиканың драйверіне айналдыру үлкен шараларға міндеттейтінін айтты.

— Еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыру үлкен тәжірибе мен білімді талап етеді. Облыс ауылшаруашылығының әлеуеті өте зор. Бірақ алдымызда көптеген міндеттер мен проблемалар бар. Бірқатар мәселелерді шешу үшін бірсыпыра шаруаларды жоспарлап отырмыз. Ол үшін осындай кездесулер болу керек. Мамандар пікір алысып, тәжірибе алмасып, бір-біріне жақсы үлгілерді көрсетеді.Мұнда әр облыстың азаматтары келіп отыр. Оларға алғысымды айтамын. Мұндай шара бәрімізге ортақ. Әр облыстың өз мүмкіндіктері бар. Дегенмен бір-бірімізге үлгілерімізді көрсетіп, тәжірибе толықтырсақ артық болмайды, — деді облыс басшысы.

Биыл Ақтөбе облысы 330,0 тонна астық жинауды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндік бар. Көктемде 789 мың гектар жерге  тұқым себілсе, оның 459 мың гектарына дәнді дақыл егілді. Бұл өткен жылға қарағанда 8 пайызға артық. Одан бөлек 288 мың гектар жерге мал азығы, 30 мың гектар жерге майлы дақылдар және 11,600 гектар жерге көкөніс түрлері мен бау-бақша өнімдері егілген. Ауылшаруашылық мамандарының айтуынша, ылғалдың аздығына қарамастан егіннің бұлай жақсы көтерілуі тұқымның сапасына байланысты болып отыр. Сонымен қатар облыста 430-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бар.

«Родники Агро» ЖШС-ның директорыВасилий Бондарев қонақтарға егіс алқабын аралатыпбидай, арпа тұқымдарының түрлерін, сапасын, тиімділігін айтып, жаңалықтарымен бөлісті.  Шаруашылықта 160 жұмысшы бар. Жақында  1 миллиард 300 миллион теңгеге трактор, комбайн, соңғы үлгідегі техникалар сатып алды.

— Мәртөк ауданы биыл 110 мың гектар жерге егін салды. 100-ден аса егін салатын шаруа қожалығы бар. Егістің аумағын жыл сайын үлкейтіп, биыл 12 пайызға көтердік. Егіннің шығымы жақсы. Өткен айда егіс аумағына жауын жақсы жауды. Енді қосымша тағы бір сондай жауын болса бізге ешқандай мәселе туындамай, егісіміз ойдағыдай шығады деп отырмыз. Бәрін жинап алуға мүмкіндігіміз бар. Техникамыз жеткілікті. Шаруа қожалықтарына жаңа техникаға көшуге талап қойып жатырмыз. Тек жұмысшы күшінің тапшылығы байқалады. Сол себепті Жайсаңдағы көпсалалы ауылшаруашылық-техникалық  колледжінің студенттерінен механизаторлар дайындау үстіндеміз. Олар осы жерде 1 ай іс-тәжірибеден өтеді. Ауданда ауылшаруашылық мамандарының санын көбейтуді қолға алдық, — дейді Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы.

— Былтырдан бастап егін салуды қолға алып жатырмыз. Әзірге 500 гектар жер дайындап қойдым. Осында келіп кәнігі диқандардың жұмысымен танысып, тәжірибелерін алып жүрмін. Тұқымның бірнеше түрі бар екен. Соның ішінен жер жағдайына келетін жоғары сорттарын алсам деймін. Мұндай шара диқаншылық кәсіпті жаңа бастап жатқандар үшін таптырмайды. Өйткені жер-жерден білікті мамандар, ауылшаруашылық саласының кадрлары жиналып жақсы кеңестерін береді. Қаншама жаңа техника көрдік. Әрқайсысымен танысып жатырмын. Осының бәрі маған керек. Егісіміз қырлық болғанымен суармалы егісті де қолға аламыз, — дейді «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Жайылхан Бекназаров.

Үстіміздегі жылы облыстың егін шаруашылығына 4,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 800 миллион теңге субсидияға арналған.

Егіс алқабында ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті. Көрменің мақсаты —жаңа техникалардың түрлері мен артықшылықтарын көрсету. Онда ауылшаруашылық техникаларының 40 түрі болды. Жаңа технологияны ауылшаруашылық саласына енгізу жолдары, оны сатып алудағы жеңілдіктер туралы семинар өткізілді. Әр жаңа техниканың 25 пайызын үкімет субсидиялайды. Бұл шаруаларға тиімді әрі жаңа техникаға қол жеткізуге мүмкіндік болмақ. Өйткені техника қымбат. Бір комбайнның құны 42 миллион теңгеден  басталады. Ал арнайы техникалар 67 миллион теңгеге дейін барады. Ауылшаруашылық саласындағы негізгі өнім — егін шаруашылығының дамуы тікелей техникаға байланысты. Облыста жаңа техникаларды алу мен оны тиімді меңгеру — бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта жылына 200-дей жаңа техника сатып алынады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button