Мәдениет

Нұр-Сұлтан — менің Елордам!

6 шілде — Елорда күнінде Ақтөбе қаласындағы бірқатар саябақтар мен ойын-сауық алаңдарында мерекелік шаралар өтті. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта өткен «Елорда — айбынды ақ ордам» атты салтанатты шарада шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, бір топ ақтөбелік марапатталды.

Мерекелік шара «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің «Тойбастар» биімен басталды.

Бұдан кейін шарада Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Осы өлең жолдары туған қалама арналады» атты авторлық өлеңдердің қалалық байқауының қорытындысы жарияланып, жас ерекшелігіне қарай жеңімпаздар марапатталды. Атап айтсақ, кіші жас категориясы бойынша аталған байқауда 1-орынды М.Арын атындағы орта мектептің оқушысы Нұрсерік Тәуекелов жеңіп алса, 2-орынды Ойыл ауданы, Көсембай негізгі мектебінің оқушысы Нұрболат Сатыбалдин, 3-орынды Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектептің оқушысы Айсұлтан Көпбергенов иеленді. Ал орта жастағылар арасында 1-орынға Жаңақоныс ауылының тұрғыны Гүлмира Жұбаназарова ие болса, 2-орын Мәртөк ауданы, Бөрте мектебінің мұғалімі Салтанат Дәйтоваға, 3-орын Ақтөбе қаласындағы «ТехКоммунЦентр» ЖШС өкілі Айдархан Наурызғалиевқа бұйырды.

Сондай-ақ байқауға қатысқан ардагерлер арасында Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Қуандыр Усина 1-орынды жеңіп алса, 2-орынды зейнеткер Мұханбетқали Қазкеев, 3-орынды зейнеткер Қыдыр Қибашев иеленді.

Мерекелік шарада Ақтөбе вокалды-аспаптар ансамблі, «Баян сұлу» би тобы, сондай-ақ жас әншілер — Данияр Құлжанов, Ұлан Досмұратов, Аружан Кенжебаева, Рамазан Ахмедияр, Ернар Алтынов, Әйгерім Наурызбаева, т.б. ән айтып, ортада өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ шара аясында Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері «Ұлы дала Елордасы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, Ақтөбе қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі қала тұрғындарына арнап спорттық жарыстар өткізді.

Айта кету керек, елорда күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе Арбат» мәдени демалыс орнында, «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығында, «Ретро», «Жеңіс» және А.Пушкин атындағы саябақтарда, сондай-ақ Шығармашылық академиясында концерттік бағдарламалар өткізіліп, өнер ұжымдары қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button