Бишілердің белесі
Байқау
Ақтөбеде өткен «Dance non stop» халықаралық хореография байқауына Қарғалы ауданының атынан қатысқан «Наз» халықтық би ансамблінің кіші тобы 2-орынды жеңіп алды.
Жас бишілердің хореографиялық шеберліктерін дамыту және шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық байқауға өңірімізге белгілі би ұжымдары қатысты. Байқау нәтижесінде жеке номинация бойынша Жансая Сағитжан бас жүлдегер атанса, Айша Батихан 1-орынды иеленді.
— Байқаудың мақсаты — балаларымызды өнерге баулу, қазақ өнерін әлемдік сахна төріне шығарып, ұлттық өнерімізді дәріптеу. Талантымен тәнті еткен балалардың өнерін бағалау қазылар алқасына қиынға соқты. Бұл іс-шара біз үшін үлкен тәжірибе алаңы болды, — дейді хореограф Назым Қойшықарақызы.
Іс-шара барысында өнерлі балаларды халықаралық байқауға дайындаған жетекшісі Назым Қойшықарақызы Алғыс хатпен марапатталып, «Үздік хореограф» атанды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,
Қарғалы ауданы.