Мәдениет

Гаухардың «Көктем» әні

Өнер

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Өнер орталығы концерт залында классикалық музыка ансамблі солисті, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Гаухар Саламастың «Көктем әні» атты шығармашылық кеші өтті. Кеште камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі және классикалық музыка ансамблінің солистері Манзура Сапарова, Нұртас Омаров, Айбек Қарағұлов, Бэджа Калмыков, Аманжол Өтемұратов, Ибраһим Аминдер өнер көрсетті.

Гаухар Саламас 2021 жылдан бастап Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп келеді. Ол — көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Гаухардың есімі 2021 жылы Қазақстанның 100 жаңа есімдері тізіміне енген.

Алғашқы жеке кешім КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналып отыр. Концертім камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Кеш шымылдығын Қазақ КСР халық артисі Евгений Брусиловскийдің туындысы «Қыз Жібек» операсын орындаумен бастадым. Ақпан айында «Қыз Жібек» операсының премьерасында Қыз Жібектің рөлін сомдаған едім. Сол кеште 1,5 сағат жанды дауыста орындалған опера көпшіліктің көңілінен шығып, көрерменнің жоғары бағасын алған еді. Осы жолы да өнеріме қолдау білдіріп келген тыңдарман мен ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,— дейді ол.

Әншінің анасы Гүлназ Төленияздың айтуынша, Гаухар бала кезінен өнерге жақын болып өскен.

Гаухар — лирикалық сопрано дауысты әнші. Ол 2008-2012 жылдары Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовтің класын үздік аяқтады. Рим, Рига, Будапешт, Вена қалаларының үлкен сахналарында өнер көрсетті. Сондай-ақ 2015 жылы «Primavera romana» (Италия) және «Орфей» (Ресей) байқауларында жүлделі екінші орынды иеленіп, ел мерейін асқақтатты, — дейді анасы.

Камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли Ермекбаевтың сүйемелдеуімен жанды дауыста өткен концерт көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар кеште Гаухар Саламас қазақ композиторларының әндерімен бірге, танымал әлемдік шығармаларды орындады. Шетелдік озық туындыларды мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова фортепианода сүйемелдеді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button